2 миллионыншы қонақ

1273
0
Бөлісу:

«Астана EXPO – 2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов екі миллионыншы келушіні өзі қарсы алып, естелікке сыйлықтар табыстады. Көрме жүріп жатқан 56-күні келген қонақ – оралдық жеке кәсіпкер Ғайса Жұмалиев.

Ғайса Жұмалиев көрмеге осы­мен екінші рет билет сатып алған. EXPO – 2017 көрмесі аясында өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысы­ның мәдени күндеріне арналған кешкі концертке келген. 6 жыл шетелде өмір сүрген Ғайса үшін халықаралық шараның Қазақстан­да өтуі – үлкен мақтаныш.
– Екі жыл Лондон бизнес мек­тебінде оқыдым. Англияда 4 жыл жұмыс істедім. Елге оралғалы Оралда жеке кәсіпкерлікпен айна­лысамын. Қазір Астана қаласында іссапарда жүрмін. Жаңа ғана Ба­тыс Қазақстан облысының өнер­паз­дарының концертін көруге кешкі билетті 2500 теңгеге сатып ал­ғанмын. Сәтті билеттің иесі бола­мын деп ойламаппын. Чехия павильонын ара­лап үлгердім. Содан соң бас­пасөз орталығының журналис­терімен кездесуге алып келді. Өте қуа­ныштымын! Әлем халықтарын жинаған мұндай шара – көптеген туристің еліміз туралы жақсы ақпарат алуына, елімізге келуіне жағдай жасады, – дейді ол.
«Астана EXPO – 2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Елбасының жобасы ой­дағыдай жүзеге асып жатқанын айтты.
– Көрме басталған сәттен бас­тап, Астанада тұрғын үй алу 33 пайызға, сауда айналымы 20 пайыз­ға, ал сауда ойын-сауық орталығы­на кіріп-шығу көрсеткіші екі есеге өскен. Астанада маусым айының өзінде қызмет көрсету саласындағы салық 2,5 есеге артты. Бұл – дағ­дарыс кезіндегі экономиканың жандануы. Біз қазір жолдың үштен екі бөлігін жүріп өттік. Жоғарыда тізіп шыққан табыстарымызды есепке алсақ, Елбасының көрме өт­кізу туралы көреген шешім қа­был­дағанын түсінеміз, – деді төраға.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*