Еліміздегі еңбек ресурсының әлеуеті қандай?

1871
0
Бөлісу:

Өндірісті автоматтандыру – заман талабы. Ол аз жұмыс күшін талап етеді әрі өндіріс көлемін ұлғайтады. Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы тенденцияның әсерінен туындайтын жұмыссыздық проблемасын шешуді тапсырған еді. «Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бірге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс»  деді Президент.

Бұл тұрғыда жасалып жатқан шаруалар да аз емес. Соның бірі – Елбасының тап­сыр­масымен жыл басынан бері жұмыс іс­теп келе жатқан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағ­дарламасы.

Еңбек нарығының проблемалары
Бағдарламада экономикалық өсімге кері әсер ететін ең алғашқы фактор «еңбек ре­сурстары сапасының төмендігі» деп көр­сетілген. Соңғы жылдары орта және негізгі білімі бар еңбек күшінің 48 пайыздан 27 пайызға төмендегеніне қарамастан, олар­дың еңбек нарығындағы үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Соңғы үш жылда орташа есеппен 9-11-сыныпты бітірген­дер­дің 21 мыңға жуығы ешқандай кәсіби бі­лім­сіз жұмысқа орналасатын көрінеді. Демек, жыл сайын жұмыс берушілер тапсырыс бер­ген 20 мыңға жуық орынның бос қалуы­на да еңбек ресурсының нарық сұранысына сай келмеуі себеп. Қазіргі таңда нарыққа қажетті кадрлардың 73 пайызға жуығы – тех­никалық немесе кәсіптік білімі бар ма­мандар. Бағдарламада көрсетілгендей, еңбек нарығындағы тағы бір проблема – нәтижесіз жұмыспен қамту. Бүгінде өзін – өзі жұмыспен қамтыған 2,2 млн адамның 360 мыңы нәтижесіз жұмыспен қамтылған болып есептеледі. «Яғни, не олардың қыз­меті еш жерде тіркелмеген, не олардың та­бы­сы ең төменгі күнкөріс деңгейінен тө­мен». Бұдан бөлек белгілі бір кәсіби білімі жоқ мамандардың табысты қызметке қол жет­кізе алмайтыны айдан анық. Сондай аза­маттардың 56 пайызы қазір нәтижесіз жұ­мыс істейтіндерге жатады. Еңбек нары­ғының әлеуетін арттыруға кедергі болып отырған жағдайдың бірі – демографиялық тең­сіздік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл тұрғыда оңтүстік тұр­ғындарын солтүстікке көшіру саясатын жүргізіп жатқанын да білеміз. Министр­лік­тің мәлімдеуінше, 2050 жылға қарай халық саны 24,5 млн адамға жетеді. Егер қазіргі ахуал сол күйінде қала берсе, «2050 жылға қа­рай солтүстік өңір тұрғындары 0,9 млн адам­ға қысқарып, оңтүстік өңірдегі адам са­ны 5,3 млн адамға өседі. Бұл ретте оң­түстік өңірде халықтың орналасу тығыз­дығы солтүстіктен 4 есеге артық болады».

Жоспар қандай?
Ең біріншіден, еңбек және әлеу­меттік қорғау министрлігінің бағ­дар­ламасына қа­тысушылар техни­ка­лық және кәсіптік білім алуы қажет. Орта жасты алқымдаған аза­маттар қысқа- мер­зімді кәсіптік оқу­ларға қатыса ала­ды. Бұл тұрғыда ең бірін­шіден еңбек на­рығында сұранысқа ие ма­мандар даярланатын болады. Бағ­дар­лама ая­сында 2021 жылға дейін тех­ни­ка­лық кә­сіптік білім алып шыққан азамат­тар­дың саны 258,3 мың адамға жетпек. Қыс­қамерзімді кәсіптік оқу курста­рына бағ­дарлама соңына дейін 214 мың адам қа­тысатын болады. Бұл – олар­дың кә­сіп­тік деңгейін жоғарылату мақ­сатында ұйым­дастырылып отырған шара.
Екіншіден, «Бастау бизнес» жобасы ар­­қылы республикалық деңгейде кә­сіп­­кер­лік негіздеріне оқыту қолға алын­ған. Осы арқылы алдағы төрт жыл ішін­де жо­баға қатысып, бизнес аш­қан­дардың санын жыл сайын 20 пайызға арттыру көзделіп отыр. Кәсіпкерлік не­гіздерін оқып шық­қан азаматтардың саны 135 мың адамға же­теді.
Экономикасы дамыған көптеген мем­­лекеттерде шағын және орта биз­нес ІЖӨ-нің негізгі бөлігін құрап отыр. Мысалы, біз үлгі тұтып жүрген АҚШ пен Жапонияда шағын және орта биз­нестің ІЖӨ-дегі үлесі 62-63 пайызға же­теді. Көршілес Ресейде бұл көр­сет­кіш – 27%, елімізде – 23,1%. Ша­ғын және орта бизнестің экономи­ка­лық тиім­ділігі өз алдына, ол әлеуметтік тұр­ғы­да да үлкен жауапкершілікке ие. Се­­бебі, оның халықты жұмыспен қам­ту­­да­ғы әлеуеті жоғары. Бұл тұрғыда хал­қы­ның 42 пайызы ауыл тұрғын­дарына жата­тын еліміз үшін ауылдық жерлердегі кә­сіп­керлікті дамытудың маңызы зор.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту
Облыстық және Алматы, Астана қа­­ла­лық жұмыспен қамту және әлеу­мет­тік бағ­дарламаларды үйлестіру бас­­қар­ма­ла­рынан алынған мәліметтер бойынша 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында еңбек дел­далдығымен 155,5 мың адам хабарлас­қан. Осы санның 49,1 пайызы немесе 76,3 мың адам – ауыл тұрғындары. Одан бөлек жұ­мыс­пен қамту органдарында тіркеуде тұр­ған 70,9 мың адамның 52 пайызы – ауыл халқы. Жалпы жұ­мыс­сыз­дардың 56 пайы­­зы – әйелдер, ал 33,4 пайызы – 16-29 ара­лығындағы жастар. Бұл тұрғыда Қо­­ғамдық саясатты зерттеу орта­лы­ғының ди­ректоры Меруерт Махмұтова: «Бұл проб­лема тек әйел­дерге емес, соны­мен бірге, жастарға да қа­тысты. Білім жүйе­сін еңбек нары­ғының та­лап­тарымен бай­ланыстыру қажет. Эко­номикадағы же­ке сектор, бәсе­келестік еркіндік пен ша­ғын және орта бизнес жаңа жұмыс орын­дарын қалыптас­тыру­ға ықпал етеді», – деген пікір ай­тады.
Сарапшының тізіп шыққан мәселе­лерін «Нәтижелі жұмыспен қамту жә­не жап­пай кәсіпкерлікті дамыту» бағ­дарла­ма­сынан көруге болады. Мысалы, ауыл­да­ғы кәсіпкерлікті қолдау бағ­дар­ламасы бойын­ша нәтижеге (суретте көрсетілген) қол жеткі­зе­міз.

Ауылды жердегі кәсіпкерліктің дамуы біраз түйіннің басын шешсе, қайта даярлау курстары да уақытында өз нәтижесін береді деп сенеміз. Себебі, «әрекетке берекет» болады. Мемлекет басышысы айтқандай, болашақта ақпараттық технологиялардың алмасуына байланысты кадрларға деген сұраныс сан рет өзгеруі мүмкін. Еңбек нарығы зерттеулерінің нәтижесіне сүйене отырып, қабылданған бағдарламалар сұранысқа сай мамандардың қалыптасуына ықпал етпек.


Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*