Сақтандыру қорына миллиардтар жол тартты

1166
0
Бөлісу:

Тамыз айында ғана Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар мен аударымдардан
4,5 миллиард теңге құйылмақ. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Жиында Үкімет мүшелері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу барысын қарады. Сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеу мен жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарының қорытындылары шығарылды.

Елбасы жариялаған Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру аясында Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесі биылғы жылдың 1 шіл­десінен бас­тап іске қосылды. Содан бері қор­ға жеке кәсіпкерлердің жарналары мен жұмыс берушілердің аударымдары түсуде.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қо­ғамының басқарма төрайымы Елена Бах­мутованың мәліметінше, алдын ала де­ректер бойынша шілде айында ке­ліп түскен қаражаттардың жалпы көлемі 800 миллион теңгеден асты. Бұл ретте жар­налары мен аударымдары жасалған, яғни, жүйемен қамтылған азаматтардың саны 384 мыңнан астам адамды құраған.
Аударымдар мен жарналар төлеу бойын­ша төрт өңір – Шығыс Қазақстан, Қа­рағанды, Қостанай және Алматы об­лыс­тары көш бастады. Тек осы төрттік қорға түскен барлық қаржының 49%-ын қалып­тастырды.
Негізгі түсімдер тамыз айында бас­та­ла­ды. Сондықтан осы айда біздің қорға ша­­мамен 4,5 миллиард теңге түседі деп кү­тіп отыр­мыз. Тұтастай алғанда, барлығы бол­жамға сәйкес жүруде. Ағымдағы жылы ба­залық аударымдар – 27 миллиард теңге,– де­ді қор басшысы Е.Бахмутова.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов басқа соманы ата­ды. Оның айтуынша, болжам бойынша 2017 жылы 23 миллиард теңге көлемінде мін­детті сақтандыру жарнасы түсуге тиіс. Оның 95% пайызы – жұмыс берушілердің ау­дарымдары болса, қалған 5% пайызы жар­наларға тиесілі болмақ.
Ведомство басшысы жүйе жұмысында болуы ықтимал ақаулардың алдын алу мақ­сатында «МӘМС-ті енгізудің тәуекелдерін бас­қару бойынша іс-шаралардың кешенді ве­домствоаралық жоспары» бекітілгенін ха­барлады. Жоспар 4 бөлімнен тұрады:
бі­ріншісі – «мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық-тү­сін­діру жұмыстарын», екіншісі – «МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қам­тамасыз етуді», үшіншісі – «ақпараттық жүйе­лерді және оларды ықпалдастыруды», ал төртіншісі – «нормативтік-құқықтық ак­тілерді әзірлеуді» қарастырады.
– Әрбір тәуекел бойынша оларды жою­ға қажетті іс-шаралар анықталған. Сондай-ақ қазір МӘМС-тің негізгі нормативтік-құ­қықтық актілері келісуден өтіп жатыр: бұлар – көрсетілетін қызметтердің пакетін кеңейтуді көздейтін «Тегін медициналық ке­пілдендірілген көмек тізімін бекіту ту­ралы» және «МӘМС жүйесіндегі меди­ци­на­лық көмек тізімін бекіту туралы» Үкімет қау­лылары, – деді министр.
Бұдан өзге МӘМС ақпараттық жүйесін құру мақсатында мемлекеттік органдар, Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры және «Азаматтарға арналған Үкімет» мем­лекеттік корпорациясы бірлесе жұмыс жа­сауда. Сақтандыру жарнасы мемлекет­тің өзі төлейтін тұлғаларды есепке алу «Тө­лемдерді өңдеуді ұйымдастыру» атты ав­томаттандырылған жүйесі негізінде
14 са­нат бойынша жүргізілмек. Оған Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау министр­лі­гінің 5 ақпарат жүйесінің мәліметтері, Ішкі істер, Білім және ғылым, Денсаулық сақ­тау министрлік базаларының мәлі­мет­тері кіріктіріледі.
– Нәтижесінде, барлық ақпарат Ден­сау­лық сақтау министрлігінің «Тіркелген ха­лық тіркелімі» (Регистр прикрепленного населения) жүйесіне жүктеледі және аза­маттардың МӘМС жүйесіндегі мәртебесін анықтау үшін барлық медициналық ұйым­дарға қолжетімді болады, – деді Е.Біртанов.
Денсаулық сақтау министрі қандай да бір азамат аталған ақпараттық базалардан тыс қалмауы үшін қазақстандықтарға «ХҚКО арқылы өтініш беріп, өзінің нақты бір санатқа жататынын растауға мүмкіндік жа­сау» туралы Үкіметке ұсыныспен шық­ты.
Ол сондай-ақ Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің түрлі мақсатты топтар арасында МӘМС туралы ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап көрсетті.
Айта кетер жайт, МӘМС аясында биыл аударымдар мен жарналарды тек жұмыс беру­шілер, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім­шарт негізінде жұмыс істейтін азаматтар ғана төлейді.
Тарата айтсақ, «жұмыс беруші» ай сайын өз қарамағындағы қызметкерлер мен жұмысшыларға олардың жалақысының 1% пайызы көлемінде аударым аударады. Бірақ аударым сомасы 3 мың 668,9 теңгеден аспауға тиіс: бұл – 15 төменгі айлық жала­қы­ның 1% пайызы және аударымның ең жо­ғары сомасы. Жеке кәсіпкерлер де қа­рауын­дағы жұмыскерлер үшін «жұмыс беру­ші» ретінде жарна аударады.
«Жеке кәсіпкерлер мен осы санатқа жат­қызылған жекеменшік адвокаттар, но­тариустар, кәсіби медиаторлар» да жар­наны 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ау­дарады. Бұл санаттағылар жарнасы 2 тө­менгі айлық жалақының 5 пайызын не­месе 2017 жыл үшін 2 мың 445,9 теңгені құрамақ.
«Азаматтық-құқықтық келісімшарт не­гізінде еңбек ететін жұмыскерлер» тап­қан табысының 5 пайызы көлемінде жарна аударады. Дегенмен олардың да жарна есеп­телетін табысының ең жоғарғы мөл­шері анықталған: ол 15 төменгі айлық жа­ла­қыдан аспауға тиіс.
Оқырмандарымызға құлаққағыс: жар­налар мен аударымдардың дәл өзіңізге қа­тысты нақты сомасын Әлеуметтік ме­дици­налық сақтандыру қорының fms.kz сайты арқылы есептеп, білуіңізге болады. Тө­леушілерге арналған нұсқаулық пен жар­на есептейтін калькулятор сайттың бас­ты бетінде орналасқан.
Жалпы алғанда, алдағы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап барша қазақ­стан­дықтар медициналық көмекті сақтандыру жүйесі ар­қылы алуға көшіріледі. Сол кез­ден бас­тап, мемлекет те 14 санаттағы 10 мил­лион азамат үшін жарна төлей бас­тай­ды. Мем­лекет есебінен тегін сақтандыры­ла­тындар қатарына балалар, зейнеткерлер, мүгедек­тер, жұмыссыз ретінде ресми тір­келгендер жә­не басқалары жатады.
Қазақстандағы жалдамалы жұмыс­шы­лар мен қызметкерлердің барлығы мед­сақтандыру жүйесіне өз жалақысынан 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жарна ау­дара бас­тайды.
Барлық сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық кө­мекті 2018 жылдан бастап пайдалана ала­ды: сол кезге дейін жекеменшік кли­ни­калармен және мемлекеттік емдеу ме­ке­мелерімен медициналық қызмет көрсету ту­ралы келісімшарттар бекіту аяқталады деп жоспарлануда.
Барлық азаматтар сақтандырылғанына не­месе сақтандырылмағанына қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілден­діріл­ген көлемін (ТМККК) алатын болады. Рас, бұл пакетке тек әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша медкөмек, жедел жәрдем, шұғыл көмек, санитарлық авиациялық тегін медициналық көмек кіреді.
Сонымен бірге, алдағы 2 жылда – 2018-2019 жылдары сақтандырылмағандар үшін жеңілдік мерзімі қарастырылған. Жарна тө­лемеген азаматтар ары қарай амбула­тор­лық көмек пен шұғыл жағдайлар туын­да­ған­да көрсетілетін стационарлық көмекті ға­на тегін пайдаланады.
Медсақтандыру қорына жарна ау­да­ратын азаматтар болса, Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртановтың айтуынша, тіп­ті тар салаға маманданған дәрігерлердің қызметін де тегін пайдалана алады екен. Бұл үшін учаскелік дәрігердің бағыттамасы қа­жет болады.
Министр МӘМС аясында қазақстан­дық­тар өздері тіркелген және ем алғысы ке­ле­тін емханасын жылына екі рет ауыс­тыра алатынын жеткізді.
МӘМС туралы заңнамаға сәйкес, аза­маттар тіркелудің ресми науқаны аясында жылына бір рет емхананы таңдауға және оған тіркелуге құқылы. Бұл күзде жүреді, биылғы жылдың қыркүйегінде осындай жұмыс басталады. Бұдан өзге жыл бойында азамат тұрғылықты жері ауысқан жағдайда, өз еркімен емхананы тағы бір рет ауыстыра алады, – деді Е.Біртанов.
Оның мәлімдеуінше, тар салалық ма­ман­дардың қызметтері, сондай-ақ УДЗ (УЗИ), компьютерлік томографияны қоса ал­ғанда, барлық зертханалық зерттеулер ме­дициналық сақтандыру пакетіне енгізіл­ген.
Қызметтер алудың ең басты шарты – сыр­қат көрсетілімдердің болуы, соның не­гізінде учаскелік дәрігер қандай да бір зерт­теулерді жүргізу туралы шешім қабыл­дайды, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Е.Біртанов сақтандырылатын азаматтар үшін «сақтандыру пакетіне» кіретін меди­циналық қызметтердің тізімі әзірленгенін мәлім етті. Ол амбулаториялық-емханалық кө­мектен, стационарлық көмектен, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден тұрады.
– Жалпы, ТМККК және МӘМС па­кеттері бастапқыда болмаған бірқатар қыз­меттерге ұлғайтылды: солардың ішінде пал­лиативтік көмек, мейірбике күтімі, ме­дициналық оңалту-реабилитация және қым­бат зертханалық зерттеулердің кейбір түр­лері бар, – деді кейін журналистерге сұх­батында министр Елжан Біртанов.
Үкімет отырысында осы мәселе бойын­ша Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғ­жановтың, Ақмола облысының әкімі
М.Мырзалиннің және Атырау облысы әкі­мінің бірінші орынбасары С.Лұқпановтың есеп­тері тыңдалды.
Талқылауды қорытқан Премьер-ми­нистр Бақыт­жан Сағынтаев МӘМС-тің енгізілуін бақылауды күшейтуді тапсырды. Ол сон­дай-ақ Қазақстанда міндетті ме­дици­налық сақтандыруды одан әрі ілге­рілету бойынша бірқатар тапсырмалар бер­ді.
Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақ­тау, Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрліктеріне облыстардың, Астана,
Ал­ма­ты қалаларының әкімдіктерімен бір­­­лесіп, жұмыс берушілер, кәсіпкерлер жә­не өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат­тар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмы­сын жандандыруды жүктеді.
Мұның сыртында, Қаржы министр­лігі­нің Мемлекеттік кірістер комитетімен бір­ге, жұмыс берушілердің және жеке кә­сіп­керлердің аударымдар мен жарналарды тө­леуіне апта сайын мониторинг жүргі­зі­летін болды.
Сондай-ақ Премьер-министр табыс­тары төмен немесе мүлдем жоқ азаматтарға баса назар аударуды тапсырды. Оған бей­ресми сектор жұмысшылары, тіркелмеген жұ­мыссыздар, мәртебесі жоқ тұлғалар жа­тады. Бұл азаматтар МӘМС жүйесінен тыс қалмауы үшін Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі облыс­тар­дың, Астана, Алматы қалаларының әкім­дерімен тізе қоса отырып, бірқатар жұ­мыс­тарды атқаруға міндеттелді. Атап айт­қанда, Т.Дүйсенова басқаратын ведомство осын­дай тұлғаларды олардың жеке мәліметтерін (ЖСН, мекенжайы, телефоны және бас­қа­сын) көрсете отырып, тіркеуге алу тетігін пысықтайтын болады. Сондай-ақ МӘМС-ке жарна аудара алу үшін министрлік пен әкімдіктер ол азаматтарды жұмыспен қам­тамасыз ету шараларын қолға алуға тиіс.
Осы күні Үкімет отырысында жаңа фор­мат­тағы ұлттық бірыңғай тестілеудің және техникалық-кәсіптік білім алушы­лар­ды кешендік тестілеуінің қорытын­ды­лары шығарылды.
Білім және ғылым министрі Ерлан Са­ға­диев биыл жаңа форматтағы ҰБТ-ның екі рәсімге – «мектептердегі бітіру емти­хан­дары түріндегі қорытынды аттес­тат­тауға» және «ЖОО-ға қабылдау емти­ха­нына» бөлінгенін атап өтті. Бұл формат Жа­по­нияның, Израильдің және АҚШ-тың ха­лық­аларық тәжірибесін талдау нәти­же­сінде әзірленген екен.
Министрдің сендіруінше, ҰБТ-ның маз­мұндық бөлімінде «логикалық ойлауды, ба­залық біліктілік-компетенциялар дең­гейін және ары қарай оқуға деген қабі­лет­тілікті, яғни, функционалдық сауа­т­ты­лық­ты анықтауға» бағдарланған тестілер бол­ды.
Сонымен қатар 2017 жылы алғаш рет тес­ті­леудің онлайн-трансляциясы іске қо­сылды. «Бұл барлық ниет білдіргендерге Қа­зақстанның кез келген жерінен тестілеу үдерісін бақылауға мүмкіндік берді, тиі­сінше, бұл заң бұзушылықтар санының тө­мендеуіне ықпал етті», – деді БҒМ бас­шы­сы.
Министрдің ақпарынша, биылғы жылы ҰБТ-ға 88 мың 595 адам немесе әу баста өті­ніш бергендердің 95% пайызы қатысты. Тес­тілеу қорытындысына сәйкес, рес­пуб­лика бойынша орташа балл 80,5-ті құрады. Ең жоғарғы 140 балды бірде-бір талапкер жинай алмады. Оның үстіне, өткен жылы орташа балл 81-ді құраған, бірақ онда ең жоғарғы балл 125 қана еді. Демек, биылғы ҰБТ тапсырушылардың білім деңгейі был­тырғыдан төмендігін байқауға болады. 2017 жылы 50 балдан тұратын межелік деңгейден 74 мың 517 түлек асты, бұл 84% пайызды құ­райды.
Кешендік тестілеу 17-23 шілде аралы­ғында жоғары оқу орындарының 48 пунк­тінде өтті. Оған қатысуға 54 мың 649 өтініш тапсырылыпты. Іс жүзінде тестілеуге тек 50 мың 416 адам қатысты. 50 балдан тұра­тын межелік (табалдырықтық) деңгейден тек 21 мың 78 адам немесе түлектердің жал­пы санының 42% пайызы ғана аса ал­ды.
Биылғы бір жақсы жаңалық: сынақтан құла­ғандарға жағдайын түзеуге жаңа мүм­кіндік берілмек және межелік деңгейден өтпегендер ҰБТ мен кешенді тестілеуді қай­тадан тапсыра алады. Құжаттарды қа­был­дау 1-8 тамыз аралығында, тестілеу – 19-24 тамыз аралығында өтеді. Межелік дең­гейден екінші ретте де өтпей қал­ғандарға ЖОО-ға «шартты түрде» түсуге жә­не бір семестр ақылы негізде оқуға мүм­кіндік беріледі.
ҰБТ мен КТ-ны тапсырғандар арасын­да 10 тамызға дейін білім гранттарын беру бойынша конкурс өткізіледі. Биылғы
жыл­дың тағы ерекшелігі сол, енді жергілікті ат­қарушы органдар да гранттар бөле ала­тын болады.
Тұтастай алғанда, барлық іс-шаралар ты­­ныш, штаттық тәртіпте өтті. Халық ҰБТ-ның жаңа форматын оң қабылдады, –
деп түйді министр Е.Сағадиев.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*