Ең үлкен волонтер – 74 жаста

1421
0
Бөлісу:

EXPO – 2017 көрмесі барысында бір айда 1 мың 500 волонтер жұмыс істейді. Келесі айда жұмысқа басқа волонтерлер шығады. Жақсы жұмыс істеген супервайзерлер мен волонтерлерді штаб келесі маусымға да қалдырады екен. Шілде айының жасы ең үлкен волонтері – 74 жастағы Тели Мухлисқызы, ең жасы – 14 жастағы Нәзира Наурызбаева.

Тели Мухлисқызы – №4 Астана қала­лық емхана жанындағы зейнеткерлерге арналған «Алтын жылдар» клубының төрайымы. Ол EXPO – 2017 көрмесіне қалай волонтер болғанын айтып берді.
– Бір күні бас дәрігеріміз көрме волонтер­лер өтініш беріп жатқанын айтты. Егер қала­сақ, біздің клубтың біраз мүше­сінің де мүм­кін­дігі бар екен. Біз де ірік­­теуден өттік. Ба­сын­да 5 зейнеткер бола­тынбыз. Көрме бас­талады дегенде тек мен қалдым. Біз кел­генімізде EXPO аймағы енді салынып, барлық жерде құрылыс жүріп жатты.
Тели Мухлисқызы әлемдік ауқымды шараның Қазақстанда, елордада өтетінін білгенде ерекше қуанышқа бөленгенін айтады.
– Өзіміз Семей жақтың тумасымыз. Менің анам – Абай Құнанбайұлының шө­бе­ре­­сі. Абайдың ұлы – Ақылбай, оның
ұлы – Әлімқұл, Әлімқұлдың қызы – Қауаш. Қауаш – менің шешем. Астанаға көшіп келгеніме 7 жыл­дай болды. Қазақ ретінде, астаналық ретін­де халықаралық көрменің өтуіне септі­гім­ді тигізіп жатқаныма өте бақыттымын және оны мақтан тұтамын. Біз – алдыңғы ұрпақ­тың адамдарымыз. Соғысты, соғыстан кейінгі қиындыққа толы балалық шақты өткердік, қайта құру жылдарын, Кеңес заманын, Қазақстанның егемендік алып, аяққа тұрғанын көрдік. Сондықтан біздің жасымыздағы адамдар үшін мұндай шара – ең үлкен мереке!
Өзі 35 жыл тауартану маманы болып қызмет істегенімен әрқашан әдебиетке, өнерге жақын болыпты. Өлең шығаратыны да бар. Әңгімелесіп отырғанда EXPO-ға арнап шығарған өлеңін де жатқа оқып берді.
– Мен ArtCenter, яғни, Өнер орталығы ғимаратында волонтермын. Волонтерлық жұмысты тегін істейміз. Бізге форма береді, алыс жақтан келгендерге жатақханадан орын дайын, жарты күн істейміз, 6 сағаттық жұмы­сы­мызда екі мезгіл тамақтанамыз. Көп адам­дар «тегін жұмыс істегеніңіз қалай?» деп таң қалады. Бірақ ақша өмірдегі басты нәрсе емес. Маған штаб келесі айға да қалыңыз деп отыр. Егер аяғым шыдаса, көрме аяқталғанша жұмыс істей беремін.
Зейнет жасында бола тұра жастармен жары­са жұмыс істеп келе жатқан ол Қазақ­стан жастарының алғыр, мейірімді әрі сауат­ты екенін айтады. Көбісі 4 тілде сөй­лей алады және мәдениетті, сыпайы дейді.
– Өмірімде EXPO-ға қатысып, осында жұ­мыс істеуге мүмкіндік алдым. Қазақстан­да­ғы келесі EXPO-ға қатыса алмайтыным анық қой. Сондықтан барлық жерде бел­сен­ді болу­ға тырысамын. Жастармен жүріп бойыма энергия толтырып аламын.Бір күні бір елдің Ұлттық күні тойланатын болды. Шара басталар алдында қанша адам кел­генін сұрадым. Әлі адамдар жинал­мап­ты. «Қазір адамдар келеді» дедім де ғима­рат­тан сыртқа шықтым. Қарасам, топ бо­лып мектеп оқу­шы­лары тұр екен. Жетек­ші ұстаздарына бар­дым да шараға ертіп кел­дім. Маған осында жұмыс істеген ұнайды. Жұмысты жақсы, тиянақты атқар­ғым келеді. Айналам­да­ғылар да солай істесе екен деймін. Жастар­дың сәл қолы босай қалса, телефоннан бас ал­май­ты­нын көр­ге­німде оларға уақытты тек­ке құрт­пау керек екенін, жағдайды жасап тұр­ған­да лайықты жұмыс істеу керек екенін айта­мын. Су­первайзерлерге жас волонтер­лер­ге тәрбие­лік мақсатта айтып отыратыным ұнайды.
Кім жақсы жұмыс істесе, сол волон­тер­дың үлесі арта береді де, ынталандыру үшін кіші­гі­­­рім сыйлықтар беріледі. Павильон­дар­да­ғы шараларда белсенділік танытсаң, белгі­ше­лер ұтып алуға болады. Тели Мухлисқызының волонтерлығын растай­тын бейджигінің бауы түрлі белгішелерге толған. Жұмыс уақыты аяқтала салысымен, басқа павильондарға кіріп, шараларына қатысып шығады екен.
Шілде айының ең жас волонтеры – Нәзира Наурызбаева Атырау қаласынан келіпті. Қаладағы Абай Құнанбаев атын­да­ғы орта мектептің 9-сыныбын бітір­ген. Қа­зір жасы – 14-те. EXPO – 2017 көр­ме­сін­де волонтер болуға, негізінен, тек
18 жастан бас­тап азаматтар өтініш бере алады. Кә­ме­лет­­тік жасқа толмағандардың ата-ана­сының жазбаша түрдегі рұқсаты болуы міндетті.
– Әпкемнің көрмеге волонтер болатынын естідім де, менің де Астанаға барғым келді. Бұл ойымды алдымен әкеме айттым. Астана­да туыстарым бар болған­дық­тан әрі туыс әпкеммен бірге жұмыс істейтінімді білгенде ата-анам рұқсатын берді. Қажет құжаттарды жинап, Астанаға бірге келіп, волонтерлікке өтініш бердік. Алдымен волонтерлық курстан өткізді. Маусым айында жұмыс істеп жатқан достарымызбен бірге жүрдік. Солардың жанында жүріп тәжірибе жинадық. Қазір көрменің батыс кіреберісінде келушілердің билетін тексереміз. Күніне таңғы 9-дан түскі 3-ке дейін жұмыс істейміз. Күнделікті жатақ­ханадан көрме алаңына дейін және қайтарға волонтерлер үшін автобус арнап қойған. Мұнда бізге таңғы ас пен түскі ас береді. Тамақ­тары сондай дәмді.
Нәзира, «өзіңді жақсы волонтермын деп есептейсің бе?» деген сұрағымызға:
– Орташа жұмыс істеймін деп ойлай­мын. Менен де жақсы істейтіндер бар әрі жастары да үлкен, тәжірбиесі де менен молырақ. Бірақ мен де өз деңгейімде тыры­сып жүрмін. Жұмыс барысында билетке байланысты келушілермен мәселелер туын­дап қалуы мүмкін. Ондай жағдайда шу шы­ғар­май, бәрін мәдениетті шешуге тырысамыз. Менің бар істейтін амалым – жымия­мын да қоямын. Өйткені біздің мінде­ті­міз – билет тексеру. Ондай мәселе­лер­ді жаны­мызда қауіпсіздік қызметіне жауап бере­тін адамдар шешеді. Өзіме қазір билет тексеру аумағын­дағы достарым ұнай­ды. Олар көңілді, ылғи бір-біріне көмек­тесіп жүреді.
Нәзира, жұмыстан бос уақытында көрмені достарымен бірге аралайды екен. Ресей мен Жапонияның павильондары ұнапты.
– Ресей елінің су энергиясы туралы, мұзжарғыш зауыттары туралы ақпарат білдік. Жапония мемлекетінің баламалы энергия­ның барлық түрінен жеткен жетіс­тік­терін келушілерге ұсынғаны ұнады.
Математика мен сызу пәнін сүйіп оқитын ол болашақта инженер болғысы келеді.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*