Банктердің бірігуі экономикаға оң ықпалын тигізеді

1308
0
Бөлісу:

Шілде айы қазақстандық банк саласындағы үлкен мәмілемен есте қалатын болды. Енді «Халық банк» Qazkom-ның 97 пайыз акциясына ие. Қос қаржы институтының бірігетіні жайлы сыбыс өткен жылдың аяғында айтыла бастаған. Банктің бірінші басшыдан бастап барлық менеджменті өзгерді. Бұған дейін Қазақстан ипотекалық компаниясында тәуелсіз директор – директорлар кеңесінің мүшесі болған, түбі германиялық, біздің елдің банк саласында 2000 жылдардан бері түрлі басшылық қызмет атқарған Ульф Вокурка  Qazkom-ның бірінші басшысы қызметіне тағайындалды. 

Банктер арасындағы мәміле аяқталы­сымен банкомат жүйесі бірігетіні жария етілді. Дегенмен «Халық банк» өкілдері Qazkom алдағы уақытта жеке банк ретінде жұ­мысын жалғастыра беретінін айтып отыр. Болашақта еліміздегі банк саласының аяқ алысы қалай болмақ? Проблемалық несие мәселесін шешудің жолы қандай? Біз осындай сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
– Банктер қапиталының бірігу про­цесі объективті жағдайдан туындап отыр. За­манның талабы сондай. Себебі, бірін­шіден, біз қазір ашық экономика болдық. Екін­шіден, Дүниежүзілік сауда ұйымының мү­шесіміз.Үшіншіден, сырттан белсенді түрде капитал тартып отырмыз. Осы жағ­дайда біздің банк секторының тұрақты болуы өте маңызды, – дейді қаржыгер Ілияс Исаев. – Бізде, шынын айту керек, соңғы он­жыл­дықта ұсақ банктер көбейіп кетті. Бұл жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Валюталық сауда-саттықпен күн көріп отырған банктердің керегі жоқ, бізге өн­діріске инвестиция салатын банктер керек» деген болатын. Міне, осыған байланысты мемлекет тарапынан банк капиталын ірілендіру, банктің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі өте қолдау тауып отыр. Соның нәтижесі болуы керек, Қазақ­станда жиынтық активтерінің сомасы жө­нінен де, меншікті капиталының сомасы жөнінен де ең алдыңғы қатарлы «Халық банкі» мен «Қазкоммерцбанк» бірігіп жа­тыр. Оның алдында «ТұранӘлембанкі» «Қазкоммерцбанкке» қосылды. Бұл бірігу қажеттіліктен, мұқтаждықтан туындаған. Өйткені кезінде «ТұранӘлембанктің» «Қаз­коммерцбанкке» қомақты қарызы болған. Сол қарызын қайтара алмағандықтан мін­детті түрде «Қазкоммерцбанкке» қо­сылды. Екінші кезеңде, міне, «Қазкоммерцбанктің» бұрынғы акционерлерінің қолындағы акцияларын «Халық банкі» сатып алды.
«Қазкоммерцбанктің» «Халық банкіне» қосылуын екі жақты түсіну керектігін айтады қаржыгер. Бірінші, Үкімет 2008-2009 жылдары банк секторына көмек ретінде осы «Қазкоммерцбанктің» ка­пи­талына енген болатын. Міне, сол себепті банк капиталының бір бөлігі квази­мем­лекеттік «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қо­рына тиесілі болды. Мемлекет тек банк секторынан ғана емес, нақты сектордан да ке­тіп жатыр. Байқап қарасаңыздар, «Са­мұрық-Қазынаның» құрамындағы көптеген ком­паниялар сатылуға шығарып қойылды. Пре­зидент «Экономикада мемлекеттің үлес сал­мағы азаюы керек, жекеменшік кә­сіпорын­дардың салмағын 60 пайызға дейін кө­бейтеміз» деген. Бұл – сол айтылған мә­селені жүзеге асырудың қадамдары. Мем­лекет банк секторынан түгелінен шықты. Енді мемлекет нақты экономика саласынан да шығып жатыр. Бұл – «Халық банк» пен «Қаз­коммерцбанктің» қосылуының бір мәні. Ал екінші мәні біз ашық экономика еке­німізді айттық. Сырттан инвестиция ке­леді. Инвестиция біздің нақты секторға ғана емес, қаржы секторына да келеді. Сол кез­де біздің ұсақ банктер батыстың ірі банк­терімен бәсекеге түсе ала ма? Жоқ. Олар бәрін де сатып алады. Банк секторын тұ­рақ­тандыру – бұл біздің бәсекеге қабілеттілікті күшейтудің жолдары. Осылайша, қаржы секторындағы экономикалық қауіпсіздікті нығайтамыз. Қосылудың екі түрлі мәні бар деген осыдан шығады.

– Банктердің капиталын біріктіру процесі әлі жалғасын табады. Неге? Елбасы «Біз 10 банкпен де амалдай аламыз» деген болатын. Бізде 34 банк бар. Олар қалай күн көріп отыр? Кейбір банктер шетелден несие желісін тартып, соны елімізде кейбір кәсіп­орындарға, жеке тұлғаларға таратып беріп қана күн көріп отыр. Негізі банктердің депозиттік базасы мықты болуы керек. Шетелдерден несиелі желі тартып күн көріп отырған банк­тердің депозиттік базасы бар ма? Олар бәсекеге қалай төтеп береді? Бұл – бір. Екіншіден, осыншама көп банктің бізге керегі бар ма? Себебі, капитал сыртқа жылыстап кетіп жатыр. Біз соған бақылауды күшейтуіміз керек, – дейді экономист. – Қалай дегенде де банк секторын заңға бағындыруға тиіспіз. Екіншіден, банк секторының ішкі экономикадағы бәсекелік қабілетін емес, ашық экономика болғаннан кейін әлемдік экономикадағы бәсекелік қабілеті туралы ойлауға тиіспіз. Болмаса біз экономиканы басқару тізгінінен айырылып қаламыз. Міне, осыған байланысты банктер капиталын біріктіру процесі дұрыс және әлі де жүруі керек деп ойлаймын.
«Халық банк» өкілдері «Қазком» алдағы уақытта жеке жұмысын жүргізе беретінін айтып отыр. Бұл қалай болғаны? «Қосылдық» дейді де, жеке-жеке жұмысын жүргізе береді? Бұл жағдайға Ілияс Исаев:
– Жеке банк ретінде жұмысын жалғастыра беру дегендегі мақсат меншіктің формасына қатысты емес, нарықтағы қызмет жүргізетін бұрынғы дәстүрлі қызметіне байланысты айтылып отыр, – дейді. – Шын мәнісінде, бүкіл меншікті капиталдың барлығы «Халық банкінің» қолында. Сондықтан әрине, кез келген банк солай қимылдайды. Меншіктің түріне байланысты ол нарықтағы қызметін одан әрі жалғастыра береді. Өйткені «Қазкоммерцбанк» бұрыннан, екінші деңгейлі банктер жүйесі қалыптасып келе жатқан кездерде алғаш рет нарыққа шығып, өз ұстанымын жеңіп, өзінің клиентуралық тұрақты сегменті бар банкке айналған. Сондықтан банк тұрақты клиенттен айырылмауы керек. Ол «Халық банкке» меншікті бақылау есебін беріп тұрады. Сол банктің саясатымен жұмыс істейді, бірақ клиентуралық нарығынан еш уақытта айырылмайды. Егер клиентуралық нарықтан айырылатын болса, ол «Халық банкінің» өзін қоса құрдымға алып кетуі мүмкін. Депозиттік нарығы, корпоративтік несие нарығы, корпоративтік клиенттер нарығы, жеке азаматтардан құралған клиентуралық нарығы бар, олардан айырылмайды. Демек, қызмет істей береді деген сөз. Бірақ бүкіл стра­тегияның бәрі – меншікке қатысты басқару, пайданы бөлу, басқа банктермен коррес­понденттік қатынас құру мәселелерін басшылық шешеді. Басшылық – «Халық банк». «Қазкоммерцбанктің» нарықта өз орны бар, тұтынушының сеніміне ие болған. Нарықтағы өз орны бойынша қызметін жалғастыра береді. Тіпті нарықтағы ұсақ банктерді «жұтып» қоюы да мүмкін. Себебі, оның артында «Халық банкі» тұр ғой.
Егер Қазақстандағы ең ірі банктердің өзі капиталын біріктіріп жатса, ұсақ банктер қайда барады? Демек, бұл банктердің капиталын біріктірудің басы деп ойлауға болады. Төменгі сатыдағы сауда-саттықпен, несиелік желімен күн көріп отырған банктер әлі де ойланады. Сол себепті, банктердің қосылу процесі жалғасады деп нық сеніммен айтуға негіз бар. Күнін әзер көріп отырған оншақшы банк бар. Проблемалық несиесінің үлес салмағы 25 пайызға жеткен банктер де кездеседі. Оларға Үкімет қашанғы көмектесе береді. Ол кімге керек? Мемлекет қашанғы бөтен біреудің мәселесін шешу үшін ақша шығаруы керек? Келешекте банктерді ірілендіру мәселесі банктердегі проблемалық несие мәселесін шешудің де оңтайлы жолы болады. Бұл – несиелік үстемақыны төмендетудің де алғышарты. Себебі, капиталы аз банктер үлкен пайыздық үстемақымен несие береді. Мықты банктер клиентуралық нарықты жаулап алу үшін төменгі пайыздық үстемақымен несие береді. Әрине, бұл экономиканың дамуына да, халық үшін де тиімді. Шағын және орта кәсіпкерлік үшін де жақсы. Уақыт өте келе пайыздық үстемақы төмендей түседі. Себебі, банктердің соған қабілеті, ақшасы бар. Банктердің капиталының бірігуі экономикаға оң ықпалын тигізеді. Адамдар жоғары пайызбен несиені алып болды. Енді олар «Несиені қалай қайтарамыз?» деген мәселені ойлануы тиіс. Өйткені банктер халықтан несиеге алған ақшасын қандай жолмен болса да қайтарып алатынын ел түсіне бастады.
– Алдағы уақытта ақшаны қай­таратынына сенімі болмаса ел несиеге жоламайтын болады, – дейді қаржыгер. – Клиент уа­қытылы несиені қайтара алмайтынын білсе, банк те оған бере салмайды. Бұл жерде авантюралық менеджменттің де элементтері бар. Біз алдағы уақытта авантюралық менед­жменттен құтыламыз. Банкті тазарту керек. Банктер де клиенттермен нақты, тиімді жұмыс істеудің жолдарын қарастыра бастайды. Жекеменшік болғаннан кейін «Қазаншының еркі өзінде, қайдан құлақ шығарса» дейді де, олар авантюраға барады. Міне, проблемалық несие осыдан пайда болады? Болмаса, клиенттің несиелік қабілетін анықтайтын монитор қалыптасқан, кредиттік бюро жұмыс істейді. Экономикамыз шағын. Соның бәрін көре тұра, несиенің қайт­пайтынын біле тұра несие береді. Бұл таза жұмыс емес. Банк секторы жүгенсіз кетті. Екіншіден, банктер тек ақша табудың жолына түсіп алды. Үшіншіден, банк секторы экономиканы дамытудың факторынан, экономиканы тежеуіш факторға айналып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз оншақты банкпен амалдап жұмыс істей аламыз» деп бекерге ескерту жасаған жоқ. Үкіметтің есебінен, Ұлттық қордан трил­лиондар құр басқа кетіп жатқаны тежеуіш болғаны емес пе? Оның қайтарымы қайда? Сондықтан банк секторын тазарта түскен дұрыс. Банктердің саны неғұрлым аз, капиталы көп болса, соғұрлым жинақы жұмыс істейді. Капиталы көп банктің депозиттік базасы орнықты болады. Депозиттік базасы орнықты банк ешуақытта тәуекелге бармайды. Пайыздық үстемақысы төмен несие беріп, жұмысын жүргізіп отыра береді.
Қалай дегенде де еліміздің қаржы нарығын, оның ішінде банк саласын үлкен өзгерістер күтіп тұр.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*