«ЖЕТІСУҒА» БАРСАҢЫЗ – ЕРТЕГІДЕЙ ӘЛЕМГЕ ТАП БОЛАСЫЗ

1569
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді. Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды» деп атап көрсеткен еді.

Туған жерге деген перзенттік парызын өтеуге ұмтылатындар көп. Солардың ара­сында Қазақстан гидроэнергетикасының ардагері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иелері, белгілі кәсіпкер Стахан Белқожаев мырзаның жасап жатқан еңбегі ерекше тоқталуға тұрарлық. Ел-жұрт бұл кісінің «Мойнақ» ГЭС-ін салуға белсене кіріскенін ғана емес, Албан ата энциклопедиялық шежіресін шығаруға атсалысқанын да жақсы біледі. Бұл күнде «Мойнақ» ГЭС-і Қазақстанның оңтүстік аймағын электр энергиясымен қамтамасыз етуде. Кеңестік кезеңде қазығы қағылып, одақ тарқаған соң мүлдем қараң қалған осы бір гидро­электр стансасын қайта салуға итермелеген не құдірет, қандай күш? Стахан аға бір сөзінде «Менің бар ғұмырым – Қарқара, Кеген, Шарын, Кеңсу өзендерімен бай­ланысты ғой, гидроқұрылысшы маман­дығын таңдауыма да осы өзендердің әсері болды. Мойнаққа ең бірінші назар аударған қазақтың атақты ғалымы, құйрықты жұл­дыздай жарқ етіп дүниеден ерте өткен Шоқан Уәлиханов болатын. Осы өңірдің өзен-суын, жерін, тауы мен тасын ең алғаш қағазға түсіріп, хаттап жазып кеткен сол Шоқан! ГЭС салу идеясы алғашқы бес­жылдықтар басталғаннан кейін 30-­жылдары қарастырыла бастады. Братск ГЭС-інде бетоншылар бригадасының мастері болып жүргенімде «Шіркін-ай, өз елімнің ГЭС-ін салатын күн туар ма екен, тумас па екен?!» деп армандаушы едім. Екібастұзда, Шардарада жұмыс істеген кездерімде де осы бір арман көкейімнен шықпайтын. Бұл арманымды жүзеге асы­руға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көмектесті. Менің жазған хатым­ды оқып, арнайы қабылдап, Үкі­мет­тен тиісті қаулы шығартып, Қытайдан қар­жы тартуға тікелей қолдау білдірген Елба­сы­мыздың көрегенділігіне ризамын» – деп ағынан жарылғаны бар-тын.


Стахан Белқожаев Қара даладан осы заманғы үлгідегі шипажай салуға кіріскенде талай адам таң қалған. «Апыр-ау, маң да­лада мұндай еңселі ғимарат салғанша, мұны неге Алматыдан немесе Астанадан салмайды?» деп еріксіз бас шайқағандар да табылған. 29 тамызда «Жетісу Resort» шипажайының тұсаукесер рәсімі болды. Осы шараға Алматы мен Астанадан, облыс орталығы Талдықорғаннан ағылып келген меймандар қатары да аз емес еді. Тұсаукесер рәсімінде елімізге белгілі қайраткер азаматтар жүрекжарды лебіз-пікірлерін білдірді.

Кеңес АУХАДИЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Осы маңайда ыс­тық судың кені көп. Ке­зінде Дінмұхамед Қонаев, об­лысты басқарған Асан­бай Асқаров су­дың шипа­лы екенін ескеріп, арнайы скважи­налар қаздыртты. Мен де обкомның бірінші хатшысы қызметін атқарған тұсымда өңірдің гүлденуіне қол ұшымды бердім. Тап осы арада ыстық сумен ем­дейтін шипажай салу көзделген болатын. Еңселі ғимараттың қаңқасы ғана қалқайып тұратын. Стахан Белқожаев сол қараусыз қалған ғимаратты мынадай ғажайып ордаға айналдырды. Ел үшін төккен теріңіздің өтеуі келешек ұрпақтың разылығы мен алғысы арқылы қайтады.

Қуаныш СҰЛТАНОВ, Мәжіліс депутаты:

– Алматыдан шық­­қан соң, Қара да­ла­ның кең жазы­ғымен жүріп келе жа­тып, тап бір ертегідей әлемге тап боласыз. Стахан ағамыздың қажыр-қайратына, туған жерді түлетуге деген ұмтылысына қайран қалмасқа шара жоқ! Кейбір қарттарымыз жасы ұлғайған соң, үйде отырып қалады. Стахан ағамыз жұмыс істеуден жалыққан емес, қашан да сергек, ширақ, іскер. Туған өлкеміздің өркендеуіне барынша араласып келеді. Елбасымыздың «Туған жерді түлетейік» деген сөзіне нақты іспен жауап беру деген осы. Кешелі бері ғимараттың іші-сыртын көрдік, суына түстік, шетелдегі шипажай­лардан еш кем емес. Осындай игілікті шаруаны еңсеріп, ел-жұрттың алғысына бөленіп отырған Стахан ағамызға құдай күш-қуат берсін! Тек Алматы облысының ғана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығының игілігі бұл!

Амангелді ЕРМЕГИЯВ, мемлекет және қоғам қайраткері:


– Біздің маманды­ғымыз – құрылысшы. Жасампаз мамандық. Стахан Белқожаев анау «Мойнақ» ГЭС-ін салды. Мынадай ғажайып ғимарат­ты өз қолымен тұрғызды. Атақты Ескендір Зұлқарнайын дүниеден өткенде бір қолын табыттың сыртына шығарып жерленуді аманат етіпті. Сондағысы – «Мен әлемге әмірімді жүргізіп, патша болсам да ана дүниеге ештеңе де алып кетпеймін» дегенді аңғартқаны екен. Сол тәмсілдегідей, бай­лық деген қайырымен болмаса, ештеңе де бермейді. Халықтың, елдің игілігіне тап­қанын жарату дегенге де екінің бірі тә­уекел ете бермейтіні тағы анық. Осы тұр­ғы­дан алғанда Стахан ағамыздың жасағаны – аса сауапты іс!

Шәмша БЕРКІМБАЕВА, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Бүгін шын мә­нін­де, өте ерекше күн болып тұр. Халқы­мыздың игілігіне тағы бір ғажайып шипажай беріліп жатыр. Біз өмір бойы еңбектенеміз, жұмыс істейміз, тірлік қыламыз. Алайда соның бәріне ең қажетті – денсаулық мәселесін көбінесе естен шығарып аламыз. Халықтың денсаулығы – байлығы. Мынадай шипажай – сол денсаулықты сақтаудың, күтудің тамаша мекені. Стахан ағамыздың жасағаны – шын мәнінде, сауапты тірлік, бұл келешек ұрпақ үшін жасалған шаруа. Рухани жаңғыру деген адамның сана-сезімінен, жан жүниесінен, денінің саулығынан басталады. Осы орайда ұлтымыздың ішкі қуатына көп нәрсе байланысты. Ұрпақ тәрбиесі, ұлттың бәсекеге қабілеттілігі сын сағатта тұр. Ағамыздың сексеннің сеңгіріне шықса да ел-жұрттың қамын күйттеп, болашақ ұрпақты ойлап қызмет жасап жүруінің өзі тіл ұшына алғыс сезімін үйіреді.

Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:

– Ұлт Көш­басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түр­леріне іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп айрықша атап көрсетті. Өзім туып өскен даланы – Қара дала деп атаймын. Сондай ыстық сөз! Осынау сырт көзге сұрқайлау, Көкпектіден сонау Қалжаттан ары қарай созыла түсіп жатқан киелі далада «Жетісу» деп аталатын керемет шипажай салынды. Салған – Стахан Белқожаев ағамыз. «Сарыағашты» елдің бәрі біледі, Павлодардағы «Мойыл­ды» курортын білеміз. Көкшетауда «Оқ­жетпес» бар. Стахан ағамыздың «Жетісуы» солардан бір кем болмайтын тамаша шипажай болмақ. «Ағатай-ау, мұны неге салдыңыз?» дегенімде, «Бәрі де ел үшін, келер ұрпақ үшін, бұл дүниеден дүниені көтеріп кететін кім бар?» деп еді. Расы – осы. Туған жерге әркім осылай өз үлесін қосса, Қазақстанымыз гүлдене түсетіні анық.
Сонымен, тұсаукесер рәсімі жасалды. Жиналғандар алғыс сезімін білдіріп жатты. Медицина саласының ардагері Тұрарбек Төлендиев мырза «Кей өңірде 50 сиыр бағып, 60 бұзау алғандар Еңбек Ері атанып жатады. Стахан Белқожаевтың Алматы облысын гүлдендіруге арнаған еңбегін Үкімет пен партия лайықты бағалап, Еңбек Ері атағын беретін жөні бар» деген сөзі де жиналған жұрттың қолдауына ие болды.
«Жетісу Resort» шипажайы Алматыдан 285 шақырым жерде, Іле Алатауының баурайында, Кетпен жотасы мен Іле ой­паты жазығының арасында орналасқан. Бұл маңда әйгілі Шарын шатқалы мен Ерентоғай бар. Санаторийдің жалпы аумағы – 7756 шаршы метр. Бір мезгілде 200-ден астам адам қабылдай алады. Осы заманғы сәулет үлгісі мен жанға жайлы жатын бөлмелері жан жадыратады. Емдік кешенде су, ине, ингаляция, СПА-проце­дуралар мен физиотерапияға арналған заманауи аппараттар қойылған. Санаторий аумағында меншікті наубайхана, фазенда, жылыжайлар мен мейрамхана, тренажерлік зал, бассейн, футбол алаңы, теннис корты, волейбол мен баскетбол алаңдары бар.
Былтыр Иран Ислам Республикасына жолымыз түскен. Атақты «Иран бағы» дегенді өз көзімізбен көріп қайтқан едік. Шөл даладағы керемет оазис ойға қал­дырған. Қазақ даласында осындай кере­меттерді көрудің күні қашан туады? Сондай кереметті көрдік. Жиналған жұртшылық «Жетісу» шипажайын әйгілі Тәж-Маһалға теңеп жатты. Не десек те жарасады.
Осындай ғажайып ғимаратты тұрғызған Стахан ағамыздың мына бір сөзі ойдан кетпейді. «Туған жер – әр азаматтың кіндік қаны тамып, топырағынан нәр алып өсетін киелі мекен. Не істесем де елімнің игілігі үшін жасадым. «Мойнақ ГЭС-і» – мақ­танышым. Мына шипажай да сол сияқты. Шарын шатқалына шетелден ағы­лып туристер келеді. Шөл даланың да өз кереметі болуы керек. «Жетісу» шипа­жа­йын қазағымның мәртебесін бір көтеру үшін қолға алып едім, ел-жұрт жақсы ба­ғасын беріп жатыр. Туған жерімнің бір пұшпағы көркейсе, оған менің де там­шыдай болса да үлесім қосылса – бақыт­тымын!».

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*