«Айқынның» экспедициясы – Текеліде

1504
0
Бөлісу:

Кішкентай Швейцария…
Жұртшылық Текеліні осылай атайды. 1856 жылы әйгілі саяхатшы П.Семенов-Тянь-Шанский қаланы биік шатқалдың үстінен тамашалап: «Бұл жер маған Швейцарияның ең әдемі де әсем шатқалдарын есіме салды», – деген көрінеді. Айтса айтқандай, Қазтуғанның «Азаулының Ыстамбұлдан несі кем» дегеніндей Текелі Швейцариядан бір мысқал да төмен емес екеніне көз жетті. Текелі басқа қалаларға мүлдем ұқсамайды. Жоңғар Алатауының етегінде қалып қойған шағын бір мемлекет секілді. Көрікті де таза қала, тұмса табиғат, сыланған ағаштар, ағынды сулар… Бағытын Текеліге қарай бұрған «Айқынның» кезекті экспедициясында осыған көз жеткіздік.

Айқындықтардың «ел мақтаған Текеліні бір көрсек» деген арманы бұрыннан бар-тұғын. Осы ұсынысы­мызды Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаевқа айтқанымызда, қуана қабылдады. Сөйтіп, табанымыз Текеліге де тиді. Қала әкімі бізді кабинетінде қарсы алып, шағын шаһар туралы бар деректен құлағдар етті.
– Талдықорғанға келген қонақтардың көбі Текеліге ат басын бұрмай кетпейді. Текелі – керемет қала. 32 600 халқы бар. Оның 52 пайызы – қазақтар. Қалада кәсіпкерлік дамып келеді. Тау жақтан үлкен комбинат салып жатырмыз. «Текеліде шойын қорытып шығаратын зауыт ашылып жатыр» дегенді естіген Елбасы арнайы келіп көрді. Бұйырса, қыркүйекте іске қосылады. Егер комбинат ашылса, 800 адам жұмыспен қамтылады. Одан бөлек Текелінің тамаша табиғаты бар, – дей келе әкім сол тамаша табиғатты, қаланың көрікті жерлерін өзі аралатқанды жөн санады. Іске де, сөзге де шебер Бақтияр Әлтайұлы «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп, Текелінің ірі өндірісінен бастап тау-тасына шейін түгел таныстырды.
Текелі – Алматы облысы әкім­дігіне тікелей қарайтын қала. Шаһардың көлемі – 6133 гектар, яғни, 0,1 мың шаршы шақырым. Талдықорғаннан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдай жерде. Алматыдан шығысқа қарай 285 шақырым жерде орналасқан. Қала мәртебесін 1952 жылдың 29 қаңтарында алған. Әкім айтқандай, мұнда 30 мыңнан астам халық бар. Қазақтанда орыс, неміс, кәріс ұлтының өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті тұрып жатыр.
Бақтияр Әлтайұлы бізді өзі бастап әкімдік алдында орналасқан Орталық саябақты басып өтіп, қаланың көрікті нысандарының бірі – Данқ монументіне апарды. Монументтің іргетасы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында, яғни, 1985 жылы қаланыпты. Ескерткіштің мәрмәр тасына Текеліден соғысқа аттанған жауынгерлердің аттары ойылып жазыл­ған. Қаратал өзені жағасында орналасқан монумент қаланың ажарын ашып тұр. Одан әрі Қараталды бойлап отырып, ағысты жағалай жүрдік. Негізінде Қараталдың жалпы ұзындығы 390 шақы­рымға дейін созылады.
Текеліден басталған Қаратал Талдықорғанды басып өтіп, Балқашқа барып құяды. Қаратал – Жетісудың атақты жеті өзенінің бірі. Көлемі жөні­нен Іледен кейінгі екінші өзен.
Текеліліктер Қараталдың жағасын жастар демалатын келісті саябаққа айналдырыпты. Айнадай жарқыраған тасжолдар төселген.
Өзенді бойлай жоғары өрлеп келе жатып қала әкімі назарымызды арқыра­ған екі өзеннің бір арнаға тұтасқан тұсына қарай бұрды. «Анау жоғарыдан ағып келіп қосылған екі өзен – Қора мен Шажа. Екеуі қосылып, Қаратал болып жалғасады. Жетісудың маржаны Қаратал осы жерден басталады» деп түсіндірді бізге әкім. Одан жоғарыда Текелі өзені Шажаға келіп құяды екен. Демек, Қаратал осы үш өзен – Текелі, Шажа және Қораның төл баласы іспетті.
Қала әкімінен Текелі атауының қай­дан шыққанын сұрап келеміз. Айтуынша, осы аймақта бұрынырақта текелер көп жайлаған екен. Тіпті бүгінде қаланың гербінде де текенің суреті бейнеленген. Шағын шаһар басшысы «әкімдіктің алдындағы ескі субұрқақты жаңалап, сол жерге шауып бара жатқан текелердің мүсінін орнатамыз» деген ойын айтты. Шынында, неге солай жасамасқа? Теке­лі­нің бренді осы теке емес пе?


Бақ біткен жерден тоқтап, жиналып естелік суретке түстік те, шаһар бас­шы­сы­мен қоштастық. Бұдан әрі бізді жолбасшыларымыз – Текелі қаласы әкімінің орынбасары Рауан Рақымбеков пен «Нұр Отан» партиясы Текелі қалалық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Ибраимова бастап жүрді.
Рауан Рақымбеков қала тарихын жақсы біледі екен. Әкім орынбасарының айтуынша, 30-жылдары геологиялық-барлау экспедициясы бұл аймақтан қорғасынның мол қорын тауыпты. Сөйтіп, 1942 жылы осы жерден қорға­сын-мырыш комбинаты бой көтерген. Бүгінде текеліліктер өздерінің Жеңіске үлес қосқандарын мақтанышпен айтады. Себебі, соғыс жылдарында жауға қарай атылған әрбір сегізінші оқ Текелінің қорғасынынан жасалған деседі.
Текелінің қала ретінде қалыптасу тарихы да осы 40-жылдардан басталады. Комбинаттың жұмысы қызу жүріп, қалаға Одақтың түкпір-түкпірінен еңбекшілер ағылған. Жұмысшылар ғана емес, бір кездегі жапон тұтқындары да осында жеткізіліпті. 1944 жылдан бастап Қазақстанға жер аударылған кәріс, неміс және шешендер де осында қоныста­ныпты. Осылайша, тағдыр айдап келген жаңа тұрғындардың есебінен шахтерлер қалашығының іргетасы қаланған.
Заманында Текелінің қорғасын-мырыш комбинаты Кеңес Одағындағы ең ірі өндіріс орындарының бірі болды. Соның арқасында қала абаттанып, түрлі жаңа ғимараттар бой көтерген. Тұрғын­дар тапшылық дегенді білмеді, өйткені бүкіл тауар тікелей Мәскеуден жеткізілді. Тұрғын үйлер көптеп салынып, қаланың жаңа тынысы ашылды.
Кеңес Одағы тарқаған тоқсаныншы жылдары Текелінің де туы жығылды. Қалада жұмыссыздық белең алып, халқы көш ауа бастады. Бүгінде Текелі қайтадан қанатын кеңге жайған, құлпырып-жайнаған өндірістік қалаға айналған. Олай дейтініміз – қалада мәрмәр ұнтағы, ашытқы, табиғи тастар, мәрмәр өндіру мен қайта өңдеу секілді бірнеше ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соның арқасында, өнеркәсіп саласында 113 жаңа жұмыс орны құрылып, оның ішінде жаңа нысандардың іске қосылуы­нан
31 және өнеркәсіптің кеңеюі­нен 82 жұмыс орны ашылған. Осының ішіндегі негізгісі – республика бойынша жалғыз сыра ашытқысын өндіруші «Суффле Қазақстан ашытқы зауыты» АҚ. Бұдан бөлек темір-кен концентратын өндіретін «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС, «Казцинк-ТЭК» ЖШС энергетикалық кешені, құрылыс кірпі­шін өндіруші «ТКСМ» ЖШС, табиғи шунгит өндіруші «Көксу» тау-кен компаниясы» ЖШС, гранит өнімдерін өндіруші «Текелі-Гранит» ЖШС мен «Шарықтас» ЖШС, мәрмәр шығару мен өнімдер жасаушы «Алатау Мрамор» ЖШС, «Мрамор Тас» ЖШС секілді өнеркәсіп орындары қаланың эконо­мика­­сына дем беруде. Сол секілді сыра өндіретін «АЗ» ЖШС, трикотаж өнім­дерін тігетін «Қазақстан Тексти Лайн» ЖШС-ның филиалы, құрғақ құры­лыс қоспаларын шығаратын «Тюрк Цемент» ЖШС, металлопластикалық бұйымдар шығаратын «Дисконт-Альфа» ЖШС секілді мекемелер кәсібін дөңгелентіп отыр.


2007-2015 жылдары Текелінің өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 1,7 есеге өсіп, 12457,1 млн теңгені құрады (2007 жылы – 7441,6 млн теңге). Жалпы облыс үлесінде қаланың тауар өндірісі 1,9%-ды құрап отыр. Өндіріс қана емес, ауыл шаруашылығы да едәуір дамып келеді. 2016 жылы қаладағы ауыл­ шаруа­шылығының жалпы өнімі 3104,7 млн теңгені құрады, яғни, 2007 жылдың деңгейінен 6,4 есе өскен. Сол секілді шағын-және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, құрылыс жұмыстарын жүргізу, инфрақұрылымды жақсарту. Өңірлерді дамыту бағдарламасы, «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінен де алға жылжу бар. Жоңғар Алатауының етегін жайлаған жерұйық мекен табиғатымен де сұлу. Мұндағы ғажап көріністі туристер көрсе, айналшықтап шықпай қояры анық. Тау суы керек пе, сарқырама керек пе, бәрі бар. Текеліліктердің қалаларын кішкен­тай Швейцарияға теңейтіні бекер емес екен. Туристер дегеннен шығады, Теке­лінің туристерге көрсететін ең негізгі тарихи ескерткіші – ғасырлардың куә­гері, кезіндегі жоңғар-қалмақтардан қал­ған Бұрқан тасы. Жолбас­шыла­рымыз­дың нұсқауымен біз де көлігімізге мініп, Бұрқан тасты көруге асықтық.
Қала көшелерімен зулап келеміз. Сүйсінгеніміз – Текелінің көшелері мұнтаздай тап-таза. Шаһардың безен­ді­рі­­луі де майдай жағады. Жағалай егілген гүлдер, тал-дарақтар, гүлзарлар қаланың көркін асырып тұрғандай.
Гүлнар Ибраимова да бізге қала туралы тамаша деректермен бөлісті. Әлемдегі ең ұзын көшелердің алтын­шы­сы осы Текеліде екен. Дінмұхамед Қонаев атамыздың атын иеленген көшенің ұзындығы 38 шақырымға жетеді екен. Бұл жол Талдықорғаннан басталып, Текелі шахтасынан аяқталады.


Әп-сәтте Бұрқан тасқа да келдік. Көне ескерткіш Қора шатқалына кіреберісте тұр. Пирамида пішіндес, кісі бойынан сәл ғана биік көктаста басы айдаһар, денесі арыстанға ұқсайтын мифиологиялық кейіпкер бейнеленген. Ол екі қолымен жеті баспалдағы бар ғибадат үйін төбесіне көтеріп тұр. Ғибадат үйінің ішінде малдас құрып отырған пірәдардың бейнесі бар. Гүлнар Ибраимова бізге суреттегі бейненің «будда» екенін айтты. Тастың жанына қойылған анықтама тақтайшасында көне ескерткіштің «тас дәуірінен қалғаны» жазылыпты. Осы тұста сәл қателік бар секілді. Себебі, бұл – бертіндегі, дәлірек айтқанда, қалмақ­тар­дан қалған ескерткіш. Нақты айтқанда, қалмақтардың тәу етер киелі орны болғанға ұқсайды.
Бұрқан тас ескерткішін көптеген ға­лым зерттепті. Солардың алғашқысы – Н.Пантусов. Ол 1897 жылы Орыс Императорлық археологиялық комиссиясының тапсырмасымен қазақ жеріндегі ескерткіштерді зерттеді. Сол сапарында осы Текелідегі тасты да суретке түсіріп, өз зерттеуін жазған. Өзіміздің ғалымымыз Зейнолла Самашев бұл тастағы суреттің буддамен тікелей байланысы барын, мұнда тылсымды тазару рәсімдері өткенін, ламалардың таным-түсінігі бойынша тастың энергетикалық күші шексіз екенін айтқан.

Құрылысы жүріп жатқан ШОЙЫН қорытатын зауыт болашақта 800 адамды жұмыспен қамтамасыз етуі тиіс.


Тарихи деректерде, бұл тасты XVIII ғасырда Өлзийт хан салдырғаны айтылады. Өлзийт – Шыңғыс ханның Төледен тараған бесінші ұрпағы. Зерт­теулерге қарағанда, бұл Бұрқан тас – тибеттік бұрқандардың (аюуш, шүгдэн т.б) ескерткіші. Қазіргі уақытта шүгдэн бұрқанын ұстанатындар Тибетте әлі күнге дейін бар, алайда Қытай билігі тарапынан оларға соңғы кездері қатты қысым жасалып жатыр. Әлемде, буддизм іліміне қызығушылық жоғары. Бұрқан дінін ұстанатындар бұл ескерткішті «ұлу мінген Шүгдэн бұрқан тас» деп атайды. Бұл тастың қазақ жерінде әлі күнге дейін сақталғанын көбі біле бермейді. Сондықтан бұл ескерткішті ішкі туризмді дамытуға пайдалануға болады.
Бұрқан тасты көріп, Текелінің бассейніне шомылып, Алматыға қарай қайтуға оқталдық. Текеліліктер бізді қалаға кіреберістегі стеллаға дейін шыға­рып салды. Негізінде бұл стелла 1960 жылдары тұрғызылған екен. Ол жер­дегі басты дүние – кеншінің мүсіні. Алғашқы кезде бұл кенші «орыс» болыпты. Қазір «қазаққа» айналған. Рас, Текелі қазақыланғасын, стелланы жаңалаған кезде, ондағы кеншінің түрін де қазаққа ұқсатып қайта тұрғызыпты. Текелінің қазақтың төл қалаларының біріне айнал­ғанына шын қуандық!

Серікбол ХАСАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*