Мобильді банкинг қарқынды өсіп келеді

2174
0
Бөлісу:

Қазіргі әлемде цифрлық технологиялар ел экономикасын дамытуда өте маңызды рөл атқарады. Бүгін ғаламшар халқының 40%-дан астамы интернетке қол жеткізді және 10 үй шаруашылығының әрбір жетеуінде ұялы телефон бар. Цифрлық технологиялар халық пен кәсіпкерлікке мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыру, ақпаратпен алмасуды тездету, бизнес жүргізуге жаңа мүмкіндіктердің пайда болуы, жаңа цифрлық өнімдер құру сияқты бірнеше артықшылықтар берді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев
2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да келешегі бар салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», – деп Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырған болатын.

Цифрлық жүйені үдемелі да­мыту арқылы Қа­зақстан эконо­микасының бәсекеге қабілет­тілігін және халық­тың өмір сүру сапасын арт­тыруды көздейтін «Цифр­лық Қазақстан» мем­ле­кеттік бағ­дарламасы негізгі төрт бағыт бойынша жүзеге асады. Олар: сенімді, қолжетімді, жыл­дамдығы жоғары және қорғалатын цифрлық инфрақұры­лымдардың дамуына жол ашатын «Цифрлық Жібек жолын» құру; халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстар жүр­гізуді, кәсіби мамандар даярлауды басшылыққа алатын «Креативті қоғам» құру; экономиканың әр­түр­лі салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған цифрлық технологияларды жап­пай енгізу; «белсенді цифрлық үкіметті» қалыптастыру.
Аталған бағдарлама аясында ең алдымен, ел үшін маңызды мем­лекеттік басқарудың тиім­ділігі мен айқындылығын арт­тыру, халықты жұмыспен қамта­масыз ету, білім беру мен ден­саулық сақтау саласын дамыту, инвестициялық климатты жақ­сарту, еңбек өнімділігі мен ЖІӨ құрылымындағы шағын және орта бизнес үлесін арттыру сияқ­ты мәселелерді шешу жоспар­ланған. Белгіленген нысаналы индикаторларға сәйкес, «Цифр­лық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай іске асатын болса, 2020 жылға қарай Қазақстанның ЖІӨ-дегі ақпарат­тық коммуникациялық техноло­гиялар секторының үлесі 4,85%-ға жетіп, бұл саладағы еңбек өнімділігі 31%-ға өседі. Халықтың цифрлық сауаттылығы 80% құрап, интернет пайдаланушы­лардың үлесі 78%-ға дейін ұлғая­ды. Сондай-ақ қағаз және элек­трондық нысандарда алын­ған қызметтер­дің жалпы санына қатысты көр­сетілетін электрон­дық мемле­кеттік қызметтердің үлесі 80%-ға артуы керек.
Сонымен, халыққа қызмет көрсететін барлық салаларды цифр­лық технологиялар қолда­нысы арқылы оңтайландыру жо­басына кіретін маңызды дүние – мобильді банкинг. Барлық мем­лекеттік төлемдер мен жеке қаржы айналымын банк секто­рының қызметі арқылы жүзеге асыратын халық үшін сандық технология ұсынатын жаңашыл­дық пен жеңілдік те осы саладан басталуы керек. Қазір еліміздегі екінші деңгейлі банктің барлы­ғында онлайн және мобильді бан­кинг жүйелері жұмыс істейді.
Мобильді банкинг – өз шо­тыңыз­дағы қаржы қозғалысын арнайы банк бөлімшелеріне бар­май-ақ, қолыңыздағы смартфон­дағы қосымша не оған жолда­натын SMS хабарлама арқылы бақылауға мүмкіндік беретін жүйе.
Қазақстандағы банктер ха­лықаралық және жергілікті дең­гейдегі пластикалық төлем карта­ларының иелеріне ұсынатын «мобильді банкинг» қызметін физикалық тұлғалардың 20 пайызы пайдаланады.
Ұлттық экономика министр­лігінің Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2016 жылы 16-74 жас аралығындағы ғаламтор қолданушыларының үлесі 80,2 пайызды құраған. Ұлттық банкі ғаламтор арқылы жүзеге асатын барлық операциялардың 37,9 пайызы есепшоттар арасындағы ақша аударымдары, 37,7 пайызын байланыс операторларына төлем­дер жасау деген дерек кел­тіреді. Өткен жылы құны 934 млрд теңге болатын 58,3 млн интер­нет банкинг арқылы төлем­дер жасау операциялары орын­далған, ал бұл 2015 жылмен салыс­тырғанда 2,3 есе немесе 69,4 пайызға артық.


Жеке активтеріңіздің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін, сіз­дердің назарларыңызға Ұлттық банк ұсынған бірнеше кеңесті ұсынамыз:
1) Қауіпті сілтемелерді ашпау;
2) Түсініксіз бағдарламаларды орнату туралы ұсыныстардан бас тарту;
3) Операциялық жүйе мен антивирустық бағдарламаларды жиі жаңартып отыру;
4) Банк ұсынатын жаңа қыз­меттер туралы үнемі хабардар болып отыру;
5) Төлем карталарының рек­визиттерін, құпия ақпараттарды ешкімге айтпау.


Елімізде онлайн-сауда мен қаржысыз төлемдер көлемі жыл­дан-жылға артып келеді. Мә­селен, 2017 жылдың 1 қаңтарын­дағы есеп бойынша, Қазақстанда 14,2 млн азаматтың иелігінде 15,7 млн банк карталары тіркелген. Сауда-саттық пен күнделікті тұр­мыстағы кез келген қажеттілік үшін ақыны төлем карталары арқылы жүзеге асыру үшін бір ғана 2016 жылы 10,4 трлн теңгені құраған 331,4 млн транзакция орындалған. Қазір елімізде 107 498 POS-терминал бар, олардың 99 433-і қызмет көрсету орындары мен сауда үйлерінде орналасқан. Қаржысыз төлемдер нарығының өсімі туралы Capital Bank Kazakhstan Басқарма төрағасы Ғани Узбеков мынадай дәйек ұсынады:
– Қазақстан белсенді сим кар­таның саны бойынша 8 дамыған елдің қатарына кіріп отыр. ТМД аумағында біз бірінші орында тұрмыз. Кең жолақты ғаламтор­дың енгізілуі бойынша еліміз 3-орынды иеленіп алды. Елдегі қар­жысыз төлемдердің ауқымы 10-нан 15 пайызға жеткен. Өткен жылмен салыстырғанда қаржы­сыз төлемдер 60 пайызға артты. Бұл – тек қана Қазақстандағы көр­сеткіштер.
Соңғы уақытта бірқатар ел­дер­де мобильді банкинг қол­данушыларына қауіп төндіретін бағдарлама пайда болды. Ол бағдарламаның көмегімен, мо­бильді банк қосымшаларын ашып, тұтынушының жеке ақ­параттарын алуға болады. Әсіресе, мұндай олқылықтар Android операциялық жүйесі бар смартфондарда жиі орын алған. Осыған орай ел азаматтарын хакерлік шабуылдардан қорғау, сақтандыру мақсатында Ұлттық банк мұндай вирус әдетте, таныс емес нөмірлер мен белгісіз пошта жәшіктерінен жіберілген сурет пен бейнежазбаға сілтеме арқылы таралатынын хабарлады. Сондай-ақ қаржы саласының мамандары күдікті абонеттерден келген ха­бар­ламаларды ашпауды, түсініксіз сілтемелерден аулақ болуды ес­кертеді.
ТМД-ның Misys жаһандық вендорының өңірлік директоры Тео Симонстың пікірінше, жақын болашақта классикалық банктер­дің орнын толықтай цифрлық банктер алмастырады. Қазір банк тұтынушылары туралы деректер базасы әртүрлі, ал сандық техно­логияға толық көшу, азаматтар жөніндегі барлық ақпараттың бір орында сақталуына мүмкіндік береді. Бұл артық қызметкерлер мен қосымша операциялар үшін жұмсалатын шығынды қысқар­тып, тұтынушыларға тартымды жаңа қызмет түрлерін шығаруға көмектеседі. «Кеңсесі жоқ» қа­шық­тықтан қызмет көрсететін банктер желісін дамыту әлемдік тенденцияға айналып келе жатыр. Сондықтан ақпараттық техноло­гиялар дамуынан кеш қалмай, оның күн сайын өзгеретін қада­мы­­на ілесе алсақ, қаржылық сауаты толық азамат ретінде өз активтерімізді өзіміз басқарып, банк бөлімшелеріндегі ұзын со­нар кезекте тұрып, уақыт жоғалт­пай, барлық мәселемізді мобильді қо­сымшадағы бірнеше батырма ар­қылы шешетін күн де алыс емес.

Динара ТІЛЕУБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*