Олар үшін кім жарна төлейді?

1164
0
Бөлісу:

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми дереккөзіне сүйенсек, жұмыс берушілер қарамағында жұмыс істеп жатқан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары үшін сақтандыру жарнасын төлеуі тиіс.
Бұл санаттағы азаматтар үшін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыскер табы­сының 1%, 2018 жылы – 1,5%, 2020 жылы – 2%, 2022 жылы – 3 пайызы қорға аударылуы қажет. Сондай-ақ Одақ елдерінен келген еңбек мигранттарының отбасы мүшелері сақтандыру жарнасын өз бетінше төлей алады. Сонда олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін толық пайдалану құқығына ие болмақ.


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Сондықтан ЕЭАО туралы келісімге мүше мемлекеттерден келіп жұмыс істеп жатқан, соның ішінде азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін шетел азаматтары да қазақстандықтармен бірдей жарна төлеуге міндетті. Яғни, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтін шетел азаматтары 2017 жылы 1 шілдеден бастап табысының 5 пайызы көлемінде жарна аударуы тиіс. Олардың отбасы мүшелері 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 5 пайызы мөлшерінде жарна төлейді.
Асыл ТҰМАР


Мигранттарға медициналық көмек тегін көрсетіле ме?

Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттерден келген, Қазақстанда уақытша жұмыс істеп жатқан еңбек мигранттарына жедел және шұғыл медициналық көмек тегін көрсетіледі. Бұл ЕАЭО шеңберінде бекітілген жұмыс күшінің еркін жүріп-тұруы туралы норма негізінде жүзеге асырылады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі хабарлады. ӘМС қорының мәліметінше, шетелдік пациент өміріне төнген қауіп сейілгеннен кейін немесе айналаға қауіпті сырқаттың беті қайтқан соң әрі қарай ауруханада жатып емделетін болса, қосымша көрсетілген қызмет құнын өз қалтасынан төлейді.
Негізінен Еуразиялық одақ елдерінің азаматтары Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аз ғана бөлігін пайдалана алады. Нақтырақ айтсақ, жақын шетелдерден келетін азаматтар айналасына қауіп төндіретін: дифтерия, қызылша, қызамық, көкжөтел, скарлатина, желшешек, эпидемиялық паро­тит, А, В, С сүзегі (паратиф), полиомиелит, тұмаудың қа­лыптан ауытқыған түрлері, менингококк инфек­циясы, тырысқақ, іш сүзек, туберкулез, күйдіргінің өкпені қабындыратын түрі, оба, вирусты геморрагиялық безгек, А, Е вирусты гепатит, малярия сынды ауру­лардан тегін емделеді. Басқа жағдайларда медициналық көмек оларға ақылы негізде көрсетіледі.

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз