Мемлекеттік тілді қолдануға назар аударды

1373
0
Бөлісу:

Жоғарғы сот төрағасы Ақмола облысындағы Бурабай аудандық сотына жұмыс сапарымен барып қайтты. Қайрат Мәми мұнда судьялар ұжымымен және сот қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жүздесу барысында Қайрат Әбдіразақұлы Ұлт жоспары аясында соттардың реформаны табысты өткізгенін атап көрсетті. Қазір Елбасының республика соттарының VII съезінде қойған міндеттерді орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде екен.

Жоғарғы сот төрағасы жер­гілікті соттың қызметіне және оның материалдық-техникалық жарақтану деңгейіне оң баға берді. Ол «өңірдің туристік жо­ғарғы тартымдылығын ескере отырып, Бурабай аудандық со­ты­ның әділ сот төрелігі бойын­ша жұмысы үлгілі болу­ға тиістігін» нықтады. Бұл судья­лық корпусқа және сот қызметкерлеріне жоғары жауапкершілік жүктейді.
– Дәл сіздердің жұмыста­рыңызға қарап, шетелдік турис­тер еліміздегі әділ сот төрелігінің даму деңгейі туралы байлам жасайтын болады. Осыған байланысты сіздер сот жұмысын ұйымдастырудың барлық мәселелеріне көңіл бөлуге тиіссіздер. Бұл қатарға құжаттарды қабылдау да, про­цессуалдық мәселелерді нақты түсіндіру де, сот процестерін сауатты жүргізу де, шығарылған шешімдерді жедел беру де жа­тады. Бұл жерде ұсақ-түйек деген жоқ, – деп қадап айтты Жоғарғы сот басшысы.
Қ.Мәми судьялар алдына әділ сот төрелігінің сапасын ары қарай арттыру, медиацияны дамыту бойынша жұмысты күшейту, сондай-ақ аудио, бейнетіркеу және ақпараттық сервистермен жұмысты жан­дандыру бойынша міндеттер қойды. Жоғарғы сот төрағасы «сот өндірісінде мемлекеттік тілді қолдануға және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара ынтымақтасуға айрықша көңіл бөлуді» сұрады.
Қайрат Мәми сот жұ­мы­сымен таныса келе, сот оты­рыстары залдарын аралады. Ол сотта аудио және бейнетіркеу (АБТ) жүйелерін және «Сот кабинетін», ақпараттық сер­­вистерді пайдалану мәсе­ле­леріне ерекше назар ау­дарды. Бүгінде Бурабай ау­дандық соттың барлық сот отырыстары залдары авто­маттандырылған АБТ жүйелерімен жабдық­талған екен. Оны қолдану көр­сеткіші 99,9%-ды құрайтыны хабарланды. Сотта медиация кабинеті жұмыс жасайды. Азаматтарға қолайлы болу үшін сот залында «Сот каби­не­ті» ақпараттық сервисіне шы­ға алатын компьютер орна­­тылыпты.

Бөлісу:

Пікір жазу


*