Әлемдік тренд: Қазақстандағы исламдық қаржыландыру

2415
0
Бөлісу:

Еліміздегі исламдық қаржыландыру жүйесі 2009 жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ оның қарыштап дамуына «Астана» халықаралық қаржы орталығы тікелей ықпал етпек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен дайындалған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» мемлекеттік бағдарламасында 71-қадам «Қаржы орталығының даму стратегиясын капитал нарығына қызмет көрсету және исламдық қаржыландыру мамандығына сәйкес әзірлеу» деп көрсетілген. Бұл тұрғыда қаржы орталығы әлемнің белді қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіп, тәжірибе алмасудың жолдарын қарастыруда.

Неліктен исламдық қаржыландыруды дамыту керек?
«Астана» халықаралық қаржы орта­лығының басшысы Қайрат Келімбетов наурызда өткен IFN CIS Forum – 2017 форумында экономиканы шариғатқа негізделген құндылықтар арқылы дамы­тудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, исламдық қаржылан­дыру «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғының басты артықшылығына айналуы қажет.
Еліміз үшін бұл – инвестиция тар­тудың қосымша құралы. Исламдық қар­жыландыру нарығының жалпы көлемі
2 трлн долларға жуықтайды. Сондықтан қазір көптеген ел осы салаға қызы­ғушылық танытып отыр. Бұған дейін тек ислам елдері ғана осы нарықтың қаты­сушылары болып келсе, бүгінде Ұлы­британия, Люксембург, Жапония мен Гонконг секілді алпауыттар исламдық қаржыландыруды дамытуға мүдделі. Осылардың қатарында еліміз де ислам­дық қаржыландырудың түрлі жолдарын қарастыруда. Дегенмен үлкен пікірталас туып жатыр. Бір мемлекеттер қаржы құралдарына дәл ислам елдеріндегідей көзқараспен қараса, енді бірі жаңаша этикалық стандарттар енгізіп жатыр. Бірақ қандай жағдай болмасын, Қазақ­стан ТМД елдеріндегі көшбасшыға айналу мүмкіндігін қарастыра алады.
Бірақ барлығы инвестицияға ғана байланысты емес. Ислам банкингі шариғаттың заңдылықтарын ұстанатын инвесторлардың жаңа қауымына жол ашуы ғажап емес. Одан бөлек Дүние­жүзілік банктің есептеуінше, исламдық қаржыландыру еліміздегі банк өнімдерін тұтыну деңгейін 40 пайыздан жоғары­латуы мүмкін. Егер исламдық қаржы жүйесінің ауқымы кеңейсе, банктер де жаңа клиенттер тартуға мүмкіндік алар еді.

Ислам банкингінің айырмашылығы
Кредит берудің исламдық үлгісі мұқтаж жандардың қажеттілігіне сай құ­рылған. Оның негізгі ерекшелігі па­йыздық мөлшерлемесінің болмауында, себебі шариғат бойынша өсіммен ақша алу да, беру де күнә болып есептеледі. Сол себепті белгіленген төлем капитал иесінің сыйақысына жатпайды. Ислам банктері ақша айналымынан емес, инвестордың акционерлік капиталға қатысуынан пайда табуды көздейді. Нақтырақ айтқанда, тауар мен қызметке қатысты келісімшарттар негізінде табыс табады. Шариғат заңында тек өз еңбегің мен кәсіпкерлігің арқылы тапқан ақша адал. Қаржыландырудың мұндай үлгісі жемқорлық, алдау, табысын жасыру, салықтан жалтару секілді дүниелерден ада экономикалық қызмет көрсетуге бағытталған.

Отандық ислам қаржы жүйесінің бастауы
Тарихқа үңілер болсақ, еліміз толық тәуелсіздігін алмай тұрып, 1991 жылы халықаралық «Әл-Барака Қазақстан» банкі құрылды. Алғашқыда оған елімізге инвестиция тартады деп, көп үміт ар­тыл­ды. Себебі, ол кездере әлемдегі ислам қаржы нарығының ақша айна­лымы 650-700 млрд долларға жететін, әрі жыл сайын 15-20 пайыздық өсім көрсетіп отырды. Кейіннен халық­аралық на­рық­қа өзіміздің «ТұранӘлем Банкі», «ЦентрКредит Банкі» мен «Альянс» банктері шыға бастады. Бірақ 2007 жылғы әлемдік дағдарыс енді дамып келе жатқан жүйені ойсыратып тастаған еді. Батыс елдерінің банктері елі­мізге есігін жауып тастаған тұста ислам­дық қаржы жүйесіне негізделген банктер дағдарыстан ойланбай өтіп кетті. 2009 жылы Қазақстан ТМД ел­дерінде алғаш рет заң жүзінде исламдық қаржы жүйесін енгізген мемлекет болды. Осылайша, «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне ислам банктерін ұйымдастыру мен олардың қызметі және исламдық қар­жыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. 2010 жылдан бері Исламдық қаржы туралы елімізде конференциялар ұйымдасты­рылады. Тіпті 2011 жылы Астанада VII Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы өтті.
Қазақстанда исламдық қаржы­лан­дыру жүйесін дамыту мақсатында бір­неше шаралар жүргізілді. Ұлттық банк 2011 жылдан бері Islamic Financial Services ұйымына, 2014 жылдан бері Accounting and Auditing Organization ұйы­мына мүше. Еліміздің Орта Азия ел­де­рінің ішінде исламдық қаржы жү­йесі қарқынды дамыған мемлекет ата­нуына үлкен мүмкіндігі бар. Сонымен қатар Қазақстан өзінің тың жобаларымен исламдық серіктестік ұйымына мүше елдердің қызығушылығын оятты. Қазақстан үшін исламдық инвестор­лармен серіктестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның 2011 жылғы 38 сессиясында мемлекетімізде исламдық жүйені дамыту мақсатында бірнеше жобаның жүзеге асқанын мәлімдеді. Елбасы қалаларымыздың ішінде Алматыны осы жүйенің діни орталығына айналдыру туралы ұсыныс білдірді.
Бір қарағанда барлығы дұрыс секілді. Бірақ елімізде жаппай қолданысқа енгі­зіліп жатқан исламдық қаржы құрал­дарын байқай алмайсыз. Себебі, нарық сұранысы әлі де толық зерттелген жоқ. Одан бөлек, Standart & Poor’s халық­аралық рейтинг қызметі еліміздегі ис­ламдық қаржыландырудың дамуына кедергі болып отырған мәселе – ислам­дық депозитке деген көзқарас деп көрсетті.
Қазіргі таңда елімізде бір ғана
Al Hilal Ислам банкі атты банк жұмыс істейді. Бұл банк Қазақстан және Бірік­кен Араб Әмірліктері Үкіметінің келісімі арқылы құрылған. Биыл екінші ислам банкінің ашылуы жоспарда бар. Ол еліміздегі бөлшектік кредит өнімдерін ұсынатын болады.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*