Жастар саясаты: түйткілдер мен шешімдер қандай?

2724
0
Бөлісу:

Жас ұрпақтың болашағы – қашан да мемлекет назарында. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жастармен тікелей байланысты бірқатар мәселелердің басын ашып айтты. Ұлттық сананы кемелдендіру, ұлттық бірегейлікті сақтау, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, білімнің салтанат құруына жол ашу мен сананың ашықтығын қамтамасыз ету ең алдымен жас буынға міндет болары анық. Тіпті латын әліпбиіне өту ұсынысының астары да тым тереңде жатыр. Елбасының айтуынша, мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатқандықтан, жас буын үшін мұнда ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. Бұл жерде де Мемлекет басшысы латын әліпбиіне өту сияқты стратегиялық маңызды бастамада жастарға үлкен сенім артатынын аңғартып тұр. Біздің жастар осыншама ұлттық һәм мемлекетшілдік парыз-міндеттерді орындауға дайын ба? Қазіргі жастар кімдер? Оларды не толғандырады?

Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңына сәйкес, 14 жастан 29 жасқа дейінгі азаматтарды жастарға жат­қызады. Бүгінгі таңда елімізде дәл осы жас аралығындағы азаматтар саны 5 миллионның шамасында екен. Жалпы, соңғы демографиялық санақ көрсет­кіштері жастардың есебінен респуб­ликаның түкпір-түкпірінде қазақылану процесінің оңтайлы жүріп жатқанын аңғартты. Егерде елімізде жалпы халық саны 18 миллионнан асса, оның 12 миллионнан астамы – қазақ ұлтының еншісінде. Қазақ ұлтының орташа жасы – 26-27 жас. Мектеп бітіру­шілерінің 80 пайызға жуығы ЖОО-ның қазақ бөлімдеріне түсіп жатыр.
Алматыда «Жастар үні» қоғамдық бірлестігі қалалық әкімдіктің қолдауы­мен жүргізген әлеуметтанулық зерт­теуінде жастардың 79 пайызының – қазақ тілінде, 18 пайызының – орыс тілінде, 2 пайызының басқа тілдерде сөйлейтіні анық болған. Тілдік жағ­дайдың Астана сияқты ірі мегаполис­терде де жақсарып жатқаны жасырын емес. Мемлекеттік тілдің болашағына сенетін ата-аналар балаларын қазақ балабақшалары мен мектептеріне беріп жатыр. Содан болар, ірі қалаларда жастардың сұранысына сай мем­лекеттік тілде қызмет көрсететін мектепке дейінгі білім ошақтарына, ерте дамыту орталықтарына сұраныс артуда.
Заңгерлердің пайымынша, Жастар саясаты туралы заңның олқылықтары да жоқ емес. Ең алдымен, бұл заң жас ерекшеліктері тым алшақ азаматтар­дың мәселесін біртекті шешуді көздей­ді. Себебі, 14-15 жастағы жасөспірім мен 29 жастағы қалыптасқан маманның өмірлік ұстанымдары мен сұраныстары әрқилы. Әлеуметтік зерттеулер де жастардың басым бөлігінің мемлекеттік бағдарламалар мен заңдардан бейхабар екенін аңғартқан. Бүгінде елімізде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарла­масы, «Қолжетімді баспана – 2020», «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жастар тәжіри­бесі», «Жасыл ел» мен 2011-2015 жыл­дар­ды қамтыған «Саламатты Қа­зақстан» сияқты бағдарламалар бар. Әлеумет­тану­шылар елімізде жастар арасында ажырасу саны көп болған соң, ең алдымен жас отбасыларын демейтін, әлеуметтік түйткілдерін шешетін кешенді іс-шаралардың қажеттігін алға тартады. Бұл орайда Алматыда жүр­гізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижесі екі бағытта іс-шара­лар кешенін жүргізуді ұсыныс ретінде көрсетеді: «Біріншіден, жастарды жұмысқа орналастыру бойынша нәтижелі жобаларды жүзеге асыру керек. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясындағы «Жастар тәжірибесі» жастардың жұмысқа тұрып кетуін қамтамасыз етпейді және 6 айлық төленетін еңбекақы көлемі Алматы қаласы жағдайында жастарды қызықтырмайды. Екіншіден, Алматы қаласы жастарының басты әлеуметтік мәселесі – тұрғын үйдің болмауы, жатақ­ханалардың жетіспеуі, жалға алу құнының жоғарылығы. Бұл бағытта жастардың «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкі» АҚ, «Самұрық-Қазына» жи­нақтау бағдарламаларына қатысуға шақыру керек». Мамандардың ай­туынша, дәл осы құрылым өкілдерінің қатысуымен сарапшылық-сұхбаттасу алаңдарын ұйымдастыру қажет.
Соңғы демографиялық көрсет­кіштер жастар саясатынан бастап мемлекеттік ұлттық ұстанымдарға жаңа көзқараспен қарауға түрткі болып отыр. Ең алдымен, сарапшылар жастар мәселесінде «идеологиялық вакуумға» жол бермеу қажеттігін алға тартады. Түптеп келгенде, бүгінде жастар ка­тегориясына жататын тәуелсіздік ұрпағының сұранысы көп. Олар кеңестік замандағы керітартпа саясат пен үрей-қорқыныштан бойы таза жаңа заманғы азаматтар. Елімізде жүргізілетін әрқилы әлеуметтанулық зерттеулер де жастардың рухани бай адам болудан гөрі, материалдық құн­дылықтарға тез қол жеткізуді көз­дейтінін анықтаған. Идеологиялық тұрғыдан дұрыс тәрбие бермеудің салдары, «қазақ патриотизмін» қалып­тастырмаудың кесірі кейбір жастардың радикалды ой-көзқарастағы діни ағымдарға кетуіне себеп болуда.
Өкінішке қарай, елімізді дүр сілкіндірген Алматы мен Ақтөбеде болған терактілер «қазақстандық лаңкестің» портретін анықтаумен қатар, оның 28-29 жасқа дейінгі азамат екенін көрсеткен. Халықаралық түрме реформасы ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Азамат Шамбилов үлкен форумдардың бірінде тиісті зерттеудің нәтижесін жариялаған еді. Оған сәйкес, маманның айтуынша, лаңкестің әлеуметтік портреті төмендегідей: ол 28-29 жасқа дейінгі жұмыссыз жүрген, орта білімі бар, үйленген, бірнеше баласы бар азамат. Әрине, сарапшылардың пікірінше, лаңкеске берілген әлеуметтік мінездеме оның радикалды көзқарастарының арқасында заңды қашан аттап өтетінін анықтауға мүмкіндік бермейді. Бірақ оның психологиялық бет-бейнесін ашуда мәні зор.
Кезінде ҰҚК өкілдері елімізді дүр сілкіндірген Алматыдағы терактіні салафизм ағымына кірген азаматтың жасағанын жариялаған еді. Өкініштісі, елімізде жүргізіліп жатқан зерттеулер салафизм ағымына жастардың көптеп тартылып жатқанын көрсетеді. Дәс­түрлі емес идеологияның Қазақстан түгілі, Ресей мен Еуропадағы бірқатар елдердің түрмелерін жайлап жатқанын мамандар растап, дабыл қағуда. Саясаттанушы Ерлан Қарин «Айқын» газетіне берген сұхбатында «Адам түрмеге қылмыскер боп түсіп, радикал боп шығады» деп мәселенің өзектілігіне қоғам назарын аудартуға тырысқан еді. Тіпті, дінтанушылар экстремизм мен терроризм бабы бойынша соттал­ғандарға бөлек түрме ашып, оларды оқшаулау қажеттігін ұсынған еді. Бұл да уақыт еншісіндегі мәселе болса керек.
Сарапшылардың ойынша, сала­физм­нің Қазақстанда кеңінен та­ралуына шетелде білім алған жастардың ықпалы мол болды. Өкінішке қарай, бұл ағымға кеткендер ұлттық патриотизм мен салт-дәстүрден гөрі, өз наным-сенімдерін жоғары қояды. Олар үшін Алаш қайраткерлерінен бастап ис­ламды ұғынықты тілде түсіндірген Абай, Шәкәрім философиясынан гөрі, бұрын өмір сүрген не қазір көзі тірі араб шейхтарының кітапшалары маңыздырақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрман­ғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деп салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ба­балар жолынан таймаудың амалдарын ашып айтқан еді. Расында да, бабалар жолымен жүріп өту үшін мемлекеттік идеология қандай болуы керек? Ұлттық патриотизмнің деңгейін қалай кө­тереміз?
Өкінішке қарай, кейбір сауална­малар әлі де елімізде патриотизм мәселесінің өз тұғырына жетпегенін көрсетеді. Рас, азаматтық патриотизм бар, бірақ екінші орында жершілдік мәселесі тұр. Сондықтан сарапшылар жастардың бойына ертеден ұлттық патриотизммен қатар, ата-бабаларымыз ғасырлармен ұстанған, ҚМДБ қолдап отырған ханафи мәзһабына сай исламды дарытып, кешенді ұлттық-идеологиялық жұмыстарды жүргізу қажеттігін алға тартады. Онсыз да осы күнге дейін тәрбие мәселесіне салғырт қараған ата-ана да, оқу орындары да, жалпы мемлекеттік құзырлы органдар да идеологиясы бос жерді радикалды идеялардың оңай басатынын өкінішпен мойындап отыр.
Тағы бір өзекті мәселе – жастардың бойына отбасылық құндылықтарды дарыту. «Отан – отбасынан басталады» демекші, толық отбасыларын үлгі етіп, ажырасудың ортадағы бала үшін салдары қиын боларын жеткізе білген абзал. Сауалнамалар жас буынның отбасылық құндылықтарға мән беретінін, бірақ отбасын сақтау амал-әрекеттерін білмейтінін аңғартқан еді. Сондықтан жас отбасылар бұл бағыттағы курстарға, психологиялық көмек түрлеріне зәру екенін білдірген. Бұл да ойланарлық жайт.
Қазір мемлекеттің қолдауымен жастарға арналған тың бастамалар да көтеріліп келеді. Соның бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Жас буынды қамтуы тиіс тағы бір бастама – «100 жаңа есім» бастамасы. Мамандар еліміздің жаңа тұлғаларын анықтауда жастарға ерекше мән беруді, атақ-даңқы жер жарған «жұлдыздарды» емес, өз ісінің маманы боп отырған қарапайым азаматтарды таңдап, үлгі ету қажеттігін айтады. Бір қуантарлығы, қазір жастар арасында қарапайым адамдар үшін қызмет етіп жүрген еріктілер көп. Білімді де білікті жастар жетерлік. Бірақ сол жастарды қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы ақпараттық-насихаттық жұмыстар науқандық сипатта жүргізілмей, барынша шынайы жүзеге асса игі.
Жастар – Қазақстанның болашағы. Олар әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрғыдан белсенді болуы тиіс. Сондай-ақ жастар арасында ұлттық, діни-танымдық жұмыстар дұрыс жүргізілсе, сырттан келген теріс радикалды идеологияға ешбір жастың берілмесі анық. Ол үшін әрбір жас жұмыспен, үймен, біліммен қамтылып, болашағына нық сеніммен қарауы керек.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*