«Цифрлық Қазақстанның» бағыттары қаралды

1424
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Румынияның сыртқы істер министрі Теодор-Виорел Мелеш­канумен кездесу өткізді.

Кездесу барысында энергетика, ма­шина жасау, металлургия, көлік және ло­гистика, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп са­лаларындағы сауда-экономикалық ынты­мақтастықты одан әрі дамыту мәсе­лелері талқыланды. Бұдан өзге, Қа­зақстан-Румыния үкіметаралық комис­сиясының отырысында қол жеткізілген сауда-эко­номикалық және ғылыми-тех­никалық ынтымақтастық бойынша уағдалас­тықтарды іске асыру барысы қаралды.
Екі ел арасында 2017 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы сауда айналымы 440,8 млн долларды құрады. Оның ішінде біздің оларға өткізген экспорт – 415,3 млн доллар, импортымыз 25,5 млн доллар болды. Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша XII Қазақстан-Румыния үкіметаралық комиссиясы биыл қазан айында өткізіледі деп жоспарлануда.
Осы күні Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев Үкімет үйінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жобасының мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында Қазақстан экономикасын цифрландырудың 2025 жылға дейінгі егжей-тегжейлі жоспарлары талқыланды.
Бағдарламаны табысты іске асыру елдің бәсекеге қабілеттілігі және экономиканың барлық салаларында еңбек өнімділігі өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мем­лекеттік бағдарлама төрт басты бағытты іске асыруға бағытталған: бұлар – «цифрлық инфрақұрылымды дамыту», «халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру», «эко­номиканың базалық сала­ларын цифрлан­дыру» және «мемлекеттік қызмет көрсету бойынша электронды және мобильді үкімет жүйесін жетілдіру».
Кеңес аясында мемлекеттік бағдарлама жобасын сарапшылық бағалау бойынша отандық IT-мамандар – «Элтекс Алатау» ЖШС директоры Н.Жәнібеков, Open IT компаниясының басшысы В.Ким, Mirusdesk жобасының негізін қалаушы М.Құрмашев және басқалары сөз сөйледі.
Сондай-ақ Премьер шетелдік жұмыс күшін тарту тәсілдерін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Отырыс барысында шетелдік жұмыс күшін үлестемелеу жүйелері, визалық саясат мәселелері талқыланып, көші-қон саясаты тұжырымдамасының
2017-2021 жылдарға арналған жобасы қарал­ды. Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бұдан бөлек Бақытжан Сағынтаев Эко­номиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізді. Отырыс барысында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» Жолдауын іске асыру­ды жобалық басқару мәселелері талқыланды.
Көлік және логистика, базалық ин­дустрияландыру, отын-энергетика және агроөнеркәсіп кешендері салаларындағы жобаларды іске асыру бойынша баста­малардың егжей-тегжейлі жоспарлары қаралды. Бастамалардың аталған жос­парлары Қазақстан экономикасының сапалы құры­лымдық өзгерістеріне негіз болады, олар орта­ша мерзімді келешекте өсім қарқынының тұрақтылығын арт­тырады.
Елдос СЕМБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*