Конституциялық өзгерістерді таныстырды

1215
0
Бөлісу:

Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми Сингапурдың Қазақстандағы резидент емес елшісі Зулкифли бин Бахарудин мырзамен кездесті. Кездесуде Қайрат Әбдіразақұлы екі елдің ынтымақтастығын жандандыруға елшінің тікелей қосқан үлесін атай келе, EXPO – 2017 көрмесі шеңберінде Сингапурдың ұлттық күнінің табысты мерекеленуімен құттықтады.
З.Бахарудин мырза екі елдің іс-қимыл деңгейі мен қарқыны, көбінесе қос елдің мемлекеттік құрылымдарының ынтымақ­тасты арттыру бойынша әзірлігіне тікелей байланысты екендігін атап өтті.
Қазақстанның конституциялық ре­форманы өткізуі туралы мейманның сұрағына жауап бере келе, Қ.Мәми Прези­денттің мемлекеттік бағдарламаларды бекіту туралы құзыретін Үкіметке беру, Ішкі істер және Әділет министрлерін тағайындау тетіктерінің өзгеруі, Үкіметтің Парламентке тікелей есептілігінің күшеюі туралы айтты.
Сот жүйесіндегі жаңашылдықтар бойынша Ата заңнан судьялыққа кан­дидаттардың 25 жас шектелімі туралы талаптың алынып тасталуына айрықша назар аударылды. Аталған қадам кандидат­тарды судьялыққа 30 жастан бастап тағайындау туралы міндетті жас шектелімін арттыру жөнінде «Сот жүйесі мен судья­лардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға өзгерістер енгізуге мүмкіндік берді. Қайрат Мәми ауызша түсіндірумен шектелмей, мейманға еліміздің Конс­титуциясына соңғы реформа барысында енгізілген барлық түзетулерге қатысты құжаттарды берді.
Өз кезегінде елші елімізде жүзеге асырылған конституциялық өзгерістерді дер кезінде қолға алынған бастама деп бағалады.
«Сингапурдың тәжірибесі Қазақстанға ғана қызықты емес, сонымен қатар
Син­гапур де Қазақстанның даму тәжірибесін мұқият зерделеп отыр» деді ол. З.Бахарудин мырза «Астана халық­аралық қаржы орталығының» (АХҚО) жұмысын ұйым­дастыруға белсене қатысуға әзір екендігін жеткізді.
Осы мәселені талқылай келе, Қ.Мәми АХҚО-ның жанынан инвестициялық дауларды шешу мақсатында арбитраж орталығы мен қаржы сотын құру жұ­мысының барысы туралы әңгімеледі. Аталған сот еліміздің сот жүйесіне кірмейді, онда сот ісі ағылшын тілінде жүргізіліп, ағылшын-саксон құқығы қолданылатын болады. Қ.Мәми Жоғарғы сот АХҚО-ның ең жақын серіктесі болып табылатындықтан, Дубай қаржы және Сингапур арбитраж орталықтарының тәжірибесі негізінде оның дамуына мүдделі екендігін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Сингапурдың құқық саласындағы алдағы ынтымақтастығы өзара түсіністік пен сенімнің қалыптасқан дәстүрлі жағдайында дами беретіндігіне сенім білдірді.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*