Автожолдар тақтайдай тегіс болады

1136
0
Бөлісу:

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыты – республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын қайта қалпына келтіру мен құрылысын жүргізу. Еліміздің жалпы пайдаланымдағы жолдың ұзақтығы – 96,5 мың шақырым. Оның 23,7 мың шақырымы республикалық жол желісі болса, 72,8 мың шақырымы жергілікті жол желісі.

«Жол қадірін жүрген білер» демекші, жолдың тақтайдай тегіс болуы – әркімнің діттеген жеріне аман-есен, қиналмай жетуінің басты кепілі. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан хал­қына арнаған әрбір Жолдауында инфра­құрылым, әсіресе автожол жайына үнемі назар аударып отырады. Жол саласын ба­қылауда ұстау кейінгі жылдары оң нәти­жесін бере бастады. Тек 2010 жылдан бері республикалық маңызы бар автокөлік жолының 5 мың шақырымына қайта қал­пына келтіру және күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жол­дардың 85 пайызы, ал облыстық және аудандық жол желісінің 65 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Тек 2015-2016 жылдарда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 1,3 мың шақырым автожол І және ІІ техникалық санат бойынша жөндеу жұмыстарынан өткізілді.
2015-2016 жылдар аралығында авто­жолдар жобасын іске асыруға 616 мил­лиард теңге бөлінді. Оның 329 миллиард теңгесі – Ұлттық қордан. Барлық қаражат толы­ғымен игерілді. Құрылыс және қайта қал­пына келтіру жұмыстары 9 жобаға бөлінді. Атап айтар болсақ, Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Алматы – Өс­кемен, Астана – Петропавл, Жезқазған – Петропавл, Ақтөбе – Атырау және Орал – Каменка. Құрылыс-мон­таж­дау жұмыс­тары 2 мың шақырымды қам­тыды. Бүгінде Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай халықаралық көлік дәлізі, Астана – Те­міртау, Алматы – Қапшағай, Қапшағай – Балпық би, Бейнеу – Шетпе және Көкшетау – Петропавл жол желісі, сондай-ақ Павлодар қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін ұзындығы 12 ша­қырымды құрайтын Орталық Азиядағы ең ірі көпір өткелі құрылысы аяқталды.
Биыл мемлекеттік бағдарламалар бойын­­­ша іске асатын жобаларды қаржы­ландыруға 356,2 миллиард теңге бөлінді. Оның 143,5 миллиард теңгесі – Ұлттық қор есебінен.
Жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырымдық Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Ақтөбе – Атырау, Қапша­ғай – Талдықорған, Астана – Петропавл жә­не Орал – Каменка жобасындағы құры­лыс жұмыстары жалғастырылды. Алғашқы жар­тыжылдықта жылдық жоспардағы құ­рылыс-монтаждау жұмыстарының 32 пайызы орындалған. Жыл қорытындысы бойынша осы жоба шеңберінде 602 шақы­рымды аяқтау көзделуде. Оның ішінде Бей­неу – Ақтау және Алматы – Талдықорған жолдары толықтай аяқталады.
Бұдан бөлек, биыл ұзындығы 2,5 мың ша­қырымды құрайтын Қандыағаш – Ма­қат, Жетібай – Жаңаөзен, Күрті – Бурыл­байтал, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Тас­кескен – Бақты, Осиновск асуы, Шучье – Зеренді сияқты жаңа жобаларды іске асыру да жоспарланып отыр.
Сондай-ақ жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 0,7 мың шақырымды құрайтын Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахань, Ұзынағаш – Отар, Астананың Оңтүстік – Батыс айналма жолы, Қостанай – Дени­совка жолдары жобасының келсімшартын бекіту және дайындық жұмыстарын бастау жоспарлануда.
Тұтастай алғанда құрылыс және қал­пына келтіру жұмыстары 4,4 мың ша­қырымды құрап, онда 89 мың адам жұмыс істейді деп күтілуде.
Еліміздің шығысында, Қытаймен шекаралас жерде орналасқан «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА базасында 2015 жылы «Құрғақ порт» және оның инфра­құрылымы құрылысы аяқталды. Құрғақ порт қуатты көлік-логистика хабын құрып, Қытайдан Еуропа мен Орталық Азия, Түркия және Парсы шығанағы елдеріне жүк ағынын тиімді жеткізуді қамтамасыз етеді. «Құрғақ порттың» жалпы аумағы – 129 гектар. Бүгінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да 69 қатысушы тіркелген және 200-ге жуық жұмыс орны ашылған.
Теміржол саласы бойынша жобаны жүзеге асырып, алға қойылған міндеттерді орындау үшін Алматы – Шу бөлігінде ұзындығы 112,37 шақырымдық және құны 38,4 миллиард теңгеге тең екінші жолдың құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ бағ­дар­лама шеңберінде Құрық портына жеткізетін теміржол құрылысы аяқталды.
Биыл 31 мамырда Астана қаласында әуежайдың жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілді. Жаңа терминалдың аумағы – 47 мың шаршы метр. Өткізу қуат­тылығы жылына – 8,2 миллион жолаушы немесе сағатына 2525 жолаушы. Терминал пайдалануға берілгелі халықаралық рейстер бойынша 19 шетелдік әуе­ тасы­малдаушы компания жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында LOT Polish Airlines, WizzAir, FinnAir, Air China, Lufthansa, Air Arabia, тағы басқа да ком­паниялар бар.
EXPO – 2017 халықаралық мамандан­ды­рылған көрмесін өт­кізу мерзімінде бар­лық шетелдік әуета­сы­малдаушы компания­ларға өз қалауы бойынша аптасына 7 рейс­ке дейін тасы­малдауға құқық берілді.
Жыл басынан бері шетелдік және қа­зақстандық әуе компаниялары 10 жаңа халықаралық әуебағытын ашты. Олар – Астанадан Дели, Варшава, Хельсинки, Будапешт, Пекин, Ереван, Киев, Батуми, Ми­нералды су, Сианьға арналған бағыттар.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*