Еуразияның «нан кәрзеңкесіне» айнала аламыз ба?

1210
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында: «Астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті бола аламыз», – деп атап өткен еді. Қарап отырсақ, еліміз үшін «нан кәрзеңкесіне» айналудың екі жолы бар. Бірі – бидай экспорты, екіншісі – ұн. Соңғысы тиімдірек. Себебі, өңдеу өнеркәсібі арқылы жұмыс орнын көбейтуге, одан асса көбірек пайда табуға болады. Бір кездері еліміз ұн нарығындағы көшбасшылығынан айырылып барады деп уайымдаған едік. Бірақ қазіргі жағдайда алаңдауға себеп жоқ. Себебі, бүгінде ұн экспорты 2010 жылдардағы жоғары деңгейге қайта көтерілді.

Еліміздің ауыл шаруашылығы ІЖӨ-нің 7 пайызын және эконо­микадағы жұмыс орнының 20 пайызын құрайды, несие беру­ші­лердің 5,2 пайызын аузына қара­тып отыр. Айта кетсек, ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің 55 пайызы өсімдік шаруашы­лығына тиесілі. Оның ішінде еліміздегі егістік аумақтардың 70 пайызы дән­ді-дақылдарға тиесілі, ал оның 80 пайызына бидай егіледі.
Агросектор кескінінің осылай қалып­тасуына еліміздің дүние­жүзілік саудаға енуі әсер етті. Себебі, әлемдік нарыққа қа­жеті – бидайымыз. Атап айтар болсақ, өткен жылы елімізде 15 млн тон­наға жуық бидай өндіріл­се, оның 4,4 млн тоннасы экс­порт­­талған. 2015 жылы экспорт 3,6 млн тонна бидаймен шектел­ген екен. Бірақ егістік алқаптарын әр­тарап­тандыру бағ­дарламасына қара­мастан нарық заңды­лықтары еліміздегі бидай мен ұн өндірісін алға сүйреп келеді.

БӘСЕКЕЛЕСІМІЗ – ПӘКІСТАН
Әлемде елімізден басқа өндірілген ұнның азын тұтынып, көбін экспортқа шығаратын мемлекет жоқ. Мысалы, 2016 жылы 3,7 млн тонна ұн өндірсек, оның 2,3 млн тоннасы экспортқа, 1,3 млн тоннасы ішкі нарыққа шығарылған.
Экспортталатын ұнның көп бөлігін Ауғанстан сатып алады. Бұл мемлекетке 2016 жылы 1,5 млн тонна ұн жеткізіп бер­генбіз. Одан кейінгі орында Өзбекстан, Тә­жікстан мен Түркіменстан бар. Қара­пайым тілмен айтқанда, Тәжікстандағы әрбір екінші, Өзбекстандағы әрбір бесін­ші нан қазақстандық ұннан жасалады. Бірақ Пәкістан біздің Ауғанстанмен арадағы сауда-саттықта басты бә­секелесімізге айна­лып отыр. Себебі, онда егін бітік шығып, мол өнім берсе Ауғанстанның бізден экспорттайтын ұн көлемі азаяды.
Жоғарыда аты аталған елдердің импор­тындағы кез келген өзгеріс экспор­тымызға әсер ететіні анық. Өткен жылдары біз осын­­дай көріністерге куә болдық. Мысалы, Ресейдің ұн мен бидай экспортын тоқтатып тастағаны бұл жағ­дайды тек өршіте түсті. Сол себепті, 2010 жылдардан кейін елі­міздің ұн экспорты біршама төмендеген болатын. Сөзімізді статисти­камен дәлелдей түссек, 2014-2015 жылдары ұн экспорты 1,8 млн тон­наның айналасында болған. 2010 жыл­дары бұл көрсеткіш 2,3 млн тонна еді. Отандық сарапшылардың айтуынша, экспорт көлемінің азаюына тасымалдау құнының өсуі әсер еткен.

Атап айтар болсақ, 2010 жылдарға дейін отандық агрохолдингтердің ар­тық­шылығы бидайды Қара теңіз порттарына дейін жеткізе алу мүмкіндігі болған еді. Бі­рақ мұндай тасымалға деген тарифтың қым­баттауы экспортымыздың геогра­фия­сын шектеп тастады. Сондықтан диқан­дар Орта Азия нарығына шыққан бола­тын. Осылайша, еліміздің ұны мен бидайы өза­ра бәсекелесуге көшті, себебі, екі тауар да бір мемлекеттерге сатылатын. Нәти­же­сінде, бұл елдер ойлана келіп, бидайды са­тып алу тиімдірек деп шешті және өз­дері­нің ұн өндіру зауыттарын дамыта бас­тады.
Бір ғана Өзбекстанның мысалында ай­тар болсақ, ұзақ жылдар бойы экспорт­тала­тын ұнның 75 пайызы Өзбекстанға тие­сілі еді: 2011 жылы экспортқа шыққан төрт вагонның үшеуі Өзбекстан жеріне жет­кізілетін. Бірақ кейіннен бидай экс­порты жоғарылап, ұнды сатып алу деңгейі төмендей берді. Мысалы, 2007 жылы
Қа­зақстан Өзбекстанға 157 мың тонна бидай мен 732 мың тонна ұн экспорттаса, 2015 жы­­лы, керісінше, 1 млн 405 мың тон­на би­­дай мен 818 мың тонна ұн сатқан.

ҚАРАЖАТТАН ҚИЫНДЫҚ БАР
Соңғы төрт жылда еліміздің ауыл шаруа­­шылығы орташа есеппен 5,3 пайыз­ға өскен. Тарихи тұрғыда да, экономи­ка­ның өзге салаларымен салыстырғанда да бұл – ең жоғары көрсеткіш. Мысалы, мем­ле­кет дағдарысқа қарсы бағдарла­ма­лар арқылы жыл сайын миллиондап қа­ражат бөліп отырған құрылыс саласының өсімі 5,1 пайызды құраған. Бірақ қандай ақ­паратпен жабуланса да, ауыл шаруа­шылығының проблемасы көзге ұрып тұр. Соның бірі – үлкен корпорациялардың шек­тен тыс көп қарыздары мен нашар ме­нед­жмент.
Өткен жылы 1 қыркүйекте өткен Пар­ла­­мент палаталарының отырысында
Ел­­ба­сының өзі агрохолдингтарды ірі кө­лем­дегі қарыздары туралы айтып сынаған еді:
– Бұл компаниялардың қарыздары өсіп келеді. Оларды банкротқа ұшы­ра­туы­мызға болар еді, бірақ біз қарыздарды кейін­ге шегеріп отырмыз, олар өсіп жа­тыр. Бір күндері бұл «көбік» жа­ры­лады. Қазіргі экономикада мұндай жағ­­дай болмау керек, – деді Президент.
БАҚ-та жарияланған мәліметтер бойынша, Президентіміз мысалға келтір­ген «Алиби», «КазЭкспортАстык» және «Иволга» компанияларының банктердегі жалпы қарызы 4,6 миллиард АҚШ дол­ларына жеткен. Олар еліміздегі егістік алқаптың үштен бір бөлігіне, яғни, 5 млн гектарына иелік етеді. Осыдан-ақ бұл компаниялардың ауыл шаруашылығына тигізер ықпалын бағамдай беріңіз.
Агросектордағы қаржылық қиындық­тар туралы бертінде ғана айтылып келе жатқан жоқ. 2013 жылы 404 агроөнер-кәсіп кешенін қаржылай сауықтыру үшін 500 млрд теңге бөлінген. Бірақ мұның өзі проб­леманы толық шеше алар емес. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің маман­дары оған компаниялардың өздері кінәлі деген пікір айтады. Себебі, сауықтыруға өтініш бергенде олар қарыздарын толық көрсетпеген. Нәтижесінде, 2016 жылдан бастап қаржылай сауықтыруға өтініш беру тоқтатылды.

СУБСИДИЯ АЛУ ОҢАЙ МА?
Одан бөлек, Мемлекет басшысы жыл ба­сында агрохолдингтердің қаржылық жағдайын «жібекке оранғандай» деп сипаттап, осы мәселені тағы бір қаузаған еді. Тіпті «менде субсидиялар жергілікті ор­гандар мен оны алатын компания­лар­дың астауына айналғаны туралы мәлімет бар» деген Елбасы Бас прокуратура мен Есеп комитетіне мемлекеттен бөлініп жат­қан субсидиялардың ұтымдылығын анықтауды тапсырған.
Осыған байланысты шаруалардың суб­сидия алудағы проблемалары туралы біл­ген едік. «Жетісу» ауылшаруашылық кооперативінің басшысы Жанат Исағұлов «жеке шаруа қожалықтары құжаттарын дұ­рыс­тап өткізе алмайды» деген пікір айт­ты.
– Мемлекеттік ақша бостан-босқа та­ра­тылмайды. Әр субсидияның өзінің берілетін бағдарламасы бар. Соның әр­қай­сысына қажетті құжаттарын өткізе алма­ған соң, олар ренжиді. Сондықтан Ел­басымыз бірігіңдер деп айтып отыр. «Бі­ріккен жерде бірлік бар, бірлік барда тірлік бар» деп қазақ босқа айтпайды. Бірік­кен соң несие де, субсидия да алуға болады, – дейді ол.
«Мемлекетіміз ауыл шаруашылығына үл­кен көңіл бөліп отыр» деген Жанат Мол­­дағұлұлы, дегенмен қаражаттың уа­қы­ты­лы келмеуі мен қымбат жанар-жағар­май кішігірім шаруа қожалықтары-на қол­жетімсіз болып отырғанын айтты.
Оның үстіне, өткен жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі субси­дия алу шарттарын қатаңдата түскен. Осылайша, егер шаруа қожалықтарының 90 күннен асып кеткен қарызы болса, ол автоматты түрде бағдарламадан шығары­лад­ы. Сонымен бірге, соңғы екі жылда қар­­жылық жағдайы төмендеп отырған агроөнеркәсіп кешендері де бағдарламаға қатыса алмайды.

«Бидайға қарсы» бағдарлама
Сонымен, жасалып жатқан шаралар елі­міздің аймақтағы бидай, ұн нарығын­дағы белсенділігін арттыра ала ма? Әлде егістік алқаптарын әртараптандыруды көз­дейтін министрліктің бағдарламасы оның тамырына балта шаба ма? Анығын айт­қанда, БАҚ беттерінде Агроөнер­кә­сіп­­тік кешендерді дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған бағдарламасы «би­дай­ға қарсы» бағдарлама деген сипат­қа ие болып отыр. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі 2015 жылдың қорытындысы бойын­ша 2,9 млн тонна бидай артық өн­ді­рілгенін есептеп, осыған сәйкес, ве­домство аталған бағдарлама арқылы би­дай­дың егіс алқабын 12,4 млн гектардан 10,1 млн гектарға дейін қысқартуды көз­де­ген.
Бірақ шаруалардың айтуынша, бұл бидайдың өнімділігіне кері әсер етпейді. Себебі, «жаңа технологиялар» мен сапалы тұқым­ды пайдалану арқылы қазірдің өзін­де өнімділік гектарына 15 центнерге же­теді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Өйткені бі­раз жыл бұрын әр гектардан бұдан екі есе аз өнім алынатын. Демек, Қаза­қ­стан­ның бүкіл Еуразияны нанмен қамтамасыз етуіне нарықтың өзі жағдай жасауда. Ен­дігі мақсат – сапалы бидайымыздың өн­дірісін одан әрі ұлғайту.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*