Судьяларға талап күшейтілді

1059
0
Бөлісу:

Орталық коммуникациялар қызметінде «2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы» тақырыбында брифинг өтті. Шараға Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева, Жоғарғы соттың судьялары: Ербол Рахымбеков, Елена Максюта және Жоғарғы соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов қатысты.

Брифингті ашқан Айгүл Қыдырбаева Ұлт жоспары аясында көзделген сот ре­фор­маларының сәтті іске асырылғанын айтты. Соттар үш деңгейлі сот төрелігіне көш­ті, судья лауазымына кандидаттар мен жұ­мыс істеп жүрген судьяларға талап қатаң­датылды. Статистикалық талдаулар көр­сеткендей, өткізілген реформалар сот жұ­мысына оң әсерін тигізіп, жаңа құқық­тық жағдайдағы олардың қызметі не­ғұр­лым тиімді бола түсті.
Судьялыққа кандидаттардың жасы 30-ға дейін ұлғайтылды. Конституциялық түзетулерді іске асыруда «Қазақстан Рес­пуб­ликасының сот жүйесі мен судья­лар­дың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгертулер енгізілгенін айтқан А.Қы­дырбаева судьялық лауазымға арналған конкурсқа қатысушылардың жалпы отырыстың қорытындысын алу тәртібі нақтыланғанын тілге тиек етті. Сот алқасы шығаратын шешімдерге қа­тысты өзгерістер енгізілді.
Жоғарғы сот органы Азаматтық про­цес­тік кодекске Астана қалалық соты мен Жоғарғы соттың арасындағы инвес­тиция­лық даулардың соттылығын кеңей­туді көздейтін түзетулерді енгізуге бас­та­машы болды. Апелляциялық сатыдағы ин­вестициялық дауларды қараудың мер­зімі бір айдан екі айға дейін ұлғайтылды. Прокурорлардың азаматтық процеске қа­тысуы айтарлықтай қысқартылды.
Биыл кешенді өзгеріске әкелетін қыл­мыс­тық сот ісін жүргізу мен қылмыстық қудалау органдарының жүйесін жетілдіру көз­деліп отырғанын айта кету керек.
Соттардың жұмысын бағалау хақында А.Қыдырбаева «Жалпы жаңа жағдайдағы соттардың жұмысын тәуелсіз сарапшылар, процеске қатысушылар мен тұрғындар оң бағалады» дей келе статистикалық дерек­термен таныстырды. Мәселен, Демокра­тия институтының деректеріне сәйкес, соңғы 6 жылда Жоғарғы сотқа сенім дең­гейі 67,6 %-дан 75,4 %-ға дейін артқан. Жал­пы, бұл көрсеткіштер 2015 жылы БҰҰДБ жүргізген (сенім – зерттеу 71,4%) нә­тижелеріне сәйкес келеді.
Сот алқасы да жаңа жағдайда қызмет ат­қаруда. Биыл 140 судьяның кәсіби қыз­меті бағаланды. Осы жылы Сот төрелігі академиясының алғашқы түлектері біті­ріп шықты. 53 түлек құқық магистрі дәре­же­сіне ие болды. Жиын барысында инвес­тициялық даулар бойынша сот ісін жүр­гізудің қорытындылары да сөз болды. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Жо­ғарғы сотқа және Астана қалалық со­тына бірінші сатыдағы сот тәртібі ретінде инвестициялық даулар бойынша барлығы – 68, соның ішінде Жоғарғы сотқа 2 талап арыз келіп түсті. Шешімін шығара оты­рып 20 іс қаралды, соның ішінде оның ал­тауы инвестордың пайдасына шешілді.
Жоғарғы сот судьясы Ербол Рахым­беков қылмыстық істер бойынша сот төре­лігін жүзеге асырудың қорытындысы жай­лы тоқталды. Оның айтуынша, рес­публика соттарына келіп түскен қылмыс­тық істердің саны 8,5 %-ға артқан. Қазіргі таңда даулар жедел түрде шешілуде, оған дәлел 6 айдан аспайтын уақытта қаралған іс­тердің саны 1,7 есеге қысқартылған. Ақ­тау үкімдерінің саны 10,5 %-ға (436-дан 487 адамға) артты. Алқабилердің қатысуы­мен өтетін істердің саны 21,9 %-ға артты.
Азаматтық даулар бойынша соттардың жұмысын талдаған Жоғарғы сот судьясы Елена Максюта бірінші жартыжылдықта республика соттарында барлығы 409 мың азаматтық істі қарау аяқталғанын жет­кіз­ді. Жеңілдетілген іс жүргізу институты іс­ке қосылды. 2017 жылдың бірінші жар­ты­жылдығында жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен 255 мыңнан астам іс қаралса, бұл аяқталған азаматтық істердің жалпы са­нының 62,5 %-ын құрап отыр. 3 мыңнан астам іс бітімгершілік келісіммен, 13,9 мың іс – медиациямен, 283 іс – парти­си­па­тивтік рәсімді пайдалана отырып аяқ­талды. Барлығы баламалы тәртіппен 17 мың дау шешілді. Алдын ала сот отырысы ба­ры­сында 9,5 мың іс қаралды, ол аяқ­талған істердің жалпы санының 2,3%-ын құрайды.
Басқосу талқылауын республика сот­тарындағы негізгі электронды сервистер туралы баяндамасымен департамент бас­шысы Нұрсерік Шәріпов жалғастырды. Оның айтуынша, 2017 жылдың бірінші жар­тыжылдығында «Сот кабинеті» серви­сі арқылы электронды түрде 521 473 құжат берілсе, жалпы берілген өтініштердің са­ны екі миллионнан асқан екен. Жар­тыжылдықта электрондық түрде барлық берілген өтініштердің үлес саны 89,8%-ды құрады. Барлық 1 418 сот залы АБТ жүйе­сімен жабдықталды. 2017 жылдың 6 айын­да сот отырыстарының 98% -ы АБТ жүйесін пайдалана отырып өткізілді. Тағы бір айта кетерлігі, тамыз айынан бастап Сот органдарының ахуалдық орталығы іске қосылады. Бұл кез келген іс бойынша процестік іс-әрекеттерді өтінішті тірке­ген­нен бастап атқару парағын жолдағанға дейін орталықтан бақылау жасауға мүм­кіндік беретінін айта кету керек.
Сонымен бірге, жергілікті соттардың ғимараттарын салу жұмысына айрықша көңіл бөлінуде. Биыл республикалық бюд­жет есебінен 4 типтік сот ғимара­ты­ның құ­рылысы басталды. Бұл – Қара­ған­ды об­лыстық соты, Алматы, Ақмола және Жам­был облысы аудандық соттар ғима­рат­тары.

Ақбота ИСЛӘМБЕК 

Бөлісу:

Пікір жазу


*