СОТ РЕФОРМАСЫ ТИІМДІ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

1460
0
Бөлісу:

Қазіргі кезде сот жүйесінің мәртебесін көтеру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі деп танылды, сондықтан сот билігіне деген жауапкершілік те арта түсті. «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» шеңберінде мемлекеттің құқықтық жүйесін қалыптастыратын 19 нақты қадам қарастырылған, олардың 11 қадамы мемлекеттің сот жүйесін реформалауға бағыт­талған. «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамдағы» заң үстемдігін және соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар сот органдарында кеңінен жүргізілуде.

Ұлт Жоспарында сот жүйесіне қатысты көзделген барлық іс-шаралар өткен жыл­дың 1 қаңтарынан бастап іске асырыла бастады. Мемлекет басшысы жоспарлаған өзекті, маңызды реформалар сот жүйесінің бір­қатар салаларын қамтыды. Бұл рефор­малар – әрбір азаматтың қатысуын қажет етеді және барша халық алдына қойылатын тап­сырма. Республиканың көптеген облыс­тық соттарында Мемлекет басшысының «ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдар­ла­ма­сын насихаттау және түсіндіру мақса­тын­да арнайы құрылған облыстық ақ­па­рат­тық топ мүшелерінің ұйымдастыруымен ал­қалы жиындар өткізілді. Бұл іс-шаралар не­гізінен об­лыстық сот төрағаларының бас­­шылы­ғымен сот алқаларының, аудан­дық және оған теңестірілген сот төра­ғалары мен судья­ларының, облыстық және қа­лалық құқық қорғау органдары бас­шы­ларының, шағын және орта бизнес өкіл­дерінің қатысуымен өтеді. Жоғарғы соттың судьялары сот жүйе­сіне қатысты болып жатқан реформаларды талқылайды. Ұлт жоспары заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы соттар жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бес институттық реформаның ең басты тәжірибелік құн­ды­лығы да осында.
Мысалы, Ұлт жоспарының «Заң үстем­ді­гін қамтамасыз ету» атты екінші тарауында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қа­дағалау және қайта қадағалау жасау) үш са­тылы (бірінші, апелляциялық, кассация­лық) сот төрелігі жүйесіне көшу қажеттілігі көзделген, сот рәсімдерін қысқарту және жеңіл­дету мақсатында азаматтық-құқықтық дауларды прокурорсыз қарау ескерілген, бұған қоса, жергілікті атқарушы органдар­дың және қоғамдық бірлестіктердің алдын­да есеп беретін полиция қызметі құрылаты­ны туралы айтылған. Осы меха­низм­дердің бар­лығы бүгінде жұмыс істеп жатыр.
Судья лауазымына кандидаттарды ірік­теу тетіктерін көбейту және біліктілік та­лап­тарын қатайту мәселесі де осы реформа барысында жүзеге асырылуда. Міндетті түрдегі талап – сот істерін жүргізуге қа­тысу­дың 5 жылдық өтілі. Кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу туралы айтылған. Бүгінде осы жұмыстар іске асырылып жатыр. Судья­лыққа үміткерлер қазіргі кезде сот­тарда стипендия төленетін бір жылдық та­ғылымдамадан өтеді, одан кейін судья бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді.
Барлық сот процестеріне бейне және тас­паға жазу шаралары міндетті түрде ен­гізілді және судьяның бейне жазуды тоқ­татуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмайды деп жазылған Ұлт жоспарындағы 20 қадам то­лықтай жүзеге асырылды. Қазіргі кезде сот залдары 100 пайызға бейнекамералармен жабдықталған. 21 қадамда алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңейту туралы айтылған. Заңды түрде алқа билер соты мін­детті түрде қатыстырылатын қылмыстық істер­дің категорияларын анықтау қажет деп көр­сетілген. Тағы бір жаңашылдық – аза­маттық-құқықтық даулар жөніндегі сот­тар­ға прокурордың қатысуын қысқарту мә­селесі. Прокурордың сот процесіне мін­­дет­ті түрде қатысуы мемлекеттің мүддесі қоз­­ғалған жағдайда соттың немесе про­курордың бастамасымен, өздерін қорғай алмайтын азаматтарға қатысты дауларды шешу кезінде, сондай-ақ тұлғалардың қо­ғамдық мүдделерін қорғау қажет болған жағдайларда ғана сақталады.
Өткен аптада Жоғарғы сот биылғы жыл­ғы бірінші жартыжылдықтағы сот тө­релігін жүзеге асыру қорытындыларын шы­ғарды. Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми 2017 жылғы бірінші жартыжыл­дық­тағы сот төрелігін жүзеге асырудың қоры­тын­дыларына арналған республика судья­ларының кеңейтілген кеңесін өткізді. Онда Қ.Мәми заң үстемдігін қамтамасыз ету жұ­мысының негізгі қорытындыларын мәлім­деді. Атап айтқанда, ол Ұлт жоспары шеңберінде жүргізілген реформалардың сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігіне оң ықпал еткенін атап өтті. Мәселен, соңғы алты айда соттарда азаматтық істерді қарау мерзімі екі есеге қысқартылған. Істердің 62,5 пайызы жеңілдетілген іс жүргізу тәрті­бінде қаралуда. Сот бұйрығы, дауларды ше­шудің баламалы тәсілдері және медиация тәртібінде қаралған істер саны едәуір артқан. Келісімдік тәртіптегі қылмыстық іс­тер саны – 43 пайызға, қысқартылған не­гіз­дегі істер саны 3,5 есеге көбейген. Жаңа ереже бойынша 191 судья іріктеліпті.
140 су­дья­ның кәсіби қызметі жақсы ба­ға­ланып, судьялар корпусы өздерінің кәсіби білік­тіліктерін іс жүзінде дәлелдеді.
Жиында баяндама жасаған А.Рахмету­лин сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының дәлелдемелерді жинақтау мен бекіту бойын­ша қылмыстық-процестік заң талап­тарының бұзылуына байланысты соттардың ақтау практикасын күшейту қажеттігін атап өтті. Департамент басшысы Н.Шәріпов соттардың материалдық-техникалық жа­рақ­тандырылуы мен электронды сот төрелігі туралы айтты. Жаңа технология­ларды қолданудың үлесі айтарлықтай арту­да. Мәселен, барлық келіп түскен өтініштер қатарындағы электронды түрде берілген­дерінің үлес салмағы 89,8 пайызды құрайды екен.
Кеңес жұмысын қорыта келе, Қ.Мәми жаңартылған заңнама жағдайындағы сот жүйесі қызметінің кейбір мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, ол судьялыққа кандидаттардың жас шектелімінің 30 жасқа дейін артқаны, судьялық лауазымдарға жарияланған конкурс қатысушыларының жалпы отырысы қорытындысын алуы мен сот алқасы шешімінің өзгеру тәртібін еске салды. Жоғарғы сот төрағасы қылмыстық процесті кезең-кезеңімен жаңғырту мен сотта өкілдік ету институтын кешенді же­тіл­дірудің келешек бағыттарына тоқталды, сондай-ақ тұрғындардың соттарға деген сенім деңгейінің артқанын атап өтті.
Қ.Мәми алдағы бірқатар басым мін­деттерді айқындады. Солардың қатарында сот әкімшілігін реформалау, судьялық кадрларды дұрыс іріктеу және біліктілігін арттыру, судьялардың жүктемесін азайту, сот ісін жүргізуде ақпараттық технология­ларды кеңінен енгізу, сондай-ақ тұрғын­дар­дың сотқа деген сенімін арттыру бойын­ша жүйелі жұмысты атап өтуге болады.
Жоғарғы сот төрағасы бірыңғай сот прак­тикасын қалыптастырудың маңыз­дығын айта келе, алғашқы жартыжылдықта Жоғарғы соттың 6 нормативтік қаулысы қабылданғанын және бұл бағыттың одан әрі күшейе түсетіндігін атап өтті. Жекелей алғанда, ол соттардың ғана емес, өзге де мемлекеттік органдардың бірқатар негізгі мәселелерін шешуді көздейтін «Болашақ­тың соты» атты жаңа жобаны іске асыру қажеттігін атап өтті. Қ.Мәми банктік несие, қарыз беру, кеңсежайды жалға алу, комму­налдық қызметтермен байланысты істер бойынша бұйрықтық іс жүргізу институтын кеңінен қолдануды тапсырды. Еліміздегі Жоғарғы сот кеңесі төрағасының өкіміне сәйкес, Алматы мен Астана соттарында но­тариалдық жазба институтын қолдану аясын кеңейтудің пилоттық жобасы іске асырылатын болады. Ахуалдық орталықты құру жұмысы да аяқталуға жақын. Ол сот жұмысына мониторинг жүргізудің талда­малық мүмкіндіктерін неғұрлым арттырады деп күтілуде.

 Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*