Сөреде – өзіміздің өнімдер

1032
0
Бөлісу:

Қазақстан экономикасын әртараптандыру, негізгі екпінді шикізат өндіруші сектордан дайын өнім шығаратын салаға ауыстыру туралы ұсыныстар бұрыннан айтылып келеді. Осы бағытта бірнеше салалық бағдарламаларды бекіткен Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2015 жылдың 11 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қазақстанда жасалған» акциясын бастау туралы тапсырма беріп, барлық қазақстандықтарды отандық өнімдерге қолдау білдіруге шақырды. Өз сөзінде барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы болуы керектігін баса айтқан Елбасы: «Біз қай кезде де отандық өнімдеріміздің тұрақты тұтынушысы болуымыз керек» деген болатын.

Жуырда Алматы қаласында толықтай отандық өнімдер саудаға қойылатын, тәулік бойы жұмыс істейтін From KZ концептуалды дү­кені іске қосылды. Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаумен айналысатын «Ұлы Жібек жолы» қауымдастығының бас­тамасымен құрылған дүкендегі сауда орын­дары барлық отандық тауар белгілері үшін тегін беріледі. «Осы уақытқа дейін «Сауда қа­тарларындағы отандық тауарлардың ба­ғасы шетелдік баламалармен теңдесіп тұр. Олар­дың өз елімізде өндірілгеніне қара­мас­тан, қымбат болуы халықтың қалтасына сал­мақ түсіреді» деген шағымдар жиі айты­лып жүр. Шындығында жалға алатын орын­дардың қымбат болуы, таныстыруды қажет ет­пейтін шетелдік брэндтермен салыстыр­ғанда, ел құлағына жеткізуді талап ететін отан­дық тауардың жарнама компаниясы, қыз­меткерлерге төленетін ақы шығындарын қос­қанда, өнімнің соңғы бағасы бірнеше есе көтеріліп шыға келеді. Сондықтан біз на­рықтағы ең төменгі бағаларды орнату үшін, отандық тауар өндірушілерден жалға беру ақысын алмаймыз», – дейді дүкеннің не­гізгі құрылу мақсаты мен ерекшелігін ақтарыла әңгімелеген қауымдастық басшы­сы Екатерина Ким.
Жалпы аумағы 1 мың шаршы метрді құ­рай­тын дүкенде 5 мыңға жуық отандық тауар белгілері саудаға қойылады. Қазірдің өзін­де 200-ге жуық киім мен аяқкиім, 100-ге жуық азық-түлік, 40 ауылшаруашылық,
15 кос­метикалық және тұрмыстық химия өнім­дерінің түрлері дүкен сөрелерінен орын тапқан. Жоба жетекшілері тауар өндіру­ші­лерін жалға берілетін ақыдан босатқанымен, пайданың 10 пайызына ортақтасу туралы келі­сімге отырады. Егер кәсіпкердің сауда­сы болмай, өнімі сатылмаса, дүкен басшы­лы­ғы да үлес сұрамайды.

«Отандық тауар өндіруші компания­ларды әріптестік орнатып, дүкеннің сауда қатарын толықтыруға шақырамыз. Тұтынушыларға сапалы тауар жеткізу үшін, бізге келіп түскен ұсынысты жіті қарап, өнімнің экологиялық таза болуын сараптан өткіземіз. Барлық талаптарға сай болған жоғары сапалы отандық тауарға біздің сөрелерімізден орын қашан да табылады» деп кәсіпкерлерге шағын үндеу жолдаған Екатерина Ким әңгімесін ары қарай былай жалғады: «Біздегі тауарлар тікелей тауар өндіру­шінің өзінен ешқандай делдал қыз­метінсіз дүкенге жеткізіледі. Бұл да – өнім бағасын қалыпты ұстап тұру мақ­сатында жүзеге асырылған шара. Келесі бір маңызды мәселе, дүкендегі тауарлардың жарнамасын біз толықтай өз мойнымызға алып отырмыз».
Қазіргі таңда кәсіп жүргізудегі әлеуметтік желілердегі маркетингтің маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Халықтың отандық тауарларға деген қызығушылығын арттырып, дүкеннің тұрақты тұтынушыларының қатарын көбейтуге қазақстандық белгілі блогерлерден құралған арнайы топ жұмыс істейді. Дүкендегі кезекті іс-шараның бейнетүсірілімін жасап жүрген блогер Мәди Айтимов көпшілікке арналған жеңілдіктер мен тартымды жобалар туралы бізбен қуана бөлісті: «Бүгін нәзік жандылар қауымының қатысуымен, сәнге арналған мереке өтіп жатыр. Байқау нәтижесінде, анықталған жеңімпаздар кәсіби сәнгерлердің қолынан бетін әрлеп, дүкендегі киім коллекциясынан тегін көйлектерді сыйға алады. Өткен жолы мен жастарға арналған фотосурет байқауын өткіздім. Мұндағы өзге қыз-жігіттердің қаты­суымен күн сайын қызықты танымдық бейнероликтер түсіріліп, көңілді шаралар ұйымдастырылады. Дүкенде қазір барлық өнімдерге 30-70 пайыз аралығында жеңілдіктер қарастырылған. Біз отандық өнімдерге деген жылы көзқарас пен көпшіліктің жоғары бағасын қалыптастыру жобасының бір бөлігі болғанымызға өте қуаныштымыз».
Алматы облысында ірімшік өндіретін Formaggio Almaty сауда белгісінің иелері бұрын тек арнайы жәрмеңкелерге қатысып, өнімін әлеуметтік желідегі парақша арқылы түскен тапсырыстар бойынша ғана саудалап келген. Енді дүкеннен арнайы орын алып, тұтыну­шылардың назарына ірімшіктің әртүрлі дәмдегі бірнеше түрін ұсынып отыр. Тараз қаласынан келген дизайнер Ләззат Сәбитқызы да өзінің ұлттық нақыштағы киімдер үлгісін бұрын қаладағы ірі сауда үйлерінің бірінде сатып келгенін айтып, өзіне ұсынылған мүмкіндіктен алған әсерін ортаға салды: «Мен бұрын сауда үйіндегі орнымда әр шаршы метр үшін 10 мың теңгеден төлейтінмін. Мұнда барлығы тегін. Жоба ұйымдастырушы­лары халық көп келетін демалыс күндері пайдадан алатын үлестерінен мүлде бас тартып отыр. Бұл – біздің бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруға берілген үлкен мүмкіндік деп есептеймін».
Алматы қаласының тұрғыны Алина Джанзакова балалар киімдері қатарынан кездестірдік. Әр көйлектің өңіріндегі тігісін жіті тексеріп тұрған жас анадан отандық өнімнің сапасын сұрағаны­мызда, ол: «Бұл менің From KZ дүкеніне алғашқы келуім. Бұрын балалар киімін ірі сауда орталықтарынан алатынбыз. Қазір салыстырып қарасам, дайындалу техникасы, тігісі мен мата сапасы жө­нінен біздің тауарлар шетелдік киім­дерден еш кем түспейді екен. Бағасы да көңілге қонымды», – деді күлімсіреп.
Тағам өнімдерінен бастап, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын заттар мен отандық дизайнерлердің ерлер мен әйелдерге, балаларға арналған киім үлгілері, аяқкиім мен сөмке, әмиян, кәдесыйлар, тіпті балалар ойыншық­тарына дейін кең көлемді тауарлар ұсынатын жобаның жалпы құны – 120 млн теңге. Жақын болашақта отандық тауарлар саудасымен айналысатын дүкендер желісін Қазақстанның өзге қалаларынан да ашу жоспарланып отыр. Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ерекше бағалаған Казкоммерц банкі дүкенге берілген аумақ ақысы төлемін жеңілдету үшін 6 айға дейінгі қаржылық каникулдар қарастырып отыр.
«Ең жақсысы, өйткені өзіміздікі» деген ұранды ұстанатын дүкеннің бас­та­масына сәттілік тілеп, тұрақты тұтыну­­ш­ысы боламыз деген уәдемен қоштас­тық. Қазақстанда 2016 жылдың 1 қаң­та­рын­дағы есеп бойынша 1 млн 530 мың 341 шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілері тіркелген. Олардың мем­ле­кеттің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 26 пайыз шамасында. Шағын және орта кәсіп­керлік субъектілері экономиканың не­гізгі қозғаушы күші саналатын да­мыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 пайыз. Ел экономикасының жедел дамып, ішкі нарықты былай қойғанда, әлемдік сауда қатарларында «Қазақстан­да жасалған» белгісінің тауарлары жүр­генін қаласақ, кәсіпкер­лерге көрсе­тіле­тін қолдау мен олардың жолындағы әкім­­шілік, өзге де кедер­гілерді жоюға, ха­­лықты отандық өнімді тұтынуға ын­та­лан­­дыруға барлық жағдай жасалуы керек.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*