Цифрлық дәуір: Қазақстанның мүмкіндігі қандай?

2211
0
Бөлісу:

Адамзат эволюциясы тас, қола, темір тіпті индустрия дәуірін бастан кешірді. Ендігі кезекте сандық дәуірге аяқ бастық. Біраз жыл бұрын электронды кітаптар, оның қарапайым түрін қолданыстан ығыстырады деп сенетінбіз. Дәл сол секілді, телеарналар пайда болғанда да бүкіл адамзат газеттің күні бітті деп есептеген еді. Бүгінде сандық технологиялардың пайда болуымен телевидениенің болашағына деген сенім азая бастады. Осы секілді жаңа технологиялардың өмірімізді түбейгейлі өзгертетіні талай жерде айтылып, жазылып та жүр. Тіпті Мемлекет басшысының өзі биылғы Жолдауында «Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер әрі ұлтқа берілген мүмкіндік» деп айтқанын білесіз. Ендеше, бүгін «Цифрлық Қазақстанға» айналу жолында жасалып жатқан іс-шараларға тоқталатын боламыз.

Жоғарыда телеарнаны бекер сөз еткен жоқпыз. Себебі, осыдан бірер жыл бұрын Елбасының қатысуымен Астанада өткен Индустриалды фо­румда «Қаз­телерадио» еліміздегі алғашқы Galam TV интернет-телевидениесі таныс­тырған болатын. Бұл жобаның жүзеге асырылуы ұлттық телерадио хабарлардың таралымын біршама жеңілдетуі қажет еді. Бірақ кең қолданыстағы браузерлерде дұрыс жұмыс істемеуінен және мобильді қосымшада кемшіліктер болғандықтан, ол халық арасында аса бір сұранысқа ие бола алмады. Тіпті тіркелудің өзі тұрақты емес әрі сенімсіз еді. Жақында «Қазте­лерадио» мен Ақпарат және коммуни­кация ми­нистр­лігі осы жобаны қайта жаңартқанын хабар­лады. Ақпарат ми­нистрі Дәурен Абаевтың айтуын­ша, модернизацияның бірінші кезеңі аяқтал­ған. Енді Galam TV интернет-телеви­дениесінің мобильді қосымшасын оңай жүктей аласыз әрі ол барлық браузерлерде толыққанды жұмыс істейді.

Бір кездері американдықтар бағдар­ламаны кері айналдырып қайталап көре алады екен десе таңырқайтынбыз. Енді бұл мүм­кін­дік өзімізге жеткенін көріп отырмыз. Мұндай сервистер адам­ға өз уақытын өзі басқаруға мүмкіндік беретіні шындық. Оның тағы бір артықшылығы әлемнің кез келген нүктесінде отырып еліміздің телеарналарын тамашалау мүмкіндігінде болып отыр. Дәурен Абаев­тың айтуын­ша, интернет-телеви­дениені жетілдірудің келесі кезеңінде «видеоны іздеу», тіл таңдау, өзіңе ғана қажетті телеарналар пакетін құру, рей­тинг жүйесі, жеке каби­нет секілді сервис­терді қосу жос­парланып отыр. Сонымен бірге, «Қазіргі таңда, интернет-тара­лым­­ның пакеті тегін әрі онда 24 қазақстандық және қолжетімді тарифтегі 100 шетелдік телеар­налар қосылған» деді ол.
Министр болашақта қазақ­стандық ғылыми мақалалар, жур­налдар мен музыка, фильм және кітаптардың сандық жүйесін жасау жоспарланып отырғанын да айтты. Міне, бұл «Цифрлық Жібек жо­лын» құрудағы еліміздің алғашқы қа­дамдарының бірі болмақ.
Телевидениенің интернетке бейім­делуін жарнама нарығының сұранысы­мен де байланыстыруға болады. Соңғы кездері телеарнаға жарнама берушілердің көпшілігі интернет-басылымдарды құп көріп жүргенін байқауға болады. Мұндай тенденцияның өріс алуы жарнама ауди­ториясының бір­тіндеп онлайн-сер­вистерді тұтына бастағанын білдіреді. TNS Central Asia компаниясының дерек­теріне сүйенсек, Қазақстан­ның тележар­нама нарығы 2016 жылы 35 пайызға кемігенін көре­міз. Әрине, мұны соңғы жыл­дардағы экономикалық келеңсіз­діктермен, соның нәтижесінде төмендеп кеткен тұтынушылық белсенділікпен де байланыстыруға болар, бірақ 2015 жылмен салыс­тырғанда интернеттегі жарнама ауқымының 11 пайызға арт­қа­нын назардан тыс қалдыра алмаймыз.
Дегенмен көз алдымызға сан­дық те­леар­налар туралы қандай да бір ди­намиканы елестету үшін мына деректерді салыстырып қарасақ деймін. Мысалы, 2012 жылы цифрлық телевидениемен қамтылған халықтың үлесі 23% болатын, 2016 жылы бұл көрсет­кіш 77,5 пайызға жетті. Ал 2017 – 2020 жылдарға арналған «Цифр­лық Қазақстан» бағдарламасының нәтижесінде 2019 жылы цифрлық телевидение эфирін тамашалай алатын тұрғындар 95 пайызға жетуі керек. Телевидениенің сан­дық технологияға өтуі уақыт талабы ғана емес, сонымен бірге, мемлекетіміздің ұлттық, рухани қауіпсіздігіне және бағдарламада айтыл­ғандай, «халықтың елдегі және әлемдегі оқиғаларға қандай көзқараспен қарауына байла­нысты».
Ақпараттық қауіпсіздік ту­ралы айтқанда деректердің қолды болуын немесе жоғалып кетуін айтпай кетуге тағы болмайды. Мемлекеттік мекемелерде жөндеу жұмыстары болғанда немесе ғи­мараты ауысқанда құжаттары жо­ғалған талай адамды кездестірдік. Осындай жағдайда бір жүйеге тоғыстырылған ақпарат алаңы таптырмас мүмкіндік екенін тү­сінесің. Бұл сөзімізді бағдарламада көрсетілген мына мағлұмат дә­лел­дей түскендей. ЕМС ком­пания­сының Global Data Protection Index талдамалық есебінің деректері бойынша 2012 жылдан бастап әлем бойынша жоғалған ақпарат көлемі 400 пайызға өскен. Олардың жалпы көлемі шамамен 2,36 тирабайтқа жетеді.
Сандық технологиялардың өмірімізге енуіне қолдау көрсе­тетін мемлекеттік бағдарламаның тағы бір тармағы қағазбасты­лықтан арылуды көздейді. «Бел­сенді мемлекетке өту» барысында электронды үкімет пен «бір те­резе» жобасына негізделген Ха­лыққа қызмет көрсету орталық­тарының жұмысынан бөлек, денсаулық сақтау саласына да өзгерістер енгізіліп жатыр. Ендігі жерде дәрігерлер сіздің ден­сау­лығыңыздың тарихын қатпар-қатпар қағаздан емес, монитор­дағы тетіктерді басу арқылы ғана қарайтын болады.
Денсаулық сақтау министр­лігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бойынша Электрондық медици­налық карталармен қамтамасыз етілген халықтың үлесін 50 пайыз­ға жеткізу жоспарланған. Сонымен бірге, соғыс ардагерлері мен қарияларға және көпбала­лалы аналарға арналған check-up орталықтар ашылады. Мұнда да барлығы соңғы технологиямен жабдықталып, заманауи медици­налық құралдармен қамтылады. Яғни, барлығы бір жерде орна­ласқан хаттарға арналған орталық болады.
Әлемдік тәжірибеде электрон­ды медициналық карта медици­налық ұйымдар арасында науқас туралы ақпаратты жария етілмей таралуын қамтамасыз ете алатын қауіпсіз жүйе ретінде бағаланып отыр.
Қызметтің мұндай түрін пай­да­ланғанда қосымша проблемалар туындайтыны шындық. Сол себепті, АҚШ-тың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыз­дандыру министрлігі Стандарттар және технологиялар ұлттық инс­титутымен (National Institute of Standards and Technology) бірігіп, денсаулық сақтау саласындағы IT жобаларды стандарттау және сертификаттауды қолға алған. Бұл жолда АҚШ-ты еуропалық елдер басып озатын көрінеді, себебі, олар денсаулық сақтау са­ласындағы информацияландыру барысындағы қауіпсіздікке ер­терек көңіл бөле бастаған. Батыс мемлекеттеріндегі мамандар электронды медициналық карта дәрігерлер мен пациенттердің қарым-қатынасын жеңілдетеді деген пікірде. Оның бірі медици­налық қызметкерлерге науқас туралы нақты ақпарат беру бол­мақ. Бұл емделушінің медицина­лық қызметтерге жүгінгенде бел­сенді болуына көмектеседі.
Еліміздің медицина қызмет­кер­лерінің айтуынша, бағдарлама қарапайым және емхананың кез келген қызметкеріне қолдануға қолайлы. Өйткені ол дәрігерлер осыған дейін қолданған және оның базасында Денсаулық сақ­тау министрлігінің республика­лық электронды орталығы жұ­мыс жасайтын «АИС емхана» бағдар­ламасына ұқсайды. Бастапқыда дубляж жүрді, ақпарат екі бағдар­ламаға қатар енгізілетін. Олар біріктірілгеннен кейін емханада тек КМАЖ қолданылады. Ендігі кезекте медициналық карталарды жүйелеу жұмыстары тұр.
Мемлекеттің жаңа заманға ілесу үшін жасап жатқан шара­ла­ры тағы бір проблеманың тууына негіз болады. Ол – орта жас­тан асқан тұрғындардың тех­но­логия­ны игеру деңгейі. Бұрын­дары смарт­фоны бар қария кісіні көр­сек таңдана қарайтынбыз. Қазір бұл үйреншікті жағдайға айналды. Себебі, елдің түкпір-түкпірінде егде кісілердің IT сауат­тылығын арттыру мақса­тында тегін курстар ашылуда. Осындай жобалардың бірі – Digital Life мобильді білім беру жобасы.
Соңғы екі жылда оған қатысу­шылардың саны 6 мыңнан асты. Бұл тренингтерге мектеп оқу­шыларынан бастап, ата-аналар, мұғалімдер, қариялар мен сту­дент­тер, тіпті журналистер мен кәсіпкерлер де келіп смартфонды пайдаланудың қыр-сырын мең­гереді.
Ата-апаларға арналған курсқа қатысқан алматылық зейнеткер Полина Тайбекова сыйлыққа смартфон алғаннан кейін оны пайдалана алмай, біреуге сыйға тартамын деп шешкен. Бірақ Digital life курсын көргеннен кейін мобильді телефонын өзі пайдалануды үйренген екен.
Ол мессенджерді пайдала­нуды, фотосуреттер мен видео түсіруді және оны WhatsApp ар­қылы жолдауды үйренген. «Кіш­кентай қаріптер смартфонымды ұзақ пайдалануға мүмкіндік бер­мейді. Енді планшет нағыз бүкіл әлемге ашылған терезе: интернет­ке кіруге болады, музыка тыңдап, Youtube арқылы фильм көруге болады», – дейді зей­неткер.
Статистика комитетінің мәлі­мет­тері бойынша, еліміздегі компьютерлік сауаттылық деңгейі 2015 жылы 77 пайызға жеткен. Салыстырып айтқанда, 2008 жылы бұл көрсеткіш 18,7 пайыз болған. Одан бері халықтың компьютерді меңгеруі төрт есеге өскенін көреміз.
«Цифрлық Қазақстан» бағдар­ламасында 2021 жылға қарай халықтың 7,5 пайызын, ал кәсіп иелерінің 1,4 пайызын компью­тер­лік сауаттылыққа оқыту көз­дел­ген. Бағдарлама сәтті жүзеге асса, бес жылдың шама­сында тұр­­ғындардың цифрлық сауат­тылық деңгейі 81 пайыздан асатын болады. Бұл – халықтың жартысынан көбі күнделікті өмірде жаңа технологияларды пайдалануға дайын екендігінің айқын көрсеткіші.

Кәмила ЕРКІНҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*