Өндіріс көрігін қыздырған өңір

1197
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының тапсырмасымен кеше Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ауыл-аймақты аралауын жалғастырып, жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды. Бұл өңірде де Үкімет басшысы Елбасының биылғы жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысымен танысты.

Айта кеткен жөн, Павлодар облы­сы – төсі зауыт-кәсіпорындарға толы өндірістік өңір. Оның жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) жалпы құрылымында өнеркәсіптің үлесі 49,3%-ға жетеді. Көлік және байланыс саласы – 13,1%-ды, сауда – 7,2%-ды, құрылыс – 2,5%-ды, ауыл шаруашылығы – 2,2%-ды, басқалары 25,7%-ды құрайды. Өңірде 16 жүйеқұрушы кәсіпорын бар. Олар облыстың барлық өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 81,5%-ға жуығын қамтамасыз етеді.
Үкімет жетекшісінің жұмыс сапары облыстың Баянауыл ауда­нынан басталды. Онда туризмді дамыту, инфрақұрылымдық даму мәселелері, сондай-ақ «Қа­зақстанның киелі жерлерінің географиясы» және «Туған жер» жобалары аясындағы міндеттер қаралды.
Осыдан кейін Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның ин­дус­трия­лық-инновациялық да­муының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­масы ая­сында «Бозшакөл» тау-кен байы­ту комбинатын аралады. Премьер кәсіпорынды жобалық қуаттылығына шығару бойынша жұмыс кестесімен танысты. Kaz Minerals PLC басқарма төрағасы О.Новачук 2017 жылы жобалық қуаттылығына шыққаннан кейін «Бозшакөл» ТБК-да жыл сайын катодты эквивалентте 100 мың тонна мыс өндірілетінін баяндады. Жобаны іске асыру аясында 1500 жұмыс орны құрылды. Еңбек өнімділігі Қа­зақстандағы мыс өндіретін өзге кәсіпорындарға қарағанда 15 есе жоғары екен. Өндірісте озық жабдықтар мен технологиялар пайдаланылды, бұл саладағы ха­лықаралық стандарттарға сәйкес автоматтандыру мен ци­фрландырудың жоғары деңгейіне жетуге мүмкіндік берді.
Б.Сағынтаев теміржол білігі мен қос дөңгелек шығаратын R.W.S. Wheelset ЖШС зауыты­на және жылдамдықты жыл­жы­малы құрамдар үшін ба­ғыт­тамалық бұрмалар мен теміржол дөңгелектерін шы­ғарумен ай­налысатын «Проммаш­комплект» ЖШС-на барды.
R.W.S. Wheelset ЖШС директоры А.Слободов жоғары технологиялық өңдеуші және өлшеу жабдығы кешенінің, өндірістік үдерістерді авто­маттандыру жайын, қозғалыс жүйелерінің жұмыстары туралы баяндады. Кәсіпорынның өн­дірістік қуаттылығы жылына 10 мың қос дөңгелек пен 32 мың теміржол білігін құрайды. Кәсіпорында Жаңғырту 3.0 бағ­дарламасын іске асыру ая­сында осында шығарылатын қос дөңгелек пен таза біліктердің аталымын ұлғайту көзделіп отыр. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының президенті Қ.Алпысбаевтың айтуынша, ол «ҚТЖ» мен республиканың вагон жөндеу кәсіпорындарын инновациялық технологиялармен шығарылған, жүк вагондарына арналған теміржол біліктерімен, қос дөңгелектермен қамтамасыз етеді. Осыған орай, «ҚТЖ» онымен аталған өнімдерді 2020 жылға дейін жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қою туралы хаттамалық шешім қабылдады.
«Проммашкомплект» зауы­тының директоры А.Хачатурян өндірісті қарқындату, еңбек өнімділігі мен өнімнің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру бойын­ша қабылданып жатқан шара­лар туралы мәлімдеді. Бұл зауыт Жаңғырту 3.0 аясында 2018 жылдың басында жаңа қуат­тылықтарды іске қосуды жоспарлап отыр. Дөңгелек өн­дірісін жаңғырту қосымша 400 жұмыс орнын ашуды көздейді.
Премьер осы күні Қазақстан­дағы мұнай өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі – «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС жаңғырту барысын тексерді. Жаңғырту – басқару жүйесін автоматтандырудан, энергия үнемдейтін және экологиялық таза технологияларды енгізуден тұрады. Бұл шикі мұнайды қайта өңдеу бойынша өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
«ПМХЗ» бас директоры Ш.Данбай жаңғыртуды аяқ­тағаннан кейін жоғары октан­ды бензин өндірісі 297 мың тоннаға ұлғаятынын, сондай-ақ халықаралық Jet A1 стан­дартты авиаотын өндірісі қам­тамасыз етілетінін баяндады. Жаңғыртудан кейін ақшыл мұнай өнімдері өндірісі жылына 333 мың тоннаға артады. Зауытты жаңғырту аясында сондай-ақ қолданыстағы қондырғыларды жөндеу жүргізілуде, бұл жыл соңында К4, К5 стандартты дизель отынын және авиациялық отын өндіруді бастауға жол ашпақ.
Сапар аясында Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қа­зақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауын іске асыру аясында облыстың өнеркәсіптік кәсіп­орындарын технологиялық жаңғырту мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізді. Сон­дай-ақ ол «Павлодар» ар­найы экономикалық айма­ғы­на барып, облыстың биз­нес қауымдастығының өкіл­де­рі­мен кездесті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үй­лердің құрылыс қарқынымен және осы бағдарламаның ин­фрақұрылымдық міндеттерін іске асыру жұмыстарымен де танысты.

Дайындаған Елдос Сенбай

Бөлісу:

Пікір жазу


*