Дуалды білім жүйесі 420 колледжде жүргізілуде

1652
0
Бөлісу:

Ел Президенті Н.Назарбаев: «Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек» деп атап өтіп, кәсіптік білімді жаңғырту және өндірістің әр саласы үшін мамандар даярлау жүйесін жетілдіру мақсатында дуалдық оқыту бағдарламасын енгізуді ұсынған болатын. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде нәтижелі жүзеге асқан жобаның еліміздегі дамуы мен келешек мақсаттары жөнінде білу үшін, осы мәселе төңірегінде біраз пікір қаузап көріп едік. 

Дуалды білім беру жүйесі – теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік бе­ретін оқыту бағдарламасы. АҚШ, Герма­ния, Австрия, Швейцария, Оңтүстік Корея және тағы басқа мемлекеттерде кеңі­нен қолданыста жүрген бұл бағдар­лама бойынша техникалық мамандықта білім алатын студенттердің дәрістерінің көп бөлігі мамандықтарына сәйкес кә­сіпорынның қабырғасында өтеді. Мұндай білім жүйесі қандай мәселелерді шешеді? Бұл бізге керек пе?
Біріншіден, бұл жүйе бойынша оқы­тушылар құрамы техникалық өндірістің қыр-сырын жетік меңгерген компания қыз­меткерлерінен жасақталады. Екін­шіден, жоғары оқу орны, кәсіпорын мен студент арасында жасалатын келісімшарт негізінде жүзеге асатын білім беру бағдар­ламасын құруға өнеркәсіп жетекшілері тікелей қатысады. Мектепті тәмамдаған оқушы жоғары оқу орнынан бұрын, онымен келісімге отырған кәсіпорын­дардың тізімін қарайды. Өзінде жұмыс істейтін болашақ мамандардың қатарына қабылданған студентке шәкіртақы төлеу, оқу орындарын үйлестіру шығындарын кәсіпорын өз мойнына алады.

Әлем тәжірибесіне үңілсек…
Германияда ірі кәсіпорындардың 90 пайызы, әрбір бесінші шағын өндіріс орны студенттерді оқуға қабылдайды. Білім алушылардың 68 пайызы оқу бітір­геннен кейін өз компаниясында жұмысқа қалады. Италияда кәсіпкерлерге өздері оқытқан студенттердің кем дегенде 50 пайызын қызметке алып қалуды мін­деттейтін заң бар. Бразилия кәсіпорын­дарына арналған мұндай міндеттеме 5-15 пайыз аралығындағы студенттерді қам­тиды. Дуалды білім беру жүйесіне ерекше жылы қарайтын Ұлыбританияда 2020 жыл­ға қарай 3 млн студентті қамтитын үл­кен жобаның жоспары бекітілген.

Қазақстанға бұл жүйе неге керек?
Шикізат секторынан өнім шығару бағытына ойысуды мақсат тұтқан Қазақстан үшін техникалық мамандықты игерген студенттер көптеп керек. Бұл салада бөлінетін мемлекеттік гранттардың жылдан-жылға ұлғаюы да – осы маман тапшылығын жою үшін қолға алынған шара. Қазіргі жүйенің бір кемшілігі – гуманитарлық саламен салыстырғанда, дәлдікті, терең білім мен тәжірибені аса қажет ететін техникалық мамандықты бітіруші түлектердің көбі 3-4 жыл ішінде бірде бір арнайы құрылғының басқару тетігін қолына ұстамастан, ескі оқулық­тармен ақпараттанып шығады. Талапқа сай келмеген студенттердің жұмысқа орналаса алмайтыны белгілі. Олай болса, мемлекет оларды оқытуға ақша бөліп, кейін­нен дәл сол азаматтардың жұмыс­сыздығымен күреске қайта шығындануға мәжбүр. Оқу аптасының 1-2 күнін ғана жо­ғары не арнайы оқу орнында теория­лық ақпарат жинауға жұмсап, қалған уақы­тын кәсіпорында жұмыс істеуге ар­найтын студенттің өз мамандығы бойын­ша еңбек етуге білімі жетпей не жұмыссыз қалу ықтималдылығы төмен. Өйткені олардың жұмыс орны оқуға түспей жатып, анықталады. Теорияны практикада қол­дана алмайтын сауатсыздық мәселесі тү­бегейлі шешіледі.

Кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді?
Алматы қаласы кәсіпкерлер пала­та­сы­ның техникалық және профессионалды оқыту саласын қолдау бөлімінің сарап­шы­сы Елена Панкратованың пікірінше, біз­де­гі кәсіпорындардың көбі оқыту бағ­дар­ла­ма­­ларына қаржы жұмсауға дайын емес. «Мә­селен, Германияда кәсіпкерлік субъек­ті­лері жыл сайын осы мақсатта 23 млрд еуро жұмсаса, мемлекеттің шығыны – 3 млрд еуро көлемінде ғана. Бұл елде тір­кел­ген 3,6 млн кәсіпорынның 500 мыңға жуы­ғын­да белсенді қолданылатын дуалды білім беру бағдарламасының түлектері еңбек нарығының 54 пайызын құрайды. Мұнда заңнамалық реттеу, кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасап беру – мемлекеттің жауапкершілігіндегі дүние. Бізде дуалды білім беру жүйесін қолдап, оны өз тәжіри­бе­сінде қолданған кәсіпорындарға қандай же­ңілдіктер қарастырылатыны заң жүзінде бекітілмеген» деді ол. Жоғарыда айтылған пікірмен Парламент Мәжілісінің отыры­сын­да Білім және Ғылым министрлігінің вице-министрі Бибігүл Асылова да ке­лі­се­ті­нін білдірді: «Кәсіпорындардың дуалды оқыту жүйесіне жауапкершілікпен қа­ра­уы­на кедергі келтіріп отырған мәселе – олар­дың иығына түсетін шығындардың көп болуымен байланысты. Осы уақытқа дейін Ұлттық экономика министрлігіне өндіріс орындары үшін ынталандыру шараларын енгізу туралы ұсыныс берілген болатын. Бірақ олар кәсіпкерлік субъектілеріне білім беру саласына қосқан үлесі үшін қа­рас­тырылған салықтық жеңілдіктер бар еке­нін алға тартып, ұсынысты назарға алмады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атал­­ған салықтық жеңілдіктердің тиім­ді­лі­гін тексеріп, сараптан өткізуі керек. Дуалды оқыту жүйесіне қолдау білдірген өндіріс орындарына арналған жаңа ынталандыру шараларын бекітіп, Салық кодексіне енгізу қажет».
Дегенмен Еуроодақтағы кәсіпорындар ара­­сында жүргізілген сауалнама нәти­же­ле­рі дуалды оқыту жүйесі өзін-өзі ақтайтын, инвестиция тұрғысынан тартымды жоба екендігін дәлелдеді. Мұндағы маман­дар­дың пайымдауынша, білім беру саласына жұмсалған инвестицияның кәсіпорындар үшін келесідей тиімді тұстары бар: сту­дент­терге оқу процесі барысында ел ішін­дегі минималды жалақы мөлшері төле­не­тін­діктен, бұл нарықтан өзге маманды қызметке алуға қарағанда әлдеқайда үнем­ді; оқу бітірген жас мамандарды кәсіпорын бағытына сай қайта даярлап, біліктілігін арттыруға жұмсалған уақыт пен қаржы өндірісті тежейді; аса танымал емес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыс іздеуші жастардың назарында болуға, мемлекеттен қолдау алуға, әлеу­мет­тік бағдарланған мекеме ретінде жақсы имидж қалыптастыруға пайдалы.

Біздегі жағдай қалай?
Дуалды оқыту бағдарламасын Қазақ­стан­ның білім беру жүйесінде сынап көру туралы пікір 2012 жылдан бастап айтылып келеді. Білім және Ғылым министрлігінің 2017 жылы 24 ақпандағы мәліметіне қара­ған­да, қазір елімізде дуалды оқыту жүйесі техникалық, технологиялық, ауыл шаруа­шылық бағыттары бойынша 421 кол­­леджде (республикадағы колледж­дер­дің жалпы саны 51,5 пайызы) жүргізіледі. Бағдарламаға 2433 кәсіпорын қатысып, 27 мың студент қамтылған. Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы Білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында дуалды оқыту жүйесімен жұмыс істейтін коллед­ж­дер­дің үлесін 2019 жылға қарай 80 пайызға жет­кізу көзделген.
Энергетика министрлігінің депар­та­мент басшысы Сатжан Каримовтың мә­лім­етінше, еліміздегі дуалды оқыту жүйесі 60/40 жүйесі бойынша (оқу уақытының 60 пайызы – өндіріс орнында, 40 пайызы – жоғарғы не кәсіптік білім беру мекемесінде өтеді) жүзеге асады. Студенттің кәсіпорын қабырғасында өткізген уақыты үшін еңбек өтілі жүреді. Қазірдің өзінде мұнай сала­сын­дағы бірқатар компаниялар дуал­ды оқыту жүйесін қолданысқа енгізіп отыр. Олардың қатарында Павлодар мұнай өңдеу зауыты, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ бар.
Білім және Ғылым министрлігінің экс вице-министрі Мұрат Әбенов Германияда сәтті жүзеге асқан дуалды білім беру жүйе­сі­нің Қазақстанда дамуы неге кешеуілдеп жат­қанын былай түсіндірді: «Германияда қандай салаға қанша маман керектігі жө­нін­де ақпаратты мемлекетке кәсіпорындар береді. Онда жұмыс орны дайын емес адамды оқытпайды. Бізде барлығы кері­сін­ше. Мемлекет қаржысына үміт артқан бір колледж мемлекетке өзінің 500 трактор жүргізушісін дайындауға қабілеті барын айтады. Кеңес дәуірінен қалған ескі кітаптармен оқытылған сонша маманды қай өнеркәсіп орны жұмысқа алуға құ­лық­ты екендігі тағы белгісіз. Осылай еңбек нарығы жаңа жұмыс­сыз­дар­мен толыға береді”. Еліміздегі дуалды оқыту жүйесінің ілгері дамуына кедергі болып отырған тағы бір факторды Білім және Ғылым министр­лі­­гінің техникалық және кәсіптік оқыту департаментінің директоры Насымжан Оспанова да атап өтті: «Әлі де болсын, дуалды оқыту жүйесіне қатысуға ниетті кәсіпорындардың белсенділігі төмен. Бұл бірінші кезекте олар үшін пай­далы жоба екендігін түсіндіріп, ақпараттық жұмыс­тар­ды жолға қою керек».
Студенттерді оқуға қабылдарда жұмыс берушілердің сұранысын ескерудің маңыздылығы күн санап артып келеді. Мәселен, сарапшылар қазіргі еңбек нарығында жоғары білімді талап ететін қызмет орындарының саны бар болғаны 15 пайызды құрайды деген болжам жасай­ды. Бұл қалған 85 пайыз жұмыс орнына орта не кәсіптік білімге ие азаматтардың еңбегі қажет деген сөз. Биылдан бастап тегін кәсіптік білім беру туралы бастама қарқынды қолға алынса, қағаз бетінде техниканы жазбай танып, жұмысын игеріп кете алады деген куәлігі барлардың саны тағы да ұлғаяды. Ресми статистикаға сүйен­сек, 2017-2021 жылдар аралығында тегін кәсіптік білім берумен 106,5 мың адам қамтылып, бағдарламаның әрбір қатысушысы үш мамандыққа дейін игеруге мүмкіндік алады. Бағдарлама сәтті жүзеге асса, 2021 жылға қарай еліміздегі білім алу­шы­лардың 40 пайызы жұмысшы маман­дықтарында оқып, кәсіби біліктілігі жоқ азаматтардың үлесі 20 пайызға қысқарады.
Сондықтан жұмыс берушілердің сұранысы төмен мамандықтарға тап­сы­рып, қолында дипломы бар өзге жұмыссыз жастардың қатарын толықтырғанға қара­ғанда, еңбек нарығына қажетті кәсіпті меңгеріп, ел экономикасын көтеруге үлес қосу – бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.

Динара Тілеубек

Бөлісу:

Пікір жазу


*