Астықты өлкенің арыны жақсы

1439
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды, онда ол Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысына қанықты.

Ең алдымен, Үкімет басшысы Петропавл халықаралық әуежайын жөндеу барысымен және оның транзиттік әлеуетін дамыту перспектива­ларымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары А.Федяев әуежай терминалының ғимараты мен ұшу-қону жолағының жөндеуден өткенін, бұл әуе көліктерінің кез келген түрін қабылдауға мүмкіндік беретінін баяндады. Мәлімделгендей, Петропавл әуежайын жөндеу Ресейдің Қорған, Түмен және Омбы облыстарымен шекаралас Солтүстік Қазақстан облысының транзиттік әлеуетін тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді.
Осыдан кейін Бақытжан Сағынтаев жергілікті «Зенченко және К» көпбейінді аграрлық кәсіп­орнының жұмысымен танысты. Онда мемлекеттік қолдау шаралары, сонымен қатар АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру бойынша жобалар іске асырылған. Серіктестік директоры Г.Зенченко Премьерге ауыл шаруашылығында қолданылатын техно­логиялар мен шығарылатын өнімдердің түр­лері туралы баяндады. Серіктестікте өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен кәсіпорынның өнімділігін ұлғайту шаралары жүзеге асырылған. Өндірістік үдерістер автоматтандырылған, алдыңғы қатарлы технологиялар енгізілуде, қажетті минералды тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдар қолданылады.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, Үкімет жұмысы Қазақстанның «аграрлық экспорттық өнімнің ірі өндірушісі» ретінде қалыптасуы бойынша міндеттерді шешуге бағытталған. Осы мақсатта биылғы жыл­дың басында АӨК дамытудың мем­лекет­тік бағдарламасы қабылданды, онда ауыл шаруашылығына қолдау көрсетудің негізгі тетіктері қарастырылған.
Үкімет осы саланың бәсекеге қабілет­тілігін арттыруға жағдайлар жасауда. Соңғы 5 жылда тікелей мемлекеттік қолдау көлемі шамамен 3 есеге артты, астық түсімділігі мен еңбек өнімділігін арттыру­дың жүйелік шаралары қабылдануда. Субсидиялаудың жаңа үлгісін енгізу нәтижесінде, сапалы тұқымдарды егу мен тыңайтқыштарды қолдану көлемі 1,5 есеге өсті. Мемлекет басшысы қол жеткізген уағдаластықтар арқасында ҚХР, БАӘ, Иран және басқа да шетелдік нарықтар ашылуда.
Облыста АӨК дамыту туралы СҚО әкімі Қ.Ақсақаловтың есебі тыңдалды. Кеңестің өзекті тақырыптары бойынша «Мәмбетов және К» ТС бас директоры Е.Мәмбетов, Қазақстан Ет одағының төрағасы М.Бақтыбаев, Картоп өсірушілер және көкөніс өсіруші одағының төрағасы Қ.Бисетаев, Фермерлер одағының пре­зиденті Ә.Дарынов, «Зенченко және К» ТС директоры Г.Зенченко сөз сөйледі.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев кеңесті қорытындылай келе, Ұлттық экономика министр­лігіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндіру­шілерге салық салу мәселесін пысықтауды, ал Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне субсидиялау тетіктерін жетілдіре түсу мәселелерін бақылауға алуды тап­сырды. «ҚазАгро» холдингіне аграршылар ұсынған инвестициялық жобаларды қарау жүктелді.
Жұмыс сапары кезінде Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы тұрғын үй құрылысының барысымен және Петропавлдың әлеуметтік және инфра­құрылымдық нысандарымен танысты. Сондай-ақ өңірдің өнеркәсіп кәсіпорын­дары мен медицина мекемелерін аралады.

Ерік Ерденов

Бөлісу:

Пікір жазу


*