«Нұрлы жердің» мақсаты – баспанамен қамту

1312
0
Бөлісу:

Ата заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады» деп белгіленген. Мұндағы «әлеуметтік мемлекет» ұғымы халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және жүзеге асыруға, соңғы жетістіктермен қамтылған денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін құруға, әлсіз топтарға қолдау көрсетуге бағытталған белсенді әрі мықты әлеуметтік саясат жүргізетін демократиялық мемлекет мағынасында қолданылған. 

Осы орайда еліміздің әлеуметтік бағ­дарында аса өзекті саналатын, халықты тұр­ғын үймен қамтамасыз ету мәселесін ше­шу үшін 2016 жылы 31 желтоқсанда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағ­дарл­а­масы қабылданған болатын. Ол туралы ел Президенті Н.Назарбаев: «Менің тапсыр­мам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үй­мен қамтамасыз етуге бағытталған» деп жа­қын болашақтағы мақсатты межені дөп бел­гілеген еді. Халықтың баспанаға қол­же­тім­ділігін арттыруды көздейтін бағдарлама іске қосылған бір жылдың ішінде атқарыл­ған іс аз емес, жалғастыруды қажет ететін жо­балар да жетерлік.
2017 жылдың алғашқы жартысында
47 738 баспана рес­публика бойынша пай­далануға берілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық (2016 жылы – 43,1 мың тұрғын үй). Құрылыс нысандарының ішінде көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі өткен жылғы 24 мыңнан 33,2 мың данаға дейін өсіп, 33 пайызға ұлғайған. Халықтың қолданысына берілген тұрғын үй­лердің саны бойынша Астана қаласы (1510 мың шаршы метр), Алматы қаласы (928 мың шаршы метр), Маңғыстау (542,5 мың шаршы метр) және Оңтүстік Қазақстан (318 мың шаршы метр) облыстары алдыңғы қа­тарда. Еліміздің барлық 14 өңірінде бағ­дарлама аясында бой көтерген үйлердің қатары артқаны байқалады. Мұндай өсім Батыс Қазақстанда – 84%, Жамбыл облы­сын­да – 44%, Солтүстік Қазақстанда – 41%, Қызылорда қаласында – 38%, Маң­ғыс­тау-да – 35% және Астанада 33%-ды құрай­ды.
Жуырда «Нұрлы жер» бағдарламасының «Ипо­текалық несиелендірудің қолже­тім­ділігін арттыру» деп аталатын бірінші ба­ғыты қосылды. Мұнда жаңа тұрғын үйді са­тып алу кезіндегі несиенің нарықтық мөл­шерле­месін төмендету мақсатында ипо­текалық қарыздарды субсидиялауға Ұлттық қордан 10 млрд теңге бөлінді. Инвес­тиция­лар және даму министрі Жеңіс Махмұдұлы­ның мәліметінше, еліміздің 6 аймағында (Астана мен Алматы қалалары, Батыс Қа­зақстан, Маң­ғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақ­мола об­лыстары) жаңа тұрғын үй сатып алу үшін ха­лыққа жеңілдікпен ипотека беру бас­тал­ған. Бүгінде екінші деңгейлі банктің же­теуі аталған бағдарламаға қаты­са­тын­дықтарын растады.
Мысалы, Ақтөбеде жақында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғызылған алғашқы дайын тұрғын үйлердің тұсауы ке­сілді. Қазір құрылысы кестеге сай өткен үйлердің ішкі әрлеу жұмыстары, аумақты абаттандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған де­рек­терге сүйенсек, 2017 жылдың І жар­ты­жылдық қорытындысы бойынша өңірде тұрғын үй құрылысының тұрақты өсімі байқалады. Жыл басынан бері облыс бойынша 242 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 914 отбасы баспанамен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 650 мың шаршы метр аумақтағы үйдің құры­лысы аяқталады. Мұнан бөлек, облыс тұр­ғын­дарына 15 мың гектар жер телімі беріл­мек.
«Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі ба­ғыттарының бірі – халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз жал­ға берілетін тұрғын үйлер салу. Бұл бағытқа биыл республикалық бюджеттен 25 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржының 6,1 млрд теңгесі өңірлерге аударылып, 5936 пәтердің (311 мың шаршы метр) құрылысы басталды. Ағымдағы жылы 2 687 пәтер (150 мың шаршы метр) пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Халықтың әлеуметтік деңгейінің алуан­түрлілігіне қарамастан, барлық қазақстан­дық­тардың мемлекет ұсынған бағдарлама­ларға қол жеткізу мүмкіндіктерінің тең болуы – Мемлекет басшысы қойған басты та­лап­тардың бірі. Баспаналы боламын деу­шілерге бір ғана «Нұрлы жер» бағдар­лама­сының өзі мемлекеттік қолдаудың жеті ба­ғытын ұсынады, тек соның байыбына ба­рып, пайдалануға асығатын азаматтар та­былса болғаны.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*