Чехия жетістіктері көрсетілді

923
0
Бөлісу:

Өткен сенбіде EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Чехияның Ұлттық күні өтті. Оның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чех Сенатының төрағасы Милан Штех қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Чехияның «жасыл экономи­ка» және «таза технологияларды» дамыту тәжіри­бе­сін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның айтуынша, әлемдегі күрт демографиялық өсім мен табиғи ресурстарының шектеулігі жағдайында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрмеге арқау етуге ұсынған «Болашақ энергиясы» тақырыбы өте өзекті.
– «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы көрмені өткізе отырып, Қазақстан «таза» энергияны дамыту идеясын жаһандық ілгерілетуге қомақты үлес қосуда, – деді төраға. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Еуроодақ мемлекеттерімен, соның ішінде Чехиямен өзара тиімді ынтымақтастық Қазақстанның жаңғыруына қатысты міндеттерді табысты орындауына оң ықпал ететін болады.
«Чех Республикасы халықаралық аренада Қазақстанның сенімді серіктесі, біздің арамызда жан-жақты өзара әрекеттесу мен барлық деңгейдегі сенімді диалог орнаған» деді қазақстандық Сенат төрағасы. Ол сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық аспектілерден тұратын екіжақты ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті.
«Біз Чехияның жаңа технологияларды жасау, қуаттың қалпына келтірілетін көздерін пайдалану, туризм мен білім беруді ілгерілету бағытындағы озық тәжірибесін жоғары бағалаймыз. Астанада­ғы көрмеде «жасыл экономика» және «таза технологияларды» дамытудағы Чехияның жетістіктерін паш ету осы салалардағы біздің ынтымақтастығымызды кеңейту мен нығайту үшін тамаша мүмкіндік болады деп есептеймін» деп түйді Қ.Тоқаев.
Оның чехиялық әріптесі Милан Штех адамзатты алаңдататын мәселелерді шешудегі EXPO – 2017 көрмесінің маңызды рөлін атап өтті. «Теңізге шығатын жолы және үлкен шикізат қоры жоқ Чехия баламалы энергия көздері ресурстарын тұтыну және пайдалану проблемаларын шешудің жолдарын бірлесе іздеуге мүдделі» деді ол.
Ашылу салтанатына қатысушылар Чехия Ұлттық павильонының экспозицияларымен танысты, онда Қ.Тоқаев Құрметті қонақтар кітабында жазба қалдырды. Содан кейін шараға қатысушылар Қазақстанның «Нұр әлем» павильонын аралады.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*