Атырау облысының мәдениет күндері басталды

1220
0
Бөлісу:

EXPO – 2017 халықаралық көрмесіне арналған Атырау аймағының мәдени күндерінде көненің көзі «сөйлеп», жаңа дәуірдің лебі еседі.

Атыраудың мәдени күндері аясын­да Астанаға келген делегация құра­мын­да бір мыңға жуық мәдениет са­ла­­сының қызметкерлері бар. Ерек­­шелігі сол – бұл кешенді бағдарламаға аудан­дық өнерпаздар да қатысады.
Астанадағы Атыраудың мәдениет күндерінің ашылу салтанатында кі­ріспе сөз сөйлеген Атырау облысы әкі­мінің орынбасары Әлібек Нәутиев ха­лықаралық деңгейде өтіп жатқан ме­рейлі шараларда аймақтардың мә­дени күндерінің өтуі маңызды деген пікір айтты. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес, біздер облыс күнінің ашылу салтанатын елдің тарихынан сыр шер­тетін көрмемен және Құрманғазы, Дина, Қаршыға секілді күй тарлан­дарының туындыларымен бастауды жөн көріп отырмыз. Жоспар бойынша Атыраудың күндері елорданың 12 же­рінде өтеді. Қорытындысы үлкен ат жарысымен аяқталады» деді ол.
Атыраудан келген мәдени көштің бас­таушы тұлғалардан сөз алған жазу­шы-драматург Рахымжан Отарбаев жерлестеріне сәттілік тілеп, барлық қа­зақстандықтарды Атыраудың мә­дени шараларынан рухани азық алуға шақырды.
– EXPO ұғымы бұл қазақтың құла­ғына ерте бастан сіңіп қалған. Өйткені 1925 жылы Парижде өткен дүние­жүзі­лік көрмеге қазақтан Әміре Қашау­баев­тай дүлдүлі қатысып еді. Сөйтіп, кә­рі құрлықты бір жаңғыртып қайт­қан. Арада 93 жыл өткеннен кейін көр­ме Астанада өтіп жатыр. Атырау осы халықаралық көрме аясында өте­тін мәдениет күндеріне көп дайын­дал­ды. Бұл – үлкен той. Әрбір өнер ұжы­мы алтын балықтың үйіріндей бо­лып келді мұнда. Атырау – тек қана бай­лығымен емес, жердің үстіндегі ұлы перзенттерімен де мақтанатын өлке. Себебі, осы арада Бейбарыстың, Иса­тай мен Махамбеттің ұрпақтары бар, Құрманғазы мен Динаның ізба­сар­лары отыр, – деді Рахымжан Қа­сым­ғалиұлы.
Атырау облысының тарихы мен мә­дениеті, өнерімен таныс боламын деу­шілер назарына Атырау облыстық тари­хи-өлкетану музейі мен өнер му­зейі, облыстық кітапхана, мұрағаттар көрмесі ұйымдастырылған.
Облыстық музейдің экскурсия-көп­шілік бөлімінің меңгерушісі Ок­сана Әлжанованың айтуынша, Аста­на­ға 700-ден астам әртүрлі жә­ді­герлер әке­лінген. Оның ішінде біздің дәуі­рі­мізге дейінгі ІІ ғасырдың құнды дү­ние­лері де бар. Мысалы, Атырау об­лы­сы Жылыой ауданы Аралтөбе қор­ғанын қазу кезінде екінші Алтын адам­ның қабірінен табылған қола қан­жар, қайрақ тас. Қазіргі заманғы жә­дігерлер арасында Дина Нұрпейі­сова­ның 1954 жылы соңғы рет кон­церт­ке қатысқан кезінде таққан күміс белбеуін атап өтуге болады. Тарихи-өлкетану музейі қорынан Исатай, Ма­хамбеттің қанжарын қайраған қай­рақтан бастап, Сарайшық шаһа­ры­нан табылған көне ыдыстардың түп нұс­қаларын, Мысырдан әкелінген ағаш­пен және күміспен өңделген мәм­­лүк тапаншасын көруге болады.
Академиялық Д.Нұрпейісова атын­­дағы қазақ халық аспаптар ор­кест­рінің, Н.Жантөрин атындағы об­лыс­тық филармонияның «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі, «Мұрагер» фольк­лорлық ансамблі, үрлемелі ас­пап­тар оркестрлерімен жекелеген кә­сі­би талантты тұлғалар өнер көрсе­теді.
Махамбет атындағы Атырау об­­лыстық қазақ драма театры EXPO – 2017 халықаралық мамандан­дырыл­ған мә­дени көрме аясында Астана қо­нақ­тары мен көрермендерін Жастар теат­­рында Иран-Ғайыптың «Сүйін­бай» драмалық эпосын және 19 шілде күні М.Горький атындағы Мем­ле­кет­тік ака­демиялық орыс драма теат­рын­да М.Отарбаевтың «Баянды бақ» спек­­так­льдерін тамашалауға шақы-ра­ды.
Атырау облысының күндері елор­дада 20 шілдеге дейін жалғасады.

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*