Астана жаһандық «ақылды» қалаға айналмақ

1565
0
Бөлісу:

Шымкент қаласы ТМД елдерінің 2020 жылғы «мәдени астанасы» мәртебесін иеленеді. Бұл туралы  Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ашылған Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердің ірі қалаларының саммитінде еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко жария етті.

– Жүзеге асырылып жатқан «Достастықтың мәдени астаналары» бағдарламасы жоғары тиімділік көрсетуде. Бұл жоба қалаларымыздың әлеуетін ашуға бағытталған. 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы – Шымкент болады! – деді Р.Василенко.
«Достастықтың мәдени астаналары» жобасы 2010 жылы «ТМД-ның тарихи-мәдени мұраларының жылы» аясында қолға алынған болатын. Нәтижесінде, әр жылдары «ТМД-ның мәдени астанасы» болып Алматы (2014 жылы), қырғыздық Ош, түркімендік Мары, әзірбайжандық Габала, ресейлік Ульянов, беларустық Гомель қалалары және басқалары танылған.
Бұл бағдарлама – Достастық елдерінің шығармашылық ресурстарын астана болып табылмайтын шаһарлардың біріне бағдарлауды және сонда егемен мемлекеттердің бірегей мәдениеттері арасындағы өзара байланыстарды нығайта түсетін мәдени-гуманитарлық іс-ша­ра­лардың бай әрі сан алуан шоғыр-палитрасын ұйымдастыруды көздейді. Сонымен бірге, «мәдени астана» аталған қала өзіне назар аудартып, әлеуетін аша түсуге мүмкіндік алады. Бұл ретте рас, тек елордамызға ғана «жеңілдік» жасалды: Астана 2012 жылы «ТМД-ның мәдени астанасы» атанған.
Айта кету керек, «ТМД астаналары мен ірі қалаларының халықаралық ассамблеясының» осы мерейтойлық XXV сессиясына шамамен жүз адам – посткеңестік кеңістіктегі 28 ірі қаланың, ТМД атқарушы комитетінің, бес халықаралық бірлестіктің және 7 ғылыми-сарапшылық ұйымның өкілдері қатысуда. Олардың қатарына биыл Қытай мен Италиядан келген делегаттар да қосылды. Бұл саммитте қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайларында қалалардың кешенді әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша инновациялық шешімдер ізделеді.
Бұл тұрғыдан алғанда ассамблея – қала­аралық диалогтың бірегей алаңы, ірі қалалар арасындағы тікелей байланыстарды дамыту бойынша «азаматтық дипломатия» құралы. Қазіргі кезде ассамблея құрамына ТМД-ның тоғыз елінен 87 қала кіреді. Оның оны – Қазақстаннан.
Астана ТМД-лық ірі қалалар саммитін осымен төртінші рет қабылдап отыр. Биылғы құрылтай EXPO – 2017 көрмесінің өткізілуімен тұспа-тұс келді. Сондықтан оның екі күндік сессиясында «жасыл экономикаға» көшу мәселелері де қаралады.
Сессия отырысында сөз сөйлеген Астана әкімі, осы ассамблеяның вице-президенті Әсет Исекешев экологиялық таза, энергиялық тиімді технологиялар орнықты даму, соның ішінде экономикалық, әлеуметтік және эко­логиялық өрлеу мақсаттарына жету жолында маңызды рөл атқаратынына назар аударты.
– Бұл ретте оларды жүзеге асыруда табысқа жету үлкен дәрежедегі қалаларға байланысты болып келеді. Өйткені қалалар заманауи қоғамның тіршілік қызметін ұйымдастырудың негізгі формасы болып отыр. Сондықтан біз осы сессия аясында бұл бағытта туындайтын проблемаларды талқылауды және оларды шешу тәжірибелерімен бөлісуді ұсындық. Екі салалық секциялар ұйымдастырылады. Оның біріншісі – «Қалалардың орнықтылығын қамтамасыз етуге арналған ақылды техно­ло­гияларды ендіру», екіншісі – «Заманауи урба­ни­зация жағдайларында көлік жүйесін басқару». Бұлар – мегаполистерді орнықты дамытуға жағдайлар жасау бойынша басты бағыттар, – деді қалабасы.
Әсет Исекешев сонымен бірге, қалалардың ынтымақтастығы бойынша тек ТМД кеңіс­тігімен шектеліп қалмауға ниетті. Ол ТМД ел­дері сыртында, Қытай, Пәкістан және Үндістан кіретін «Шанхай Ынтымақтастығы ұйымы елдерінің ірі қалалары мэрлерінің кеңесін» құру бастамасын жария етті.
– Қазіргі заманда қалалар, әсіресе, мега­полистер бүкіл елдің және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын болады. Сондықтан біз жаңа алаңды – тәжірибе алмасуға арналған бірыңғай ақпараттық ресурсты құруды ұсынамыз. Ол порталда тұрақты түрде өзара пікірлермен, идеяларымызбен алмаса аламыз. Біз сондай-ақ «ШЫҰ қалалары мэрлерінің кеңесін» құру бастамасымен шығамыз. Ке­ңестің мақсаты – тек астаналардың ғана емес, сондай-ақ ірі қалалардың сауда, логистика, энергетика, смарт-технологияларды ендіру салаларындағы ынтымақтастығын дамыту бо­лады. Бұл тетіктердің барлығы ШЫҰ мемле­кеттері басшыларының идеяларына жауап береді, – деді Ә.Исекешев.
Оның тұжырымдауынша, жаңа ұйым аясында әлгі аталған салалар сыртында, энергияны тиімді жұмсау, жаңғыратын қуат көздерін молынан пайдалану, қоғамдық көлікті дамыту, электронды коммерцияны ілгерілету, сонымен қатар университеттер арасындағы байланыстарды нығайту және басқа да бағыттар бойынша қоян-қолтық жұмыс жасау, озық тәжірибелерді өзара енгізу мүмкіндіктерін қарастыруға болады.
Астана әкімі дайындық жұмыстарына биыл күзде кірісіп, келесі жылы елордамызда аталған кеңестің бірінші кездесуін өткізбек ниетте. Елорда әкімі жаңа ұйым айтылған сөздер ай­тылған жерде қалатын жиын емес, «прагма­тикалық алаңға» айналуға және оның тұрақты жұмыс жасайтын органы болуға тиістігін ескертті.
Ассамблея сессиясының кешегі бірінші күні аясында Уфа, Бішкек, Рязань және басқа да қалалардың басшылары өз шаһарларының даму перспективалары туралы баяндады. Өз кезегінде Астана басшылығы да елорданы өркендету жоспарларымен бөлісті. Өткен жылдың соңында 2020 жылға дейінгі Қаланы дамыту бағдарламасына түзету енгізіліпті. Бұл құжат енді «өмір сапасын жақсартуға, Астананың орнықты дамуының жаңа моделін құруға және оны жаһандық «ақылды» қалаға айналдыруға» бағытталады. Мұның сыртында бас қаланың 2025 жылға дейінгі бас жоспары да әзірленген.
Бүгін ассамблея сессиясына қатысушылар талқылауды жалғастырады. Сондай-ақ EXPО – 2017 көрмесін, елордалық Индустриалдық паркін аралау жоспарланған.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*