Германия Қазақстанды «тұрақтылық тірегі» деп таниды

1737
0
Бөлісу:

Қазақстанға ресми сапармен Германия Федеративтік Республикасының президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келіп қайтты. Мәртебелі мейманымен өз Ақордасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кездесті. Биыл 12 ақпанда неміс елінің он екінші президенті болып сайланған Франк-Вальтер Штайнмайер осы биік лауазымында Қазақ еліне алғаш рет сапар жасап отыр.

– Сізді еліңіздің Президенті лауа­зымына сайлануыңызбен құт­тықтаудың осындай мүмкіндігі туғанына қуаныш­тымын. Сіз дүниежүзіне белгілі әрі көп­шілік құрметтейтін саясаткерсіз. Герма­ния халқы өзіңіздей беделді президентке ие болды. Біз бір-бірімізді көптен бері білеміз. Сізбен ынтымақтастықта болып, жүздесу әрдайым көңіл қуантады. Сыртқы істер министрі лауазымында болған кезде ауқымды түрлі мәсе­лелерді талқылаған едік, – деді қа­дір­менді қо­нағын қарсы алған Қазақстан көш­басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Түсіндіре кетер жайт, Германияда Президент – мемлекеттегі бірінші тұлға, бірақ шынайы атқарушы билік канц­лердің, яғни, Ангела Меркельдің қолын­да. Дегенмен Президенттің де функция­лары мен өкілеттіктері маңызды. Ол Үкі­меттің басты шешімдерін бекітеді, өз елін халық­аралық аренада ең жоғарғы деңгейде ұсы­нады. ГФР-де де Президент – қоғамды біріктіруші тұлға, оның моральдық-адамгершілік ұстыны. Сондықтан президенттік сайлаулар қызу өтіп, тіпті дауыс беру екі, үш айналымға дейін барған кездер болған. Франк-Вальтер Штайнмайердің беделі еш күмән тудыр­мады, оның кандидатурасын билеу­ші коалицияға кіретін барлық үш партия да мақұлдаған. Ендеше, оның елімізге сапары екі ел ынтымақтастығын жоғарғы деңгейде нығайта түсу үшін маңызды.
Қазақстан Президенті Германия әлемдегі ең ірі экономикасы бар ел екенін айтып, елдеріміздің жақсы әріптес екеніне тоқталды. «Қазір ынты­мақтас­тығымыздың жаңа бағдарламалары бар. Қазақстан осы қарым-қатынастарды барлық бағыттар бойынша дамытуға мүдделі» деді Н.Назарбаев. Айтқандай, сапар аясында қазақ-герман Іскерлік кеңесі өткен болатын, оның қоры­тын­дысында елдеріміздің бизнес-құры­лымдары арасында 20-ға жуық келісімге қол қойылды.
ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға шақырғаны және жылы қабылдағаны үшін бүкіл Германия делегациясы атынан алғыс айтты. Ол екі ел арасындағы ынты­мақтастық оң қарқын алып отырғанына назар аударды.
– Өзара дипломатиялық қатынастар орнаған 25 жыл ішінде экономикадағы, мәдениеттегі және саясаттағы өзара қарым-қатынасымыз нығайып, тереңдей түсті. Осы іскерлік қатынастардың артқа­нының бірден-бір көрсеткіші ретінде Германия ұйымдары мен компания­ларының EXPO – 2017 көрмесіне белсенді атсалысуын айтуға болады. Осы орайда көрмедегі Германия күнінің менің сапа­рыммен тұспа-тұс келгеніне өте қуаныш­тымын, – деді ол. Германия президенті болашақтың энергетикалық мәселелеріне арналған халықаралық көрме тақыры­бының өзектілігін де атап өтті.
Қос мемлекеттің президенттері Ақордадағы келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің ақпарат құралдарына арнап, баспасөз брифингін өткізді.
– Біз бүгінде кең ауқымды саяси, экономикалық қарым-қатынастар бо­йынша стратегиялық серіктестік деңге­йіне көтерілдік. Мен Германия прези­дентімен Қазақстанның даму үдерістері, өңірдегі еліміздің алдында тұрған сыртқы саяси міндеттер жөнінде ой бөлістім. Германия – біздің сенімді досымыз әрі негізгі экономикалық әріптесіміз. Қазақ­станда неміс капиталының қаты­суымен 900-дан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Тікелей инвестиция көлемі
4 миллиард доллардан асып отыр, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы өзара қарым-қатынасты тереңдету бағытында тұрақты жұмыс оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.
– Қазақстандағы индустрияландыру үдерістеріне озық технологияларды қол­да­на отырып, Германия бизнесін тарту мүмкіндігі талқыланды. Шикізат, өнер­кәсіп, технология салаларындағы серік­тестік туралы келісімді тиімді іске асыру мәселесіне баса назар аударылуда. Бізде жүргізіліп жатқан жекешелендіру, кәсіби-техникалық мамандарды даярлау жұ­мыстары аясында өзара іс-қимылды кү­шейту қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Көшбас­шысы ауыл шаруашылығындағы, көлік-транзит саласындағы екі жақты қарым-қатынасты жандандыру мәселелеріне жеке тоқталды.
– Қазақстанның географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуын ескеріп, біз жүктерді Қытайдан Орталық Азия арқылы Германияға құрлықпен жеткізу идеясын одан әрі ілгерілету үшін күш жұмылдыруға ниеттіміз. Қазақстанда төртінші Өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жөніндегі бірлескен жобалар айтарлықтай қызығушылық тудырып отыр. Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің табысты жұмы­сының маңызы зор. Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша жалпы сомасы
1 миллиард доллар болатын 20-дан астам құжатқа қол қойылды, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев ғылым мен білім беру және мәдени-гума­нитарлық салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.
– Қазақстанда тұратын мыңдаған неміс қауымының Германияға көшіп кеткен немістермен достық, туыстық бай­ланыста болуы маңызды. Халық­аралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша елдеріміздің ұстанымдары ұқсас екенін атап өткім келеді. Герма­нияның және Штайнмайер мырзаның жеке қолдауының арқасында Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі 2007-2013 жылдарға арналған алғашқы стратегиясы қабылданып, біздің өңірге қатысты су бастамасы іске қосылған болатын. Қазақстанның Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестігі туралы келісімді ратификациялағандарыңыз үшін сізге және сіздің еліңізге ризашы­лығымызды білдіреміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ол Германияның әлемдік саясаттағы рөлін жоғары бағалап, Гам­бургте өткен G-20 саммитін атап өтті.
Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне Украинаның оңтүстік-шығысында және Таяу Шығыста орын алып отырған қақтығысқа қатысты Германия прези­дентімен пікір алмасқанын да айтты.
Өз кезегінде ГФР президенті Таяу және Орта Шығыс пен Украинаның оңтүстік-шығысындағы мәселелер жө­нінде ашық әңгіме болғанына тоқталды. Германия президенті Қазақстанның өңірдегі сыртқы саяси рөлін жоғары бағалады.
– Қазақстан – өңірдегі тұрақтылық тірегі. Өзіне сенімді мемлекет. Аймақтағы бейбітшілікті қамтамасыз ету және еліңіздің табысты дамуына серпін беру үшін сіз, Президент мырза, ядролық қарудан бас тарттыңыз. Тәуелсіздіктің
25 жылдық кезеңінде дау-дамай мен қақты­ғыстарды дипломатиялық әдіс­термен әділетті түрде шешудің жарқын мысалын көрсетіп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жауап­ты әріптес ретінде де өз миссия­ларыңызды атқарып келесіздер. Қазақ­стан Сирия қақтығысын реттеу үшін мүдделі тараптардың басқосуына жағдай жасады, – деді Франк-Вальтер Штайнмайер.
Германия Президенті Қытайдың «Жаңа Жібек жолын» дамыту бастамасын да атап өтті.
– Тарихи тұрғыда инфрақұрылымдық жоба ғана емес, халықтар арасында мәдени көпір рөлін атқарған бұл бастама қазіргі уақытта инвестициялық тар­тымдылық тұрғысынан ғана қарасты­рылмай, Шығыс пен Батыстың іс жүзінде тіл табысуына септігін тигізеді деп үміт­тенеміз. Қазақстан Қытай мен Батыстың арасында орналасқандықтан, оның бұл үдерістегі рөлі зор болатынына сенім­дімін, – деді Франк Вальтер Штайнмайер.
Осы күні Елбасы Германия прези­дентімен бірге Астана EXPО – 2017 көрме кешеніндегі осы ел павильонына барды. Н.Назарбаев павильон экспози­цияларын аралап көру барысында көлік құралдары мен тұрғын үйді жетілдіруге қатысты неміс өнеркәсібі мен ғылымы әзірлеп шығарған инновациялық ше­шімдермен танысты. Екі ел президенттері жел, күн және су электр стансаларының үлгілері, электр қуатымен қозғалатын болашақ көлік экспонаттары қойылған «Бола­шақтың картасы» және «Бола­шақтың қаласы» атты көрме алаңдарын аралады, «Энергетикалық шоу» көрсетілімін тама­шалады. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Германия павильо­нының «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаң­басын қал­дырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Германия президентіне Қазақстанның «Нұр әлем» ұлттық павильонын көрсетті. Бұл жерде екі елдің көшбасшылары Қазақстанның мәдениеті мен тарихына арналған интерактивті экспозициялармен танысып, павильонның 8-қабатында орналасқан «Астана – болашақтың қала­сы 2050» экспозициясын көрді. Экскурсия соңында Франк-Вальтер Штайнмайер де көрменің «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңбасын қал­дырды.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*