Ақпараттық дәуірге аяқ басты

1260
0
Бөлісу:

Қазақстанда медициналық мекемелер тегіс ақпараттық жүйеге көшіріліп, компьютерлендіріледі, емханалардағы қағаз кітапшаларды «электронды денсаулық паспорты» алмастырады. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жарияланды. Жиында Үкімет мүшелері денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру, дәрі бағаларын мемлекеттік реттеу және әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қарады.
Ел Үкіметіне «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру және оған ақпараттық технологияларды енгізу жүктелген болатын. Үкімет мүшелері мен әкімдер ең алдымен Елбасының осы тапсырмасының орындалу барысын талқылады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз ведомствосы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 2018 жылдың аяғына дейін медициналық ұйымдарды 100 пайыз медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Оның мәліметінше, қазіргі кезде республикамыздың барлық аймақтарында 22 ақпараттық жүйе онлайн режимде жұмыс жасайды. Олар статистикалық ақпаратты жинауға және денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Енді осылардың бар­лығының басын бір жерде қосу көзделуде.
– Ақпараттық жүйелерді интеграциялау, деректердің бірыңғай сақтау қоймасын және бірыңғай кіру орнын құру мақсатында, Дүниежүзілік банк жобасының аясында «Кіріктіру платформасы» ендірілуде. Астана қаласының №9 қалалық емxанасы осы платформаны пилоттық тәртіпте енгізу ұйымы ретінде анықталды. Платформаны министрліктің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен кіріктіру бағытында шаралар атқарылды. Электронды үкімет порта­лының Жеке кабинетімен және жергілікті медициналық ақпараттық жүйелермен кіріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді министр.
Ол сондай-ақ 2018 жылдан бастап емделушінің «Жеке кабинеті» қолжетімді болатынын хабарлады. Биылғы жыл соңына дейін барлық медицина ұйым­дарының ақпараттық жүйелермен қам­тамасыз етілуі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, денсаулық сақтау саласында жұмыстың қағазсыз форматына ауысуға мүмкіндік береді екен. 2020 жылға қарай халықты «электронды денсаулық пас­портымен» қамтамасыз ету жоспарланған. Электронды төлқұжатты табысты енгізу үшін әрбір медициналық ұйым емделу­шілердің клиникалық мәліметтерін ұсынуы қажет.
– «Электронды денсаулық төлқұжа­тына» арналған клиникалық мәліметтер жергілікті медициналық ақпараттық жүйелерде қалыптасуға тиіс. Олар әртүрлі медициналық ұйымдарда, атап айтқанда, емxаналарда, стационарларда және аралас типтегі ұйымдарда жүретін клиникалық және клиникалық емес процестерді автоматтандыру үшін қажет, – деді ми­нистр.
Әрине, әр сырқаттың денсаулығының жай-күйі туралы барлық ақпараттар енгізілетін электронды паспорттармен жұмыс жасау үшін емханалар мен ауру­ханалардың қажетті теxникалары болуға тиіс. 2017 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының компьютерлік теxникамен жабдықталуы республика бойынша орташа есеппен 74%-ды құраған көрінеді. Са­лыстыру үшін айтқанда, 2017 жылдың басында бұл көрсеткіш 34,3% болыпты.
Әрбір өңірдегі жағдайға жеке тоқталсақ, бұл көрсеткіш Астанада – 83,7%, Алматы қаласында – 83,4%, Павлодар облысында – 80,5%, Маңғыстау облысында – 79,1%, Қызылорда облысында – 75,2%, Қарағанды облысында – 87,3%, Атырау облысында 79,5% болып отыр.
Әрине, бірыңғай медициналық жүйе жұмыс жасауы үшін барлық денсаулық сақтау ұйымдары ғаламтор желісіне шыға алуы шарт. Министрдің дерегінше, республика бойынша интернет желісіне қосылған медициналық ұйымдар үлесі орташа есеппен 53%-ды құрайды. Жылдың басында аталған көрсеткіш 47% болған екен. Еліміз бойынша жоғарғы көрсеткіш мынадай: Астана – 100%, Алматы қаласы – 100%, Маңғыстау облысы – 97,3%, Қызылорда облысы – 75,6%, Жамбыл облысы – 56,9%, Атырау облысы – 78,7%, Алматы облысы – 57,8%.
«Интернет желісіне қосылу бойынша мына облыстар төмен көрсеткіш көрсетіп отыр, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында – 15%-ды, Павлодар облысында – 33%-ды, Қостанай облысында – 27,7%-ды, Қарағанды облысында – 34,9%-ды, Шығыс Қазақстан облысында – 29,4%-ды, Ақтөбе облысында – 36,8%-ды, Ақмола облысында – 23,2%-ды құрап отыр», – деді Елжан Біртанов.
Денсаулық сақтау ұйымдары осы екі көрсеткіш бойынша артта қалған өңірлер Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, арнайы «жол карталарын» бекітіпті. «Соларға сәйкес, барлық өңірлер әкім­діктері келесі жылдың соңына дейін медициналық ақпараттық жүйелерді ендіріп шығуға және барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникалармен жабдықтауды аяқтауға міндеттеме алды»,– деді Е.Біртанов.
Үкімет отырысында осы істе көш соңында қалған өңірлер басшыларының түсініктемелері тыңдалды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов «өңірде компьютермен қамтылу деңгейі небары 27 пайызды құрайтынын» растады. Сондықтан жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлгендерін және оған үш ай ішінде 3 177 компьютерлік техника сатып алатындарын жеткізді.
– Осылайша, биылғы қазанда компью­терлік техникамен жабдықтау көр­сеткіші бізде 100 пайызға жетеді. 2018 жылдың үшінші тоқсанында барлық медициналық ақпараттық жүйелер өңірде іске қосылады. Қазір облыстағы 721 денсаулық сақтау мекемесінің 242-сі интернетке қосылған. Бірақ осы 242 мекеме өңір тұрғындарының 77 пайызына қызмет көрсетеді. Келесі жылы тағы 140 ұйымды ғаламторға қо­самыз. Сонда бізде ин­тернетке қол жет­кізген ұйымдар тұр­ғындардың 93,9 пайы­зын қамтитын болады. Ал қалған 6 пайызға қызмет көрсететін 336 меди­циналық пунктті интернетке қосу мәселесі ашық қалады, – деді Даниал Ахметов. Әкім оларды қосу үшін қосымша 3 миллиард теңге қажет бола­тынын алға тарта келе, мұны «эко­номикалық тұрғыдан орынсыз» деп санайтынын білдірді.
Өңірлерде жүргізіліп жатқан денсаулық сақтау мекемелерін ақпараттандыру жұмыстары туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев баяндады.
Өз кезегінде Ақпарат және комму­никация министрі Дәурен Абаев «Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнату» жобасының І кезеңі аясында 900-ден астам денсаулық сақтау нысанын интернетпен қамтамасыз ету жоспарланғанын атап өтті.
– Дәурен Әскербекұлы, 2020 жылға дейін қанша елдімекенді ғаламторға қосамыз? – деп сұрады одан премьер Бақытжан Сағынтаев.
– 2019 жылдың соңына дейін 1900 ауылдық елдімекенді қосып боламыз. Яғни, 4,9 миллиондай қазақстандық тұратын жерлерге интернет барады. Нәтижесінде, интернетпен қамтылу 85 пайызға жетеді, – деді Д.Абаев. Ол Ұлттық экономика министрлігі өздеріне «болашағы зор ел­дімекендерге» қандай ауылдар жататынын көрсетіп, тиісті тізімін бер­геніне назар аудартты: «Біз сол елдіме­кендерге интернет жеткізу бойынша «Қа­зақтелекоммен» және «Транстелекоммен» жұмыс жасап жатыр­мыз» деді министр.
Бақытжан Сағынтаев бірінші мәселені талқылау қорытындысы бойынша өңірлер әкімдеріне қажетті компьютерлік тех­никаларды сатып алып, медицина ұйым­дарына ақпараттық жүйелерді енгізуді тапсырды. Сондай-ақ ол техникаға сер­вистік қызмет көрсету және олардың ин­тернетке қосылуын ретке келтіру қажеттігін атап көрсетті. Ақпарат және коммуни­кациялар, Денсаулық сақтау министр­ліктеріне ақпараттық жүйелердің кірігуі жұмыстарын биылғы жылдың 1 қара­шасына дейін аяқтау, олардың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша да Денсаулық сақтау министрі баяндады. Елбасы биылғы Жолдауында барлық дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеуді тапсырған болатын. Елжан Біртановтың айтуынша, министрлік ұлттық дәрілік саясатты жүзеге асыру бойынша жоспар әзірледі. Бұл құжат тұрғындарды дәрімен қамтамасыз етуді жетілдіру, соның ішінде барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеу бойынша «пәрменді шараларды» енгізуді қарас­тырады екен.
Е.Біртанов сондай-ақ министрліктің «бағаны реттеуге арналған ережелер жобасын» әзірлегені туралы құлағдар етті. Ол ережелерге сәйкес, енді отандық нарыққа кіретін әрбір өндіруші өзі өндірген дәрінің зауыттық құнын Қазақстанда тіркейді. Осыдан кейін ол дәрінің елімізде сатылатын бағасы бекітіледі. Министрдің түсіндіруінше, ол бағаның құрылымында тауарды Қазақстанға дейін жеткізу, кедендік рәсімдеу, қауіпсіздігі мен сапасын бағалау шығындары ескеріледі.
«Тіркелген баға» анықталғаннан кейін министрлік, арнаулы регрессивті шкалаға сәйкес, дәрілік заттардың шекті көтерме бағасын және ең жоғарғы бөлшек сауда бағасын бекітетін болады.
– Нарықтағы бәсекелестікті сақтау мақсатында, мемлекет тек дәрілік заттардың шекті (ең жоғарғы) бағасын анықтайды. Яғни, соған сүйене отырып, әрбір дистрибьютор немесе дәріxана сатып алушыларды қызықтырар өз жеңілдіктерін енгізу арқылы төл бағаларын ұсына алады. Сонымен бірге, аталған жүйе өндірушілер мен алыпсатарларға қандай да бір дәрілік заттардың тапшылығы туындаған жағдайда, бағаны негізсіз көтеруіне және шектен тыс қосымша пайда табуына жол бермейді, – деді министр.
Әйтпесе, оның ақпарынша, қандай да бір дәрі-дәрмектің тапшылығы пайда болғанда, дәріханалар оның бағасын бірден 200 пайызға дейін көтеріп жіберген кездері болыпты. Мемлекет бекітетін «тіркелген баға» сонша көтеруге мүмкіндік бермеуге тиіс.
Дәрілердің бағасын мемлекеттік реттеуге қатысты тиісті заң жобасы қоғам талқылауына салыныпты. Ол биылғы жыл­дың қыркүйегінде Мәжілістің қарауына енгізіледі және жыл соңына дейін күшіне енеді деп күтілуде.
Талқылауды түйіндеген Премьер Денсаулық сақтау министрлігіне «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасы және фар­мацевтикалық қоғаммен бірге, дәрі-дәрмек бағаларын реттеу және қалыптастыру тетіктері мәселелерін пысықтауды тап­сырды.
Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру шаралары да қаралды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, «жасалған меморандумдар аясында министрліктер мен әкімдіктердің бірлескен жұмысы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағаларының өсу қарқынын қаңтар-наурыздағы 1,2%-дан сәуір мен мамыр айларында тиісінше 0,6% және 0,9%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берген». Алайда маусымда тұтынушылық бағалар индексі қайтадан 1,9%-ға дейін артып шыға келген.
Жиында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов тұрақтандыру қорларының жұмысы туралы баяндады. Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының әкімдері Е.Қошанов, А.Көлгінов және Ә.Исекешевтердің өңірлердегі жағдай туралы есептері тыңдалды. Өз кезегінде вице-премьер, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов әкімдіктерде әлеуметтік маңызды өнімдердің бағаларын тұрақтандыру үшін барлық мүмкіндіктер барлығына назар аудартты. Ол өңірлерге тұрақтандыру қорларына биыл шыққан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға кірісу керектігін ескертті.
Мәселені талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақ­тандыру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Мемлекеттік органдарға әкімдіктермен бірге, өңірлік базарларды басым түрде азық-түлікпен молықтыру және сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қабылдау жүктелді.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*