ҚАЛЫБЫ МЫҚТЫ ҚАЛҚА

1784
0
Бөлісу:

«Қарқарадан» қанат қаққан

Мынау жарық жалғанда Нұрлан деген есімді иеленген пенде көп қой, әрине. Бірақ жалпақ жұртқа Қалқа болып танылған жалғыз Нұрлан бар. Ол – біздің Нұрлан Қалқаев.

Төтесінен килігіп, тегінен бастағаныма таңғалмаңыз. Өйткені студенттік балдәуренге шұрқыраса енген шағымыздан бір-бірімізді атамыздың атымен құрдас еткен курстас достардың тілдері бұрынғыша тақ ете қалатынды да, осы атауға жалт етіп қарайтынды да, әй, енді өзгерте алмайтын шығармыз.

1988 жылы КазГУ-дей қара шаңырақтағы «өмір шырағына» шоғырланған біздің курсымызға ол «подкурстан» келіп қосылған ересектер тобынан болды. Бұған дейін құрылыста жұмыс істеп, сонау Германияда әскери борышын да өтеп келіпті.

Серкелеріміз сайланған алғашқы отырыста-ақ 101 тобымыздың кәсіподақ ұйымының қоржынын қолтығына қыстырған орта бойлы қабағы түксиген қайыс-қараның пошымына қарап, бастапқыда діні қатты бәле ме деп ойлағанмын. Сөйтсем, томпақ ұртты, қою мұртты бұл қасқа нағыз мамыражай мінез иесі болды да шықты. Артық әңгіме дегенге мүлдем сараң, ұрыс-керіс, айтыс-тартыспен тіпті де шатағы жоқ, бейбітсүйгіш байсалды пенде екен. Көкірек шіркіні сыршыл сезім лирикасына тұнып тұр. Қысқасы, «сырты қара болса да, жүрегі аппақ» дегеннің нап-нағыз өзі дерсің.

Мектепте жүріп-ақ бұрқырата жазып, «тілші» атанып, аудандық газеттен бастап, «Қазақстан пионері», «Пионер», «Жетісу», «Лениншіл жас» сияқты бірқатар республикалық басылымдарда жаппай жарияланыпты. Жазушылық пен ақындықтың бастауын бала жастан игеріп қойғаны соншалықты, журналист болуды арман еткен мұны аудандық «Қарқара» газетінің бас редакторы қызметке мектепті бітіре сала қабылдай жаздаған көрінеді. Бірақ бұл «шақырды екен» деп жетіп бармай, алдымен білім алуды ойлап, астанаға тартыпты.

Дегенмен дәл сол жылы журфакқа жолы болмай, ауылға қайтып оралса да, бәрібір теорияны меңгермей тұрып, тәжірибеге түрен салуға іштей именген есті бала әскерге кеткенше құрылысқа барып жегілген ғой. Десек те, сол аудандық газетте өзіне үлкен сенім артып, өмірлік бағдар беріп, жол сілтеген ағаларына ризашылығы өз алдына, бүгінде ол өзінің балауса қаламын ұштаған «Қарқарадан» қанат қаққан қаламгер екендігін ерекше мақтан тұтатын жайы бар.

 

Өлкесін сүйген өрен

Көк аспанға қол созған Хантәңірі шыңына ұштасатын Қулық тауының тап етегінде орналасқан Ұзынбұлақ – оның балалық балғын шағы өткен, әліппеден аттестатқа дейін білім алған ауылы. Бұл жерден келісті келбетіне көз тоймайтын, атағы әлемге әйгілі Шарын шатқалы мен көрікті Көлсай да алыс емес.

Ендеше, жайнаған жазда жайлау төсінде дүниеге келіп, асқар тауы мұнартқан, өзен-бұлақтары сылдыраған, жасыл желеңі жайқалған жайдары мекенде еркелеп жүріп ержеткен кекілдінің көкірегі қалайша ән салмасын? Оның үстіне бұл шыр етіп, жарық дүние есігін ашқанда Асы жайлауына Құдай айдап келе қалған сексеннің сеңгірін алқымдаған аты аймаққа мәшһүр Әбдіраш ақын азан шақырып, атын қойып, батасын берген және жастайынан өзіне жерлес, қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың отты жырларын жатқа соғып өскен өрен ақын болмай көрсін, ал!

Негізі, табиғаты тамылжыған туған жеріне деген балалық махаббаты мен сағымды сағынышын бар болмысымен бойына сақтап қалған бір адам болса, ол осы Қалқаев шығар. Сырына да, жырына да, журналистік жазбаларына да үнемі тамсана қосатыны өз алдына, қысы қаталдау болғанмен, жазғытұрымнан жайнап сала беретін ауылына студенттік жылдардан-ақ достарын жиі ертіп барғысы келіп тұратыны да содан болар.

Бүгінде бұрынғы Нарынқол мен Кегеннің басын біріктірген Райымбек ауданының Құрметті азаматы деген мәртебелі атаққа ие болған Нұрлан досымыздың өзінің айтуынша, туған өлкесінің төл тарихы мен таңғажайыптары жайындағы көп жылғы зерттеу-жазбалары мен өлең-жырларын «Ұлттық журналистиканың саңлағы» атты тұла бойы тұңғыш кітабына енгізіп, жарыққа шығарғанда ғана перзенттік парызын аз да болса өтегендей тамаша әсерге бөленген көрінеді.

Алматыдан екі жүз елу шақырым жерде орналасқан осынау қонақжай елге талай рет жолымыз да түсіп, бой-бітімі баяғының жауды жапыратын жауырынды батырларына көбірек ұқсайтын, өзі де ірі, сөзі де ірі Нұрахмет әкейдің дастанға бергісіз әңгімелерін тыңдап, тоғыз баланы мәпелеп өсірген анасы Әлімхан шешейдің бапталған самаурын-шайы мен иісі бұрқыраған ыстық бауырсағының да дәмін талай татқанбыз.

Әуелі сонау 93-тің мамыр айында аяқастынан қар жауып, қалтырағанымызға қарамастан, әзілдері жарасқан әріптес ағаларының «Нұрлан Қалқаев, Нұрлан Қалқаев, Үйленіп алып, жүрсің талтайып» деп әндеткендеріне қосыла, қол соғып, досымыздың 13 жасында ғашық болып, содан кейін 13 жыл бойы сарыла іздеп жүріп, қолға түсірген Құралайдай сұлумен отау құрған бақыт тойын да осынау Ұзынбұлақта бүкіл курс болып жата-жастана тойлап, Көкпек жазығының көкбет желіне бетімізді армансыз сүйгізіп қайтқанымыз да әлі есте.

 

Еңбектің «қара» торысы

Тегінде артық шаруаға мойнымыз жар бере қоймайтындарымыздың Қалқаевқа «қанымыз қараятындай» жөніміз бар. Өйткені бұл қасқаның «қанағат, рақымын» айтпағанда, «талап, еңбек, терең ойына», тіпті сөз жоқ. Еңбектің нағыз торысы. Торысы болғанда да – «қара торысы». «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» сықылды «дұшпандардан» жұрдай өзі. Қашан көрсең де, тап бір бұл жазбаса, жазба әдебиет жер бетінен жойылып кетердей, тырбанып-тыпырланып, жазып-сызып, жинап-теріп, жариялап жүргені. Оныкі – еңбек үшін еңбектену емес, кұдды бір еңбектену үшін еңбек ету сияқты.

Иінің жұмсақтығы мен мінезінің жуастығын пайдалана қойып, реті келсе, кебісін кебісіне кигізе, «қыршып» отыратынымыз да содан. Бірақ «ит үрсе де, керуеннің көше беретіндігін» мықтап меңгерген бұл мықты анау-мынауға қыңқ етпестен, мұртын жыбырлата жылы жымиып койып, тірнектене жүріп, тірлігін тындыра береді.

Алғашқы курстан-ақ оқуға үлгерімін ақсатпай, жатпай-тұрмай ізденген де, ауылдағы ата-анасына салмақ салмай, облыстық «Жетісу» мен республикалық «Жас Алашта» жұмыс істеген де, озаттығымен Журналистер одағының уысыңды уытып түсердей қомақты стипендиясына қол жеткізген де осы Қалқаев болатын.

Тіпті, бірде бұл қасқаның ауруханада ота жасатқан соң, есін жияр-жимастан, Егізбай Қанатбаев сынды қатал ағайымыздың «Саяси экономиясы» үшін жан пида деп, емтиханға пижама, тәпішкемен сүлдерін сүйреп жеткенін қорыққанынан гөрі жауапкершілігіне балаған жөн болар.

Қылтың-сылтыңға жаны қас, жаман менен жалқауға қырғидай тисе де, әділдікті ту еткен ұлы ұстазымыз Темірбек Қожакеевтің өзі осы Қалқаевқа ерекше ықыласы түсіп, қамқор болып жүргендігі, тіпті, дипломына жетекшілік жасап, қолынан қанаттандырғаны да, жарылып кетсек те, курстағы кез-келгеніміздің пешенемізге жазылмапты. Бәлкім, сонда сұңғыла тәлімгеріміз жанымызда жүрген досымыздың біздің қаперімізге кіріп те шықпаған сирек қабілет-қарымын дөп басып бағалаған болар.

 

Қолтаңба

Тынымсыз талпынысымен қаламы жүйрік журналистке айналып, Журналистер одағына мүшелікке қабылданған Нұрекең көп ұзамай-ақ белді басылымдағы қатардағы тілшілік қызметтен бөлім редакторы, редакция алқасының мүшесі сияқты сатылармен өрлей көтеріліп, үздік публицистикалық жарияланымдары үшін Баубек Бұлқышев атындағы беделді сыйлықты да қанжығалап үлгерген-ді.

Бұдан былай Астанаға қоныс аударып, құтты баспанасына жайғасып алған соң бұл сабаздың қызмет қабілетінің де, қарымды қаламгер ретіндегі шығармашылығының да екінші тынысы ашылып сала бергені анық. Дүние дүр сілкініп, айнала біткен ажарын алты айналдырса да Құдайдың берген сабырлы сипатынан танбайтын, нағыз қазақы қалпынан қайтпайтын қасиетімен кез келген ортаға беделді бейімделіп жүре беретін бұл мықты мемлекеттік қызметке де бар қажыр-қайратын салып, жігерлене жүйткіп берді.

Алғаш Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiнің бас маманы болып бастап, Премьер-министрдің, бұдан кейін Президенттің Баспасөз қызметтерiнде жауапты қызметтер атқарып, соңғы уақытта Жоғарғы сот аппаратында абыройлы еңбек ете жүріп, мемлекеттің бұқаралық ақпарат саласында өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырып келе жатқан жайы бар. Осынау ерен еңбегі үшін берілген, бір басына жетіп артылатын медаль, мадақ-марапаттарының атауын атап, түрлерін түстемесем де, тізілген тізімінің өзі де тегеурінді-ақ.

Әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасын да айқындап алды. Жаңа леппен тыныстаған шығармашылығы, әсіресе, соңғы жылдарда ширай түскені, оның ішінде ақындық дарынының аспандап кеткені рас. Оған талай мүшәйра мен аламан жыр бәйгелерінде жеңіп алған жүлделері куә. Бірақ оның бұл өнеріне баға беруге қауқарым жете қоймайтындықтан, оны жіліктеуді нағыз ақындарға қалдырайын.

Түрлі поэзиялық топтамалар мен антологиялық жинақтарға енгенінен бөлек, «Аққу-жүрек», «Отыз бесінші шілде», «Мизам шуақ» сынды кітаптарын сырлы сезімге толы шумақтармен өрілген, жүректің қылын шертетін талай дүниемен толтырып қойғанын айтпай өте алмаспын. Осы еңбектерінің ішінде «Мизам шуақ» жыр жинағы үшін Халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленуі – әдебиет әлемінен өз орнын ойып тұрып олжалаған Нұрлан досымыздың тағы бір беделді белеске көтерілгендігін аңғартатыны да анық.

Бұдан өзге прозалық туындыларын «Әке, сені сағындым» деп аталатын еңбегіне жинақтапты. Кекілі желбіреген сонау балғын жасында-ақ «Әке» атты жүректен шыққан ең алғашқы балауса жырын «Қазақстан пионеріне» шығарып кеп жіберіп, батыр тұлғалы бабасының жанарына жас алдырған Қалқаев «Жыл – он екі ай» атты балаларға арнаған базарлығы арқылы кең дүниеге әлі де сол кекілді қара домалақтың көзімен қарай алатын нәзік қасиетін қарапайым да құнарлы тілі арқылы сақтап қалғандығын көрсетіп отыр.

 

Адалын айтсам ақырын…

Алғырлығы мен аңғалдығы, адалдығы мен аңқаулығы қатар жүретін Қалқаевтың курстастардың қалжың қоржынына қонжиған өзіне ғана жарасар әпенділіктері де жеткілікті. Әсіресе, жәйімен жүріп, жөнімен сөйлеп отырып-ақ, кездейсоқ «торға» төтесінен топ ете қалып, «Мен не дедім?» деп, өзінің «нені бүлдіргенін» өзгелерден біліп отыратынын қайтерсің…

92 жылғы студент шақта Нұрлан екеуміз досымыз Ғабит Мүсіреповтің Қарақалпақстан жерінде өткен беташар атты қызығынан сайрандап шығып, тағы бір досымыз Ерлан Қуандықовтың үйлену тойына бармаққа Нүкіс қаласынан Арыс шаһарына қарай жол тартқанбыз.

Тамыздың күні күйіп тұрғанда Ташкентке түтіге терлеп жетіп, келесі пойызға билет алайық десек, кассаның маңы құжынаған халық. Онда одақтың тарауымен жолаушылар тасымалының да күйі кетіп тұрған кез тұғын.

Кептелген кезекте жарты күнді текке өлтіріп, уақыт қысып бара жатқан соң, қаптаған өзағаңдардан «айламды асыра» қоймақшы болдым. Сөйтіп, жылыстай жақындап келіп, кезектің алдына қойып кеткенім сол еді, ту сыртымнан еңгезердей бір өзбек ентіге қапсырып ала түссін. Өзгелері де тап бір жау көргендей, өзеурей жұлмалап жатыр. Сақау сөздерінің бірін ұғып, бірін ұқпасам да, шақылдаса кетіп, жаға жұлқысып жүрмін. Қақ-соқпен аса шатағы жоқ Қалқаевым болса, мені әлгілерден арашалап әлек.

Байқаймын, шындап кетсе, жұлып жеуге әзір тұрған бәлелерден аман құтылмасым анық. Содан, қылқынып бара жатсам да қулыққа басып, тап бір сыртта мыналардың «әкелерін танытатын» қалың әскерім тұрғандай: «Шақыршы жігіттерді!» деп, аттанды салмаймын ба? Аналардың да арыны басыла қалып, Нұрланға жалт қарасқан. Ол деген түсіне қойып, «жігіттерге» жөнелер деп ойлағам ғой өзімше. Сөйтсем, қулық-сұмдықтан ада қалған Қалқаевым түріндегі терең таңданысын жасырмастан: «Кімді шақырам?!…» деп, қара-а-ап тұр. Ай, күйгенім-ай…

Содан амал нешік, менікі бос байбалам екенін біле қойып, қайтадан күшіне мінген өңкей өзбек екеумізді де ешқандай ымырасыз, сирақтан сүйрегендей етіп, кезектен лақтырды да тастады…

Ақыры билеттен де, кезектен де қағылып, жолсерікті жұқалауға кіріскенмін. Сөйтіп, тиынымыздың бір бөлігін тойға іркіп, «бұдан басқа ақшамыз жоқ» екендігіне өзге түгіл, өзім сенуге шақ қалғанда, «саудаға» тұтқиылдан киліккен жалған сөйлемес Нұрекең әлгінің айтқан бақандай бағасына: «Пайдот!» деп, қолын шаттана шапалақтап жіберіп, үнеміме де «үкім» шығара жаздағаны…

Осындай аңғалдығымен достардың әзіл садағына қанша іліксе де, сөзден есесін жіберіп, қылжаққа оңай олжа бола қалатын Қалқаев емес.

Мәселен, бір отырыста жігіттер өздерінің әскерде жүрген кездегі «ерлікке толы» естелік-ертегілерін даурығыса соғып жатса керек. Қызу әңгіме үстінде ағасының «службасы» Симферопольде өткенін тілге тиек ете қоймақшы болған Нұрекең, қаласы құрғырың атауын абайсызда «Симпирпопл» деп жіберіп, табан астында тілден тоңқалаң асады.

Қағыс айтылған сөзді қалт жібермей, қалжыңмен тұздықтап жіберуге даяр тұратын сатирик досымыз Ермахан Шайхы тап осыны күтіп отырғандай, қарқылдай күле, қадала кетіп: «Қайталап айтшы! Қайда? Қайда қызмет етті дедің?» деп, қоймай қойса керек. Қайталап айтса, «қақпанға» қайтара түсіп, абыройсыздыққа оңбай ұшырап қаларын сезген сабазың еш саспастан: «Жаңағы айтқан жерде» деп құтылыпты.

 

Мәрттілік пен сәттілік

Аштықта жеген құйқаның дәміндей, қысылғанда тапқан қарыз ақшаның да алақаныңнан қызуы кетпейтіні бар. Айтайын дегенім – Қалқаевтың мәрттігі туралы…

90-жылдардың тоқырауына пысқырмай-ақ отбасын құрып алсақ та, оқу бітіргесін үш жыл бойы Алматының жалдамалы жатақханаларын жағалағанбыз. Ақыры бүкіл тапқан-таянғанымызды тиынына дейін санап беріп, меншік баспанаға қол жеткізіп, тақыр еденде бақытты болып отырған кезіміз еді.

Сол күндердің бір күнінде ауылға шұғыл жол жүру қажет болып, ешкімнен қаражат таппай қиналдық та қалдық. Сөйтіп отырғанда, Құдай айдап, Құралайын қолтықтап, Айданасын жетектеп, «Қоныс құтты болсын!» деп келе қалған Қалқаевым қыжалат шаруамды шешіп кеп жібергені!

Олар да жас отбасы. Жатақханада тұрып жатқан кездері. Телевизор алмақшы екен. Соған жинап жүрген бар ақшасын, сөзге келместен, суырды да берді! Біз болсақ, бала-шағамызбен алақайлап, ауылға аттанып кете бардық…

Берген менен алғанның қайсысы жомарт екенін қайдам. Әйтеуір, ол маған шын көңілден мырзалық жасаса, «сыйға – сый, сыраға – бал» деп, мен де оған ауылға бара сала тамаша бір түсті қатырып тұрып көрдім де бердім.

Түсімнің сюжетін суреттеп, түрлендірмей-ақ қояйын. Дегенмен көру бар да, оны жөнімен жорып беру де ерекше қасиет болар. Сол түсімді бүгінде тоқсанның бесіне шыққан мың жасағыр анам: «Алла бұйыртса, Нұрлан досың да үйіңнің жанынан үй алып, көрші боласыңдар. Босағасынан қошқардай ұл енеді» деп қолмен қойғандай етіп жорып еді.

Мұны естіген Нұрланым ерекше бір нұрланып, үйдің кілтін тап қазір алып, келіншегі дәл бүгін босанардай, қысық көзі қутыңдап, қылшық мұрты қыбырлап, аузы «әумин» деп жыбырлап, жүрегі жарыла қуанғанын көрсеңіз…

Әрине, дәл сол сәтте көңілде күмән болса да, аптықпай жүріп, анық басатын Нұрланға Алланың көзі түзу екен. Көп ұзамай астанамыздың Ақмолаға ауысатындығы туралы сөз шығып, артынша тарихи шешім де қабылданды. Алдыңғы лекпен Арқа төсіне аттанып кеткен біз жаңа қонысымызды тойлап жатқанда, газетте жүрген Нұрлан да, сәтін салып, күтпеген жерден мемлекеттік қызметке қабылданып, ізінше ұлы көшке ілесіп елордаға жетті.

Құдайдың құдіретін қараңыз, үй арасында үй жоқ құдайы көрші болып қонып, келер жылы қошқардай болып дүниеге келген Қайрат батырдың шілдеханасын тойлап жаттық. Осылайша, сол бір көрген түсімде пейілі таза Қалқаевқа аянның нағыз көкесі берілгені бар.

 

Кемелді шақтан көрініс

Қарап отырсақ, үміт пен күдік арқалап жаңа мекенге жол тартқан, болашақтың бағдарын бағамдап, еңселі ертеңімізге батыл қадам басқан сол бір бақытты кезеңге де биылдары тұп-тура жиырма жыл толады екен. Қонысымыз құтты болып, көз алдымызда адам танымастай өзгеріп, өркендеген арман қаламыз – Астананың да абыройы асқақтауда.

Осынау ұлы өзгерістердің бел ортасында жүріп, ердің жасы дейтін кемелді шағына кемері тола жеткен Нұрланның да берекелі шаңырағы бүгінде шаттыққа толған. Құдай қосқан қосағы Құралай екеуі қазақ-түрік лицейінде үздік оқитын Қайраттың жетістіктеріне марқайып отырғанда, Жанар мен Айдана қыздарының үйлеріндегі төрт жиен де сағындырмай, жиі келіп, нағашының базарлы үйін бастарына көшіріп кететіндері бар.

Әрине, немереге жеткенше, жиен де ыстық десе де, жақсылап бір көңілімді тапса, қалыбы мықты Қалқаевқа тағы да бір қошқар мүйізді «вещий» түс көріп беруге дайын екенімді мәлімдегім келеді…

Серікқали МҰҚАШЕВ,

Астана

Бөлісу:

Пікір жазу


*