Жаңа ауданның жаңалығы көп

580
0
Бөлісу:

Астана күні қарсаңында Алматы қаласындағы Наурызбай ауданы өзінің үшжылдық мерейтойын елорданың мерекесіне орайластырып тойлады. Мерекелік шараға аудан әкімі бастаған жергілікті тұрғындар, қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысты. 
Мерекелік кешті бастау үшін сөз алған аудан әкімі Сайран Сайфеденов жиналған жұртшылықты елдімекен­нің мерейтойымен және Астана күнімен құттықтады.
Аудан әкімінің дерегіне сүйенсек, 2014 жылы негізі қаланған Наурызбай ауданын дамытуға 40 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалған. 72 шақы­рымға созылған 108 көшеге асфальт төселіп, 17 шақырымды құрайтын 30 көшенің жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. 2014 жылы ауданда небәрі 11 балабақша болса, бүгінде мектепке дейінгі білім беру орындарының саны 40-тан асып жығылады. Биылғы жылы 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп пен аудандық емхана пайдалануға берілмек. Ауызсу мәселесін шешу, мәдени орта­лықтар мен Алматыдағы тұңғыш плане­тарий құрылысын бастау, қоғам­дық көліктердің жаңа бағыттарын іске қосу да – күн тәртібіндегі кезек күттір­мейтін жоспарлар.
Аудан халқын мерейтоймен құт­тықтауға Лұқпан Жолдасов, Бағдат Сәмединова, «Самал» және «Қоңыр» тобы мен Радиоэлек­тро­ни­ка және байланыс инженерлік институтының оркестрі келіп, жиналған жұрт­шы­лықты өнерімен қуантты. Мерекелік кешті Наурыз­бай ауданының ақса­қалды қария­­лары мен ақжау­лықты әжелерінен құралған хордың қор­жынындағы дәс­түр­лі әндер жалғады.
Аудан құрамына кіретін әр ауыл мерекеге арнайы шатыр тігіп, дастарқан жайып, концерттік бағдар­лама ұйым­дастырып, ерекше ұқыптылықпен дайын­далыпты. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан ұлттық бұйымдардан жасал­ған көрме де келушілердің наза­рынан тыс қалмады. Кеш қонақтары әкімшілік ғимаратының алдындағы алаңды жағалай орна­лас­қан шатыр­лардың бірінен соң бірін аралап, дастарқаннан дәм татып, ақса­қалдардың батасын алды. Қол күрес, спорттық ойындардан жарыс, би алаңы мен ұлттық сарындағы музыка мерекенің көрігін қыздырды.
Аудан әкімі: «Аз уақытта еңсеріл­ген еңбек пен қол жеткен көңіл қуан­тарлық нәтижелер – аудан халқының мызғымас бірлігі мен татулығының жемісі», – деп елді алға қойған мақсаттарды жүзеге асы­руға жұмыла кірісіп, ізгі істердің ұйытқысы болуға шақырды.

 

Динара ТІЛЕУБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*