Трансшекаралық аймақтардың дамуына маңыз берілуде

986
0
Бөлісу:

Атырауда Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның оныншы отырысы өтті. Қазақстан тарапынан айтылған ұсыныстардың барлығы да, екі ел арасындағы экономикалық-әлеуметтік жағдайларды дамытуға арналғандығымен өзекті болып, қатысушыларға ой салды. 

Қазақстан Парламенті Сенаты Төра­ғасының орынбасары Сергей Громов пен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация кеңесінің Төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов төрағалық етуімен өткен жиында өзекті үш мәселе талқыланды. Комиссия екі елдің жоғары заң шығарушы орган­дарының жоғарғы палаталары арасындағы Ын­тымақтастық туралы келісімнің негізінде әрекет ететіндіктен, жиында бұған дейін өткен тоғыз отырыста қозғалған мәселелер өзінің тиімділігін көрсетілгені туралы айтылды. Бірыңғай эконо­микалық кеңістік аясында екі елдің заңдарын үйлестіру мақсатында ауқымды істер атқарылған.
Еліміздің Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның оныншы отырысында Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Қазақстан мен Ресей арасындағы трансшекаралық аймақтардың, атап айтқанда Атырау мен Астрахань аймақтарының дамуы, трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау мен білім саласындағы ынтымақтастық мәселелері тал­қыланды. Бұл мәселелердің өзектілігі соншалық, Атырау облысында Ресей мемлекетімен бірлескен шара өтсе, жергілікті халық Жайық суы мен Азғыр елдімекені тұрғындарының Ресейге барып-келу мәселесінің шешілуінен үміт күтумен-ақ келеді.

Атырау мен Астрахань аймағы – көршілес елдер доноры
Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның оныншы отырысында алғы сөз алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев екі ел арасындағы достықтың берік қалыптасуына Қазақстан мен Ресей мемлекет басшыларының ықпалдастығы себеп болғанын айтты. Достастық елдердің президенттерінің бірігіп ел мүддесін ойлауының арқасында ежелден достық қарым-қатынастағы елдердің тығыз байланысы тұғырлана түсіп, трансшекаралық аймақтардың дамуына негіз болып отыр.
Атап айтсақ, Қазақстан жағынан – Атырау облысы, Ресей жағынан Астрахань аймақтарында экономиканың барлық саласын өркендетуге мүмкіндік мол. Бүгінде екі елдің тарапынан экономиканы әртараптандыру, өңдеуші өндірісті дамыту бағытында жұмыстар атқарылуда. 2016 жылдың қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6 млрд АҚШ долларына жетті. Жыл басынан бері Ресей елімен тауар айналымы 58 млн АҚШ долларына жетті. Мұнда балық өнімдерінің үлес салмағы да басым. Атырау облысында құрылыс материалдарын жеткізуші және азық-түлік тағамдарын саласында ресейлік шағын және орта бизнес дамып отыр. Аймақта ресейлік капиталмен 319 кәсіпорын қызмет етуде. Екі елдің рухани-мәдени байланысы да тұрақтылыққа ие. Атырау облысындағы ұстаздар мен келешек жас мамандар Астрахань облысының жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіруде. Сайып келгенде, аймақ басшысы Н.Ноғаев осындай мәселелерге қол жеткізіп отырғанмен де, ең өзекті мәселелерге нақты шешім әлі қабылданбай отырғанын айтты.

Жайық, сенің орның алабөтен…
Бұл – Жайық өзенінің қазіргі жағдайына байланысты. Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев ашық алаңдағы еркін диалогта Жайықты жағалай қоныстанған халықтың жанайқайын жеткізді. Жайықтың төмен сағасында отырып, су жетіспеу­шілігін көріп отырған аймақ үшін Жайық өзені мәселесінің тезірек шешімін табуына мүдделі екендігін жеткізді. Бұл проблема әлі күнге дейін сол күйінде қалып келеді. Сол себепті, аймақ басшысы жиынға қатысушыларды тек Қазақстанға ғана емес, Ресей үшін де маңызды проблеманы бірлесіп шешуге шақырды.
Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов бұл мәселеге қатысты өз ойын айтты.
– Ресей мен Қазақстан сияқты екі елдің шамамен 20 миллион тұрғыны Жайық өзенінің жағасында өмір сүреді. Бүгінгі күні ауызсу мұнайға қарағанда қымбат болып барады. Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында бұл – өзекті мәселе. Өйткені ауызсу тапшылығы сезіледі. Әлем бойынша ауызсу тапшы. Дүниежүзінде ауызсуға байланысты талас-тартыс болып жатыр. Мұны бү­гін біз Африка елдерінен көріп отырмыз. Сондықтан Жайық секілді өзенді ластамауымыз керек. Керісінше, оны тазалауға, игілігін түзеуге міндет­тіміз. Бекіре және бекіре тұқымдас балықтардың қорын сақтау үшін Жайық өзенінің экологиялық жағдайына баса назар аударуымыз қажет, – деді ол.
Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов: «Бұл тек Жайық өзеніне ғана емес, сонымен қатар Ертіс өзеніне және бұрын қарастырылған басқа да сұрақтарға қатысты», – дейді. Оның айтуынша, Жайық өзеніне байланысты бастапқы қағидалық шешім өткен жылы Астанада өткен форумда Президенттің қатысуымен қабылданып, Жайық өзенінің экожүйесін қорғау туралы келісімге қол қойылған. Биліктің бұл келісімін өткен жылдың қазан айында Ресей елі ратификациялады, алдағы күндері бұл келісім күшіне енуі үшін Қазақстан билігінің бұл үндеуін жазып, ратификациялау шараларын жеделдетуді жоспарлау қажет деп есептейміз. Демек, Жайық өзенінің бұл жүйесіне байланысты арнайы екіжақты билікаралық комиссия құрылатын болады.
Парламент тапсырмасы – мемлекеттік атқару билігінің тиісті органдарын алмастыру емес, тек қажет болған жағдайда заңнамаға тиісті өзгеріс енгізу. Жайық өзеніндегі жағдайды жақсартудағы заңнамалық үдерісті қамтамасыз ету. Жайықты тереңдету жұмыстарын бірігіп жүргізіп, балықтардың еркін жүруіне жағдай жасау – қазіргі күні шешімін күтіп тұрған өзекті мәселе.
Сондай-ақ Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов биыл Челябинск қаласында екі ел басшыларының қатысуымен өңіраралық форумда Атырау және Астрахань облыстарындағы ынтымақтастық үлгісі таныстырылуы мүмкін деген ойын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей аймақтарының өзара іс-қимылы, екі ел арасындағы тауар айналымының жетпіс пайызы дәл осы өңіраралық ынтымақтастығы нәтижесіне тиесілі.
Жайық өзеніне қатысты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов: «Жайық өзені суын ұтымды пайдалану, оның экологиялық жағдайын сақтау әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Жайық өзені – Еуропадағы Еділ, Дунай өзендерінен кейінгі су көзі. Оның екі мыңға жуық шақырымы Қазақстан территориясынан ағып өтеді. Атырау облысы Жайық өзенінің төменгі сағасын жайлап отырғандықтан, өзен суының толық келуі біз үшін маңызды. Су – тіршілік көзі. Сусыз экономикада өрлеу болмайды. Екі ел арасында Жайық өзенін қорғау мәселесіне орай келісімшарттар жасалды. Енді осы шартта көрсетілген талаптарды тиянақты орындау екі ел тарапынан орын алмаса, бұл мәселе өзектілігін жоймайды» – деген пікірін айтты.

Аймақаралық сауда айналымында кедергі бар
Астрахань аймағына таяу жердегі Азғыр ауылының тұрғындары Ресеймен арадағы сауда байланыста кедергілерге тап болып отыр. Бұл проблеманы үнемі жоғары мінберлерде мәлім етіп жүрген сенатор Сәрсенбай Еңсегенов:
– Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның оныншы отырысының күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Нақты шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Жайық өзеніне қатысты проб­лемадан өзге, трансшекаралық аймақтардың дамуына қатысты айтсақ, Атырау облысының Азғыр ауыл мен Астрахань облысы арасындағы автомобиль шекара аумағынан өтуде үлкен қиындықтар бар. Екі елдің шекарасы аумағында ықшамдалған өткізу қосыны бар. Осы қосынның өткізу мәртебесіне сәйкес, бір адам бар болғаны 35 келіден артық жүк өткізе алмайды. Тіпті азамат­тардың барып-келуінде де шектеу бар. Бұл талаптар екі елдің сауда-экономикалық байланыстарына кедергі келтіруде. Бұл туралы Сенатта депутаттық сауал өз атымнан жолданып, Үкімет тарапынан қаралды. Аталған мәселе бойынша Қазақстан мен Ресей үкіметаралық хаттамалық шешімдер қабылданды. Біздің елдің тарапы және Ресей елінің Транспорт министрлігі де дайын. Десек те, Ресей елінің Федеральдық қауіпсіздік қызметінен әлі де болса қолдау болмай тұр. Сондықтан Ынтымақ­тастық жөніндегі комиссияның оныншы отыры­сында бұл мәселені күн тәртібіне енгізу туралы ұсы­ныс айттым, – деген сенатор Сәрсенбай Құр­манұлы бұл мәселе алдағы уақытта жалғасын таба­тынына сенімді.

Әуе қатынасы тиімді
Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту қажеттігін айтты. Бірінші кезекте жүзеге асырылуы тиіс автожол жобаларының қатарында Атырау – Астрахань тасжолы бар. Оның қайта салынуы қазақстандық тауарларды Қара теңіз арқылы Орталық Ресей мен Еуропаға жеткізуде маңызды рөл атқарады
Атырау – Астрахань тасжолы Қиғаш өзеніндегі шекараға дейін толығымен жаңғыртуға жатады. Ұзақтығы – 277 шақырым, қашықтық 6 бөлікке бөлінген. Бұл жұмыстар Ислам даму банкімен қаржыландырылады, алты бөлік бойынша жұмыстар осы жылы бір мезгілде басталады деп жоспарлануда. Астраханьдық тасжолды қайта жаңғыртудың аяқталу мерзімі –2020 жыл. Биыл жұмысы басталатын Астрахань – Атырау тас­жолының құрылысы екі мемлекет экономикасының өркендеуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Дейтұрғанмен, екі елдің экономикалық өрлеуіне автомобиль жолынан өзге, әуе қатынастары бағыттарын ашу да уақыт күттірмейтін жағдайға жетті.
Комиссия отырысында бұған аса назар аударылды. Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау облысы орталығынан Атырау – Астрахань, Атырау – Самара, Атырау – Волгоград бағытында әуе қатынасын ашу туралы ұсынысын айтты. Көршілес Батыс Қазақстан облысында бір әуе компаниясы Ресейдің шекаралас аймақтарына әуе бағыттарын ашқан. Атырау облысында да осы жоба жүзеге асса, екі ел экономикасының ілгерілеуіне, халықтың қатынауына тиімді жол салған болар еді. Бүгінде бұл мәселе Қазақстан тарапынан нақты жұмыстар жасалуда. Дегенмен Ресей Федерациясы кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның мәртебесін ескеріп, осы ұсынысты қаулыға енгізу сұралды. Ресейден келген комиссия мүшелері де бұл мәселеге қызығушылық білдіріп, бұл жобаның жүзеге асуына пәрменділік танытуға ықылас танытты.
Атырауда Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның оныншы отырысында қаралған тағы бір маңызды мәселенің бірі – білім саласындағы ынтымақтастық. Оның ішінде оқулық мәселесі өзекті болуда. Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов: «Ресей аумағында өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасы үшін және Қазақстанда оқитындарға арналған орыс тіліндегі оқулықтар – өте елеулі мәселе және тиісті өз шешімін табады деп ойлаймын. Біз мұны өз хаттамамызға енгіздік және біздің министрлік бұл сұрақтың шешімін табады. Біз бүгінгі отырыстың хаттамасын жасақтаймыз. Хаттамадан тиісінше шешім шығады. Осы сәттен-ақ біз атқарушы орган­дарға хабарласып, кейін олардың орындалу туралы айтылатын хабарын бақылауда ұстаймыз» деді.
Оның айтуынша, комиссияда қаралған шешім­дер 100 пайыз орындалмайды. Шешім болады. Тіпті алғашқы отырыстарда көтерілген мәселелерге оралу жағдайлары орын алуы – заң­дылық. Бұл да эко­ло­гия секілді он жыл көтерілуі мүмкін болатын мәселе.
Атырауда өткен Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комис­сияның оныншы отырысының күн тәртібінде өзекті мәселелер қаралды. Ол негізгі қаралған үш мәселеден өзге, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм салаларын қамтыды. Айталық, бүгін туризм қызметіне қатысты модельдік заңды өрістетіп, ТМД парламентаралық ассамблеясы қабылдаған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерация­сының туризм саласындағы ұлттық заңнаманы мейлінше жақындастыру туралы айтылды.
Алдымыздағы жылдың қараша айында Ресейде болатын комиссияның келесі отырысын Ресейдің оңтүстік аймақтарының біріне өткізу туралы келісім жасалды. Ендігі үміт сол отырысқа дейін жоғарыдағы көкейтесті мәселелердің шешілуі.

Бөлісу:

Пікір жазу


*