Лондон Ситиі Астанамен ынтымақтаспақ

1249
0
Бөлісу:

Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев Латвия Республикасының президенті Раймондс Вейониспен кездесті.

Кездесу барысында жеңіл және тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм салаларында, сондай-ақ білім беру, азаматтық авиация және ме­дициналық туризм кадрларын даярлау саласындағы екіжақты сауда-эконо­микалық ынты­мақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Сон­дай-ақ транзиттік-көліктік бағыттағы өзара іс-қимыл мәселелеріне және шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстан мен Латвия арасындағы сауда айналымы 2016 жылы 126,2 миллион долларды құрады. Соның ішінде Қа­зақстанның экспорты – 93,5 млн доллар, ал Латвиядан әкелінген импорт 32,7 млн доллар болды. 2017 жылдың қаңтар-сәуірінде өзара тауар айналым 31,8 млн долларды құрады, мұндағы экспорты­мыз – 25,3 млн, импорт – 6,5 млн доллар. Бүгінде Қазақстанда 60-тан астам қазақстандық-латвиялық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Осы күні Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Лондон ситидің Лорд-мэрі Эндрю Пармлимен кездесті. Кездесу барысында ірі трансұлттық компаниялармен өзара іс-қимыл, қаржы қызметтерін, шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы экономикалық ынтымақтастық мәселе­лері талқыланды.
Түсіндіре кетсек, Лорд-мэр – Лондон ситиі әкімшілігінің басшысы, бір жылға сайланады. Бұл лауазым саясаттан тыс саналады және оған жалақы төленбейді. Лорд-мэрдің рөлі айрықша күш-жігер мен қажыр-қайратты қажет етеді: бір жылдың ішінде ол шамамен 90 күнін шетелде өткізеді және жылына әртүрлі кездесулер мен жиындарда шамамен 800 мәрте сөз сөйлейді.
Лорд-мэр Эндрю Пармли Қазақстанға Лондон ситиден бизнесмендер деле­гация­сын бастап келді. Лорд-мэр сапары­ның мақсаты – Ұлыбритания мен Қазақстан­ның арасындағы коммерция­лық байла­ныс­тарды нығайту және Ұлыбританияны бірлескен бизнес жүргізу мен инвестиция­лар салуға арналған үздік жерлердің бірі ретінде ілгері жылжыту болып отыр. Үш күн ішінде ол Астанада әртүрлі кездесулер өткізді және EXPО – 2017 халықаралық көрмесіне барды. Ол сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін британдық бизнесмендермен кездесіп, исламдық қаржыландыру мәселелерін талқылаған.
«Қазақстан – Ұлыбритания үшін аса маңызды нарық, сол себепті менімен бірге осындай ауқымды бизнес делегация келді. Қазір Ұлыбритания Қазақстанда алтыншы орындағы аса ірі инвестор. Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстанға құйылған британдық инвестициялар
20 миллиард фунт стерлингтен асып түсті» деді Эндрю Пармли.
Лондон ситиі Астанамен Исламдық қаржыландыру, «жасыл» қаржыландыру және қаржы технологиялары бойынша екіжақты барынша тығыз экономикалық ынтымақтастық орнатпақ ниетте.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*