БҰҰ ядролық қаруға тыйым салды!

1603
0
Бөлісу:

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2017 жылғы 7 шілде күні өткен үкіметаралық конференциясында адамзаттың дамуындағы соны бетбұрысқа айналған ірі оқиға болды. Осы жаһандық жиында 122 мемлекет «Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісім» мәтінін жақтап, дауыс берді. Осылайша, Қазақстан бастамашы болған «ядросыз әлем» құру бағытында үлкен қадам жасалып отыр.
Бір айта кетер жайт, БҰҰ кон­ференциясына қатысушы тәуелсіз мемлекеттер тарихи шешім қабыл­дауда бірауызды болды деуге келеді. Тек жалғыз Нидерланды ғана қарсы дауыс берді, Сингапур бейта­раптылық сақтап, қалыс қалуды жөн көрді.
Рас, сонымен бірге ресми түрде ядролық қаруға ие 8 мемлекет – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Фран­ция, Қытай, Үндістан, Пәкістан және Солтүстік Корея, бұған қоса сарапшылар «сондай қаруы бар» деп болжайтын Израиль аталған келісім бойынша жұмысқа да, сонымен бірге жұма күнгі дауыс беруге де қатыспады.
Дегенмен құжат 2017 жылғы 20 қыркүйекке дейін барлық елдердің қол қоюы үшін ашық болады. Содан кейін кем дегенде 50 мемле­кет ратификацияласа, «Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісім» бүкіл әлем бойынша күшіне енеді.
Бұл келісім барлық қатысушы­ларды «ешқашан және ешбір жағдайда ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құ­рыл­ғыларды игермеуге, сынақтан өткізбеуге, өндірмеуге, жасамауға, әлдебір жолдармен сатып алмауға, иелік етпеуге және жинақтамауға» міндеттейді. Ол сондай-ақ ядролық қаруды қолдану бойынша қоқан-лоққы жасауға да тыйым салады.
Ядролық державалардың қар­сылығына қарамастан, әлемдегі тәуелсіз мемлекеттердің басым даусымен қабылданған аталған құжат ядролық қарусыздану мәселелері бойынша соңғы жиыр­ма жылда қабылданған бірінші «жалпыға бірдей заңды құжатқа» айналып отыр. Сонымен бірге, оны теңдессіз деп бағалауға да болады.
Өйткені сарапшылардың ай­туынша, бұл жерде ядролық қаруға тыйым салу туралы сөз болуда. Яғни, жаппай қырып-жою қаруы дүниежүзі бойынша «заңсыз» деп танылады. Сондай-ақ БҰҰ аясында қабылданған бұл шешім «халық­аралық тұрғыда заңдық міндетті» болады.
Бұған дейінгі осы саладағы «Ядролық қаруды таратпау туралы келісім» секілді құжаттар ядролық мемлекеттерге сол арсеналдарын ары қарай да сақтауға мүмкіндік беретін.
Халықаралық сарапшылар БҰҰ аясында қабылданған жаңа келі­сімнің қағаз жүзінде қалмайты­нына сенімді, себебі, оны әлем ел­дерінің басым көпшілігі қуаттады. Тағы бір дәйектеме: бұл бағытта үлгі де жоқ емес, соқпақ та салын­ған. 20 жыл бұрын БҰҰ-ның Химиялық қаруды жасауға және қолдануға толықтай тыйым салуы жөніндегі конвенциясы іске қо­сылды. Осыдан кейін лаңкестік ұйымдарды есепке алмағанда, барлық мемлекеттер химиялық қаруды қолданудан бірте-бірте бас тартты.
Енді міне, кезек ядролық қаруға да келіп отыр. Әрі адамзат баласын «ақырзаман қаруынан» құтқару қозға­лысының бастауында Қазақ­стан және оның лидері Нұрсұлтан Назарбаев тұрғаны әлем тарихында қалады. Сонау ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында-ақ тарихта бірінші болып, алапат ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан және өз аумағындағы ядролық сынақ полигонын жапқан Қазақстанның бастамасы орасан зор өркениеттік маңызға ие. Бұл тәжірибе БҰҰ қолдауымен бүкіл әлем елдеріне таратылмақ. Қазірдің өзінде әлгі 122 ел Қазақ елінің үлгісін мойындайтынын және өзіне қабылдайтынын мәлімдеп отыр.

Ресей ғылым академиясының ака­демигі, саясаттанушы Алексей Арбатов – Елбасының ядролық қарудан ада әлем құру бастамаларын жақтаушы ғалымдардың бірі. Ол «ядролық қаруға тыйым салу – ірі державаларды ядролық сенімді қалқаннан айырады» дегенге саятын кейбір саясаткерлер мен сарап­шылар байламының түбірімен қате екенін айтады. Өйткені егер бір мемлекет ядролық қару қолданса, қарсы жақ оған үстемелете жауап береді, ақыр соңында бүкіл ғаламшар «радиоактивті күлге» айналуы ықтимал. Яғни, ядролық қару ешкімге қалқан бола алмайды.
«Бір қынжылтатыны, ядролық соғыстың салдары қандай болатынын түсінетін көшбасшылар өте аз. Ондай соғыстың тек бірінші сағаттарында-ақ әр жақтан қаза тапқандардың саны 70-80 миллионға жетуі ықтимал, ал бұл бүкіл ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында мерт болғандар санынан да көп! Содан кейінгі бірнеше аптада қалған бүкіл әлем де опат болады. Компьютерлік үлгілеу нәтижелері осыны көрсетуде. Жаһандық соғыс зұлматы жадынан өшкен қазіргі кезде саясаткерлер мен әскерилердің жаңа буынының пси­хологиясында «қарсыласты ядролық қуатты қарумен қорқытып-үркіту қажет, егер қақтығыс ушығып жатса, жаудың жігерін жаншу үшін ядролық оқтұм­сық­тармен соққы беруге болады» деген қате түсінік тууда. Мұндай жағдайда еш­кімнің де аман қалмайтыны олардың қаперіне кірмейді» деген академик осы қаһарлы сценарий жүзеге аспауы үшін ядролық қарудан азат әлем құру қажет­тігін нықтайды.
Кезінде тәуелсіздіктің бастауында 29 тамыз күні күллі Орта Азияны «ядролық қарудан азат аймаққа» айналдырған Қазақстан енді бүгін бүкіл әлемді «ақырет күнінің» қаруынан арылтуда нақты жетістіктерге жетуде.
Әрине, ядролық қаруды жоюдың ұзақ үдеріс екендігін барлық сарапшылар мойындайды. Оны «ертең іске асады» деп ешкім де күтіп отырған жоқ. Бұл ретте әрбір елді алаңдататын қауіпсіздіктің барлық мәселелері мен қырлары ескерілуі қажет. Бірақ ең бастысы – жаһан жұрт­шылығының осы бағыттағы жолдан бұлтармай, алға қадам басуы болса керек. Ол үшін қажетті стратегия түзілді, адамзаттың осы көшін алға бастайтын лидер де бар.
Олай болса, атом қаруының не екенін адамзат тек оқулықтардан ғана білетін заман бейнесі дәл қазір сомдалып жатқандай.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*