Көрме меймандары 1 миллионға жуықтады

974
0
Бөлісу:

EXPО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін 920 мыңнан астам келуші тамашалады. Бұл туралы кеше көрменің 1 айлық жұмысын қорытындылауға арналған брифингте «Астана EXPО – 2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Бейбіт Қарымсақов мәлімдеді.
1 айдың ішінде көрмеге 921 мың 293 адам келген. Бүгін түстен кейін мил­лоныншы келуші кіреді деп күтілуде. Халықаралық павильондарға кіріп-шығу саны – 5 млн 960 мың. Келушілер көрменің негізгі нысандарына 834 мың 579 рет кіріп-шыққан. «Нұр әлем» павильонына кіріп-шығу көрсеткіші жоғары – 303 мың 7 рет.
– Көрме басталған уақыттан бастап қонақтар 160 мыңнан астам жеңіл­детілген тарифпен кірді. Олар – 6 жасқа дейінгі балалар, оқушылар, студенттер, зейнеткерлер және мүгедектер. 409 мың 700 адам еліміздің басқа өңірлерінен ұйымдастырылған топтармен келді. Оның ішінде 17 мың 700-і – балалар. Қа­рағанды, Ақмола, Павлодар облыс­тарының тұрғындары көрме тамаша­лаушыларының көшін бастап тұр, – деді Бейбіт Қарымсақов.
Көрмеге 130 мыңдай шетел азаматтары келген. Олар келушілердің 14 пайызын құрайды. Атап айтқанда, Ресейден – 35 мың 500, Германиядан – 19 мың, Қытайдан – 11 мың 500 адам көрмені тамашалаған.
– EXPО өтіп жатқан уақытта ашық аспан режимі бар. Елімізде 21 әуе компаниясы 28 халықаралық бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Астанаға бір аптада 166 рейс келеді. Біздің мәлімет бойынша, қаладағы қонақ үйлердің 60 пайызы толық. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артық. Бір айдың ішінде көрмеде 1 мың 31 ойын-сауық және іскерлік шаралар өтті. Сонымен қатар мемлекет басшыла­рының, министрлердің, халықаралық комиссиялардың қатысуымен 84 хат­тамалық шара өтті. 1-10 шілде аралы­ғында жеңілдетілген 2 акция болды. Жалпы, көрме штаттық режімде жұмыс істеуде. Оқыс оқиғалар болған емес, – деді компания басқарушы директоры.
«Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы Коммерциялау депар­таментінің директоры Дәулет Еркім­баевтың мәліметінше, көрмеде 40 мыңға жуық кәдесый сатылған.
– Қазіргі уақытта біз 80 млн теңгеден астам сомаға шамамен 40 мың кәдесый саттық. Бұл келушілердің көрмеге қы­зығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Көрме аумағында қоғамдық тамақтануға арналған 25 нысан, 33 киоск бар. Бір айдың ішінде олар 210 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті. Бізде логис­тикалық орталық жұмыс істейді. Орта­лық арқылы көрмеге келетін барлық жүк, оның ішінде азық-түлік те жет­кізіледі. Көрме аумағында санитарлық қызмет кезекшілік жасайды және ветеринарлық бақылау жүргізіледі, – деді Дәулет Еркімбаев.
Департамент директорының айтуын­ша, көрмеге 1 млн 800 мың билет сатыл­ған.
– 1 шілде мен 10 шілде аралығында бізде қосымша акция өткізіліп, тағы бір жаңа билет енгізілген еді. Ол – сағат 18:30-дан бастап көрме жабылғанға дейін жарамды кешкі билет. Бұл билетті 25,5 мың адам сатып алған. Одан бұ­рынғы 3+1 акциясын 14,5 мың адам пай­даланды. 17 жасқа дейінгі балалар демалыс күндері тегін кіре алатын жас­тар тарифын 50 мыңнан астам кәме­леттік жасқа толмағандар қолданды, – деді ол.

 

Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*