Елбасының жасампаз қолтаңбасы

3050
0
Бөлісу:

Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы:

Осыдан бір жыл бұрын «Естелікке автограф» атты мақаламда мен жекелеген, сонымен бірге, архивінде, кітаптарда және кәдесыйлар жиынтығында көп данамен Елбасының атына арнайы, естелікке және сыйлық ретінде қалдырылған қолтаңбаларға қысқаша шолуды ұсынған едім.
Аталған мақалаға арналған жылы лебіздер легін мен, әлбетте, Тұңғыш Президентіміздің тұлғалық қасиетіне деген жұртшылықтың үздіксіз қызығушылығымен, сонымен бірге, автографтар топтамасында үлкен саясат «кәдуілгі құрғақ ресмилік» формасында емес, адамдармен емен-жарқын кері байланыс түрінде берілгенімен байланыстырамын.
Дәл сол кездің өзінде егер «Назарбаевқа» деген автографтар сыйға тартылған болса, әрине, «Назарбаевтан» деген де автографтар тақырыптың бір тармағы болатыны белгілі еді. Сол себепті, бүгін мен оқырманды өзіммен бірге Елбасының қолтаңбалық әлеміне көз жүгіртуге шақырамын.

Әңгімемізді бастамас бұрын «автограф» сөзі екі түрлі мағынаға ие екенін еске салу артық болмас. Автографтың жалпыға ортақ және кең қолданыстағы мағынасы өз қолымен жазылған жазу немесе қол қоюды білдіреді. «Автордан автограф алу» дегенді тілге тиек еткенде нақ осыны аңғартады. Филологтар ұдайы сүйенетін келесі мағынасы: автордың өз қолы­мен жазылған қолжазба мәтіні. Яғни, нақты адам жасаған және тасқа басқан кез келген ауызекі шығарма.
Бас құжатымыз – Ата Заңнан бастап, мемлекеттің өмірін рет­тейтін барлық негізгі қағидаттар, ережелер, нормалар мен бағдарлар Елбасының қаламынан туды. Президенттің актілері деп атала­тын ресми құжаттар өмірдің бар­лық жағдайына бағытталған. Олар­дың толық тізбесі көп орын­ды алатындықтан, ең бастыларына тоқталайын. Олар: жарлықтар мен өкімдер, жекелеген жағдайларда заңдық күші бар, вето құқын қолданатын заңдар мен жарлық­тар, Парламент ұсынған заңдарға қол қою, Қазақстан хал­қына жыл сайынғы Жолдауы, Үкіметтің құрамын бел­гілеу, лауазымды тұл­ғаларды тағайындау, мем­лекеттік бағдарламаларды бекіту, референ­дум өткізу туралы шешім қабылдау, халықаралық келісімдерге қол қою, мемлекеттік наградаларды табыс ету, әскери және басқа да атақтар, шендер, рангтар мен сыныптарды тағайындау.
Олардың әрқайсысының ар­тында нақты адамдардың өмірімен өрілген еліміздің тағдыры тұр. Бұлардың қатарында Қазақ­стан азаматтығына қабылдау не­месе жазаға тартылған азаматтарға ра­қым­шылық жасау туралы мейлін­ше нәзік шешімдер де бар.
Президенттің жұмысында мәтін­нің қыруар жүк­темесімен айналысу әдеттегідей аса ауқымды. Мәселен, 2016 жылы 6 мыңнан астам құжат, оның ішінде 107 заң, 243 жарлық, 88 өкім, 16 кеңес хат­тамалары, 1 042 қызметтік жазба хат, 4 200 сарап­тамалық және ақ­параттық-анықтамалық материал­дар, 309 азаматтар өтініштері қаралып, қол қойылды. Егер мұны елестетер болсаңыз, үйіңіздегі ең үлкен бөлмеде төбеге дейін үйілген қағаздар топтамасы көз алдыңызға келер еді. Десек те, Президент Әкімші­лігінде қолданысқа енген электрондық құжат айналымы және іс жүргізу жүйесіне байла­нысты бұл әлдеқайда жинақы көрінеді.

Аталған мерзімде Нұрсұлтан Әбішұлының шетелдерге, өңірлерге жұмыс сапарлары, түрлі оты­рыстар мен кеңестерге, халықаралық форумдарға, конференциялар мен съездерге қа­тысуы, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткер­лерін қабылдауы, қоғамдық және еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесулері, өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік нысандарды аралауы сияқты хаттамалық іс-шара­ларды өткізгенін қоспағанның өзінде 700-ге жуық мәтінмен жұмыс істегенін көресіз. Президентке осындай тіпті қысқа мерзімді әрі эпизодтық іс-шараларда өзінің сөйлейтін сөзін немесе диалогқа қатысқанда айтатын ойын тез арада зерделеп, алдын ала әзірлеуіне тура келеді.
Елбасының жанрлық-стильдік сан қырлы шешендік қасиеті мен тіл байлығы іскерлік және құжаттық тілмен шектелмейтінін атап өткім келеді.
Тіл мамандары Елбасының шешендік ше­берліктің барлық үздік үлгілерін: ресми сөздері, дипломатиялық тіл, бизнес қауымдастықтық іскерлік стилі, Жоғарғы Бас Қолбасшының бұйрық сөзі, ғы­лыми лекциялар, рухани-адамгершілік тақырып­тарын жұртшылықпен талқылау кезінде белсенді әрі өз орнымен қолданатыны жөніндегі ойыммен келісетіні анық.
Соңғысына қатысты мынандай фактіні көлденең тартсам деймін: діни көшбасшы болмаса да (мәселен, бір мезгілде ағылшын шіркеуінің басшысы Ұлы­британияның патшайымы немесе басшылығында аятолла тұратын Иран Ислам Респуб­ликасы) ол, әрдайым мереке күндері (Құрбан айт, Рождество), Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съез­де­рінде, Қазақстанның руханият өкілдерімен кездесу­лерінде діни наным-сенім өкілдерімен ұдайы әң­гі­мелеседі. «Таза берілген» діни және дін та­рату­шылық жолда болмаса да, оның «Қалың елім, қа­зағым», «Бей­бітшілік кіндігі», «Ұлы дала ұлағаттары» кітаптары мен «Ой бөлістім халқыммен», «Жылдар мен ойлар» жинақтары және басқа да сөйлеген сөздері мен мақалалары терең философиялық-дидактикалық мәнімен ерекшеленеді.
Аталған жайттар Нұрсұлтан Назарбаевтың тілдік ерекшелігі әмбебап шешендіктің жарқын үлгісі деп есептеуіме негіз бола алады.
Көптеген жылдар бойы Елбасының қағаздары мен құжаттары бойынша білімнің сан алуан сала­ларының мамандары үшін қайталанбас дереккөздік ба­заны құрайтын көлемі және ақпараттық құн­дылығы бойынша қыруар қор жасақталды. Бұл бойынша Мемлекет басшысының эпистолярлық дүние­лерін де айтуға болады, мұны жүйелеу, жа­риялау және зерттеу қазіргі уақытта ең бастапқы ке­зеңін­де тұр, сондықтан да, әлі де ол өзінің шын ниеті­мен беріле жұмыс істейтін қажырлы зерттеу­шілерін күтуде.
Мына сұрақтың төркіні қай тұстан басталады: Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің алғашқы автографын қашан және кімге жолдады?
Ашығын айтайын: бұл сұраққа жауап беру және адам өзінің саналы түрде алғашқы мәтінін қашан жазғаны, оның мерзімі туралы жауап беру аса қиын. Өйткені, адам естелік қолтаңбаны балдәурен шақтан бастап бере бастайды.
Алайда Елбасының биографиялық кітабы туралы жұмысты бастағанымда Нұрсұлтан Әбішұлы менің өтінішіме назар аударып, өзінің жеке архивінен көптеген хаттар мен жазба, фото материалдарды берді. Олардың ішінен мен болашақ Президентіміздің бала күнгі досы Хусейн Хаджиевпен түскен суретін және оның сыртына өз қолымен жазған «бізді ешкім ешқашан ажырата алмайды» деген қолтаңбасын таптым. Тарихтан білетініміздей, фото өнері ойлап табылғалы және оның мүмкіндігінше таралуына байланысты ХХ ғасырда фотокарточкалар естелік қолтаңбаларды көп тарататын құралға айналды.
Президенттің Қаскелең орта мектебіндегі сы­ныптастары оның ерте жастан-ақ достарына қысқа тілектері жазылған сыйлықтар беруді жақсы көргенін естеріне алады. Оның Рая есімді қатарлас құрбы­сының айтуынша: «Жаңа жыл қарсаңында мектепте мерекелік маскарад кеш ұйымдастырылды. Үздік карнавалдық костюм үшін алғашқы жүлде ретінде фотоға арналған альбом тарту етілді. Нұрсұлтан әрбірімізге негізінен открыткалар мен кітап­тардан құралған жеке-жеке сыйлықтар дайын­дады. Біздің қуанышымызға қарай, менің құрбым Розаға ол С.Мұқановтың «Ботагөз» кітабын, маған да кітап және «Ұйқыдағы ару» парфюмерлік жиын­ты­ғын сыйлады». Бұл екі эпизод жоғарыда қойылған сұ­раққа нақты жауап бере алады: Нұрсұлтан Әбішұ­лы­ның ең алғашқы автографтары оның открытка­лар­ға, кітаптарға және достарына арналған басқа да сый­­лықтарға қол қойған мектептік кезеңіне дөп келеді.
Бұл жерде мен Мемлекет басшысының қолтаң­баларын зерделеуде белгілі бір шектеулер бар екенін атап өтуім керек. Мәселе түгендеу пробле­масында емес, десек те, қабылданған қолтаңбалардан гөрі жолданған «месседждер» санын есептеу аса қиын. Мәселе этикалық жағында: қанша дегенмен жеке хат алмасу (көбінесе автографтар да осыған жатады) – бұл құқықтық және адамгершіліктің көзге көрін­бейтін шекарасын аттап кетпеу маңызды саналатын жеке адамның кеңістік аймағы болып саналады.
Көп жыл бойы Президенттің мәтіндері қалай жазылатынын бақылауға мүмкіндігім болғандықтан, мен оның жазу мәдениеті мен техникасы туралы белгілі бір көзқарас қалыптастырдым. Нұрсұлтан Әбішұлы – бірінші кезекте «клавиатуралық», «нүктелік», «сенсорлы» жазбаларға қарағанда дәстүрлі қолмен жазу мәдениетін жанына жақын көреді. Әрине, технократ ретінде ол жаңа ақ­параттық-коммуникациялық құрылғыларды жеңіл меңгереді. Бірақ оның таза ақ параққа, сенімді және жорға автоқаламға жақындығы сондай, басқа­ларының бәрін екінші кезекке ысырып қояды. Оқушылармен әңгіме кезінде де ол шынайы ақыл-кеңесін айтудан танған емес. «Желілерде ұзақ отырудың, гаджеттерге байланып қалудың қажеті жоқ. Виртуалды әлемде емес, нақты өмірде өмір сүріп үйренген анағұрлым пайдалы» дейді Елбасы.
Мемлекет басшысының бұрынғы резиден­циясында орналасқан Тұңғыш Президент музейінде оның кабинеті әдейі алғашқы қалпында, иесі бар-жоғы осыдан бес минут бұрын ғана шығып кеткендей күйде қалдырылған. Оның жазу үстелін көрген адам басы артық ешнәрсе таба алмайды. Президент өзінің жұмыс орнын жазуға қажетті құралдармен қана қамтамасыз ететіндей деңгейде ұйымдасты­ра­тындықтан, ешқандай «шығармашы­лық тәр­тіпсіздікке» жол берілмейді.


Елбасының негізгі жазу материалдары – А4 пішіміндегі парақ, ескертпелер жазу үшін қол­данылатын шағын пішімді парақша, белгі қоятын стикерлер, күнделікті жазбалар үшін пайдаланыла­тын кітапшалар. Ежелгі әдеті – төс қалтаға еркін сыйып кететін шағын қойын кітап­шаларына жазу. Су белгілері бар ерекше қағаздағы президенттік блан­кілер әдетте таза баспа мәтіндер үшін қолданылады, бірақ автор оған да қажет кезінде түзетулер, өзгеріс­тер, толықтырулар енгізіп тұрады.
Негізгі жазу құралдары − автоқалам, грифельді және түрлі-түсті қарындаш, фломастер және маркер. Шарикті қаламға (қолданбайды десе де болады) қарағанда, Президент қауырсын сиялы автоқаламға басымдық береді.
Ежелгі дала мақалы былай дейді: «Аңшыны қамшысынан, жазушыны қаламынан таны». Біздің бүгінгі әңгімемізге қатысты айтатын болсақ, бұл мынаны білдіреді: нағыз кәсіпқой өзінің еңбек құралына ерекше көзқарас танытады. Өзінің қаламына Нұрсұлтан Назарбаев та фетишизмсіз, бірақ үлкен құрметпен қарайды. Бұл қазақтардың оптимизмге толы, арманшыл, ырымшыл ұлттық мінезіне сай келеді. Осы себепті ол ұлт үшін тағ­дыр­шешті құжатқа қол қойғаннан кейін: «Түпнұсқаны архивке, ал қаламды музейге өткіземін», – дейді. Соңғы осындай жағдай Президент Конституцияға енгізілген өзгерістерге қол қойған 2017 жылдың наурызында болды.
1990-жылдарғы аты шулы аукционда оны ұйымдастырушылардың талап-өтініштеріне үн қатқан Президенттің оған басқа заттарын емес, дәл автоқаламын қойғаны да мәселенің мәнін аша түсетіні анық.
Нұрсұлтан Әбішұлының жазуы туралы айтқанда, Президент жағдайға байланысты белгілерді түсіруде негізгі барлық нұсқаларды: орташа, ірі, ұсақ, жиілетіп жазу нұсқаларын қолданады. Оның актілік жазбалары (мысалы, құрметті қонақтар кітабын­дағы, салтанатты және ескерткіш мәтіндердегі) түсінік­тілігі, мағыналылығы, мазмұндалуы тұрғы­сынан каллиграфты болып келеді. Оның жұмыс, қаралама (черновик) және шұғыл жазбаларында әріптер ірі әрі көлемді болып келеді, ал қысқарған сөздер мен белгілердің (астын сызу, леп белгісін және сұрақ белгісін қою, т.б.), сондай-ақ формулалардың, есептеулердің, суреттердің, сызбалардың жиі кездесетіні басқа әңгіме. Ұсақ жазуларды ол мәтінді шағын пішімді параққа сыйғызу талап етілген кезде қолданады: мұндай жағдай қарарларға байланысты (аппараттық сленгте – «фишка») кездесіп тұрады. Осының өзінде Президент, тіпті, қаралама (чер­новик) жазбаларында да таза жазуға тырысады. Өйткені, оның сөйлемдері ойластырылғандығымен, діттеген жеріне дөп тиетіндігімен және нақты­лығымен ерекшеленеді.
Архивтен әр жылдарғы қолжазбаларды зерделей келе, Нұрсұлтан Әбішұлының жазуы өзгеріссіз келе жатқан тұрақты сипатын анықтадым. Мұның бір артықшылығы, көптеген адамдар, өкі­нішке қарай, жақсы жазуларымен ерекшелен­бейді, ал ком­пьютерлі-клавиатуралы және «нүктелі» дәуірдің өмірімізге дендеп енуіне байланысты, тіпті кезіндегі орнықты жазу дағдысы бар адам­дардың өзі онысын жоғалтып алатын тұстар да ана­ғұрлым арта түсіп отыр. Президенттің жазу мәде­ниетінің осындай тәртіптілігі мен эргономикалығын көрген сәтте кім анық ойлай білсе, сол нақты маз­мұндайды деген ежелгі шындықтың дұрыстығына кезекті мәрте көз жеткізесің.
Президенттің құжаттармен жұмысы туралы «Тұңғыш» деген кітабымда жан-жақты жазғандық­тан, бүгін тек оның қарарының тілі мен стилін ғана қысқаша сипаттап өтейін. Жас кезінен-ақ аппарат жұмысының тар жол, тайғақ кешулерінен өткен ол бюрократ болған жоқ. Керісінше, ол – қоғам мүддесіне қайшы келетін бюрократизмнің, сөзбұйдалықтың нағыз бітіспес жауы.
Осы орайда Елбасы өзінің атына келетін әрбір корреспонденцияны ерекше бір оқиға және «шы­ғармашылықтың жеке бір актісі» ретінде қабыл­дайды. Ол келген хат-хабармен мұқият, сараптау әрі сын тұрғысынан қарап танысады. Сондықтан оның қарарларының тілі де ресми бланкілердегі жазбаша өкімдер де – шаблонды функционерлік клише­лерден айтарлықтай алшақ жатады.
Оның сөзі жанды, эмоционалды, еркін, қысқа және көп жағдайда өткір. Бұған сенуге де, сенбеуге де болар, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы жұмысының нәтижесі белгілі бір корреспонденцияға қараға­нынан-ақ білінеді: онда ол кей сәттері қуанышты кейіпте қозғалақтап қойса, келесісінде мәтінге баса мән бере отырып, қабағын түйеді, енді бірде шұғыл сұраныс жасату үшін телефонға қол созады, сондай-ақ шкафқа барып, қажетті кітабын тауып алады да ойлы көзбен терезеден қарайды… Ақыр соңында проблеманы шешудің тәсілін тауып, жылы жымияды.
Жақында мен архивтен Үкімет пен орталық мемлекеттік органдардың 1990-жылдардағы қызметі туралы құжаттарды көтердім.
Сол кездегі премьер-министрлердің бірі кейде стилистикалық жағынан кемістігі жоқ, бірақ нәтижеге жұмыс істей алмайтын, мағынасыз, тіпті кейде теріс ақпарат беретін есеп-баяндаулар жол­дауға бейім болатын. Президенттің тұтыну тауарларын шығаратын өнеркәсіп саласын тұрақтандыру мен дамыту бойынша тапсырмасын Үкіметтің орындау барысы туралы хабарланатын сондай қағаздардың бірін Нұрсұлтан Әбішұлы былайша қабылдады: «Бұл − сырғытпа жауап. Еліміздің ішкі рыногына бағдарланған салаларда: зауыттарымызда құрылыс материалдарын, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, халыққа арналған басқа да тауарлар шығаруда күрт құлдырау жалғасып жатыр. Сендер шикізат сатумен әуестенудесіңдер, ал халықтың ақшасы өзге елдердің пайдасына жұмыс істеуде. Менің былтырғы берген тапсырмаларым аяқсыз қалды. Жұмысты дұрыс жолға қойыңдар, әйтпесе мұны басқаларға тапсырамын».
Салық қызметінің бір басшысы бұзушы­лықтардың анықталғаны, ақша мен материалдық құндылықтардың дер кезінде қайтарылғаны жөнінде жеңісті баяндау жолдапты. «Сен, бірақ тексер» қағидатына сүйенген Президент жо­ғарыдағы ақпаратты тексеру туралы Бас прокурорға тапсырма береді: «Көрсетілген фактілерді анықтап, хабарлауды сұраймын». Президенттің күмәні дұрыс болып шықты, кейін салық қызметкерінің шаш ал десе, бас ал деген қадамдарға барғаны белгілі болды.
Тағы бір жоғары лауазымды шенеунік сеніп тап­сырылған учаскеде нақты жұмыс істеудің орнына кей­де жоба құмарлыққа жол берген. Салдарынан ағым­дағы жұмыстар жайына қалған. Ол өзінің кезекті бір желбуаз есебін ұсынған кезде, Президент: «Мұның не керегі бар?», – деп қысқа ғана қайырған еді.
Мемлекетшіл тұлға және транспаренттіліктің жақтасы ретінде Президент жұртшылықты аза­маттардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты мәселелер бойынша құлағдар етіп отыруды еш­қашан есінен шығарған емес. Сондықтан оның қа­рарларының ішінде: «БАҚ арқылы жауап берің­дер» немесе «БАҚ-та тиісті пішімде көрсетіңдер», – деген тапсырмалар жиі кездеседі.
Жекелеген азаматтар мен ұжымдардан да хат-хабар өте көп келеді. Олармен мұқият танысып шыққан Президент: «Авторға рақмет айтайық. Жауап дайындаңдар», – деп жазады.
Егер еліміздің саяси тарихындағы Семей поли­гонын жабу, мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң мен Конституцияны қабылдау, мемлекеттік рәміздерді дайындау, Қазақстан халқы ассамблеясын құру, астананы ауыстыру, көрші елдермен тарихи келісімшарттар жасау, халықаралық ұйымдар мен жобалардағы өзара іс-қимыл, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру, ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті, маңызды стратегиялық және жалпыұлттық бағдарламаларды жүзеге асыру, EXPO – 2017 халықаралық көрмесі сияқты тағы басқа негізгі және айтулы оқиғаларды еске түсірсек, осылардың барлығы Тұңғыш Президент тарапынан қол қою арқылы бекітілгенін көреміз. Бұл − Қазақстанның бүкіл жаңа тарихы, тікелей және ауыспалы мағынада айтқанда, Елбасының қаламынан шықты деген сөз.
Н.Назарбаевтың жеке қол қою үлгісі саяси бренд ретінде өзі басқаратын «Нұр Отан» партия­сының эмблемасында немесе қазір айтылып жүргендей логотипінде мейлінші көрнекі әрі тұ­рақты түрде қолданылады, мүшелік партби­леттерінде, партия кеңселерінде ілінетін атау­ларында, бланкілерінде, үгіт-насихат өнімдері мен партия атрибутикаларында жазылады.
Н.Назарбаев қолының «Н» әрпі түріндегі қысқартылған нұсқасы мемлекеттің жоғары лауа­зымды тұлғасының айырым белгісінде – Қазақстан Республикасы Президентінің төсбелгісінде қолданылған. Ол еліміздің Елтаңбасының астында шынжырға бекітілген шұғылалы жұлдыздың орта­сында орналасқан.
Соңғы онжылдықта Н.Назарбаевтың нақыл сөздерінің жарыққа шығуына және қайта басылып жатқанына байланысты солардың ішіндегі ең маңызды цитаталарын Елбасының қолымен әртүрлі орындарда – жоғары оқу орындары мектеп­терде, кітапханалар мен музейлерде, сондай-ақ көше­лердегі панноларда көруге болады.
Осы күндері отандық телеарналардың көрер­мендері Елбасының жұрт алдында сөйлеген сөз­дерінің үзінділері берілген роликтерді көре алады. Мұны, егер солай айтуға болатын болса, Елбасының «дыбысты қолтаңбасының» мысалы деуге болады.
Президенттің қаріптік емес суретті қолтаң­балары туралы көптеген кітапта, мақалалар мен деректі фильмдерде бұрыннан айтылып жүр. Көп жағдайда бұлар – Нұрсұлтан Әбішұлының бір кездері сызған және кейіннен Президенттік мәдени орталық (қазір әскери-тарихи музей), «Бәйтерек» мұнарасы және Астананың басқа да нысандары болып архи­тектуралық келбет алған, қазақстандық­тарға жақсы таныс ғимараттар мен құрылыстардың эскиздері. Осындай шығармашылық шабыт келген сәттерде кейде қолда әдеттегі жазу қағазы болмай қалады, сондай кездері келіп қалған ойды қағаз майлыққа түсіруге де тура келген. «Тұңғыш» атты кітапта осыған ұқсас эпизодты келтірдім. Мысалы, Нұрсұлтан Әбішұлына «Үшқоңыр» әнінің бастапқы нұсқасын композитор Алтынбек Қоразбаевпен музыканттың кәмпит қорабының сыртқы жағына асығыс жаза салған сөздер мен ноталарға қарап талқылауға тура келген.
Дәстүрлі емес жазу материалы ретінде, тіпті металл да қолданылуы мүмкін. Отандық өндіру­шілерді қолдау үшін Нұрсұлтан Әбішұлы тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан бастап олардың өнімдерінің үлгілеріне естелік жазу қалдырып келеді. 2014 жылы Қостанай облысындағы «Сарыарка Автопром» ЖШС-інде SsangYong Nomad және Toyota Fortuner автомобильдерінің шағын желілік жобасымен танысқан Елбасы жаңа машинаның капотына: «Ақ жол! Н.Назарбаев. 03/IX/2014, Қостанай қ.» деп жазды.
Президенттің жеке қолжазбалық емес белгіле­рінің жекелеген түрін осы жағдайда «пластикалық қолтаңба» деп шартты түрде атаймын. 1996 жылы мемлекетіміздің құрылуының 5 жыл­дығы қар­саңында Алматыдағы Республика алаңында «Тәуелсіздік» монументі бой көтеріп, салтанатты жағдайда ашылды. Авторлардың сол уақыт үшін әдеттегіден бөлек әрі батыл ойына сәйкес, негізгі ескерткіштің төменгі бөлігіндегі барельефтер арасында Нұрсұлтан Әбішұлының алақан бедері бар «Аяулы алақан» скульптуралық композициясы орнатылды. Осында келген әркім де Президентпен сәлемдесуге және өз қолын оның алақан ізіне қоюына болады. Бұл жер тез арада-ақ алматылықтар мен қала қонақтарының ең тартымды орнына айналды және көптеген әдемі аңыздар мен наным-сенімдерге арқау болды. Ескерткіш ав­торлары
Ш.Уәлихан және А.Жұмабай 1999 жылы Мемлекет басшысына осы скульптураның тағы бір нұсқасын тарту етіп, оны «Отанымыздың оң қолы» деп атады және Н.Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісіне арнады. Сәл кейінірек, 2000 жылы дәл осындай алақан елордадағы «Бәйтерек» мону­ментінде де пайда болды.
«Жанр классикасына» орала отырып, Президент қолтаңбасының негізгі функциясы оның тікелей мақсаты екенін, яғни, сый, құттықтау және естелік жазба рөлін атқару екенін атап өтемін. Нұрсұлтан Әбішұлы жылына екі рет айрықша әсерлі миссия орындайды: Халықаралық әйелдер күніне және Жаңа жылға орай жеке құттықтау ашықхаттары мен хаттар жолдайды. Президент қолтаңбасын тақырыптық кездесуге қатысушылар да ала алады. Мысалы, 2016 жылы желтоқсанда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай шақырылған Жастар форумының делегаттары Елбасынан сыйлыққа әкелік ізгі тілегі мен жеке қолы қойылған «Ұлы дала ұлғаттары» және «Жылдар мен ойлар» кітаптарын алды. Нұрсұлтан Әбішұлы өз әкімшілігінің ұжымымен кездесіп әңгімелесті және суретке түсті, кейіннен қызмет­керлер Елбасы қол қойған суреттерін алды.
Қателесуім мүмкін, бірақ менің байқауымша, Президенттің ең беделді қолтаңбасының бірі – Мемлекет басшысының жазбаша алғысхаты. Президенттің алғысы заңдық тұрғыдан мем­лекеттік награда емес екеніне қарамастан, кей жағдайда өзінің жарқырата көрсетуге ыңғай­лылығы жағынан, медальдар мен ордендерден ерекшеленеді дер едім. Адам өз медалін айрықша салтанатты жағдайларда ғана тағатын болса, Президенттің алғысын жұмыс кабинетінің қабырғасына немесе үйіне іліп қоюға, ал оған қосымша төсбелгіні пиджактың жағасына үнемі тағып жүруге болады. Бұл ретте, нақты бір тұлға Президенттің жазбаша алғысымен атап өтілетін әрбір факт белгіленген тәртіпте тіркелетінін де айта кеткен жөн.
Президент поштасымен жұмыс істеген жылдары Мемлекет басшысына бір рет болсын хат жазған және оның өзінен немесе өкілінен ізетті жауап алған жекелеген адамдар осы ресми жауап хатты өз кітаптарында, немесе басқа да баспа өнімдерінде жариялайтынын байқадым.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасын «қор­ғаушы грамота» іспетті қолданған оқиғалар да бар. Осыған орай бір оқиға еске түседі. 1996 жылы Мемлекет басшысының дарынды балалармен кездесуі болды. Дендеп тұрған дағдарысқа қарамастан, оларға барлық жағдай жасалды: балалар Медеуге барар жолдағы «Горное солнце» элиталы балалар лагеріне орналастырылып, мәдени-танымдық және экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Достық үйінде балалармен әңгімелесті, ал кездесу соңын­дағы концерттен кейін барлығымен суретке түсті. Сол кездесуде болған бір оралман бала Елбасымен түскен суретін көздің қарашығындай сақтап, әрдайым өзімен бірге алып жүріпті. Бір жолы шекарадан өтерде проблема туын­даған кезде ең соңғы аргумент ретінде шекарашыларға Мемлекет басшысымен түскен суретін көрсетіпті.
Көпшілікті, әсіресе, жастарды қызықтыратын тағы бір мәселені айналып өткім келмейді. «Елбасы қолтаңба сессиясын жасай ма?». Бұл сұрақтың жауабы тіптен оңай. Нұрсұлтан Назарбаев сон­шалық тартымды әрі танымал тұлға болғандықтан, қолтаңба бере бастаса болғаны, ұзын-сонар кезек пайда болады және бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін. Шетелдерге сапар барысында да осындай аяқастынан туындайтын жағдайлар болады, ондай кезде Елбасы барлығына ықыласпен және төзім­ділікпен қолтаңба береді.
Уақыт үнемдеу үшін Президенттің факсимилесі де қолданылады, бұл да бұрыннан бар, кең таралған нормалардың бірі.
Қолтаңба сұраған адам коллекционер болмауы да мүмкін. Бірақ бір нәрсе күмәнсіз анық: барлығы қолтаңба алғысы келетін адам өз саласында даусыз мойындалған беделді тұлға болып саналады.
Император II Николай атындағы қолтаңбалар музейі (Новосибирск, Ресей Федерациясы) 2005 жылы біздің Мемлекет басшысының қолтаңбасын сұ­ратты. Бірнеше күннен кейін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның өз қолымен «Ресей халқына ізгі тілекпен.
Н.Назарбаев. 08.09.2005 жыл, Астана қ.» деп жазған қолтаңбасы бар фотопортреті дипломатиялық арналар арқылы аталған музейге жолданды.
2014 жылы Қытайдың Наньцзинінен Хе Йайд атты баладан жеке өзінің және командасының ре­кордтары туралы әңгімелеген, сондай-ақ қолтаңба қойылған фото мен жауапты жарыс алдындағы батасын беруді сұраған хат келіп түсті. Өтініш орындалды, оған жазылған жауап хатта былай деп жазылған еді:
Саламатсың ба, жасөспірім дос Хе Йайд!
Сенің жазған хатыңнан 6 жасыңда-ақ биік мақсаттар қойып, жарқын жетістіктерге жеткеніңді және өзіңді үлкен әрі пайдалы нәрсеге дайындап жатқаныңды білдім, осының өзі мақтауға тұрарлық.
Өз өтінішің бойынша саған қолтаңбам жазылған фотосуретімді жолдаймын және өзіңе, құрдастарыңа алдағы және болашақтағы барлық жарыста сәттілік жолдас болуын тілеймін.
Жеңіс қымбат және оған әділ бәсекеде қол жетсе ғана нағыз даңққа бөлейді. Нағыз жеңістер тілеймін!
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Назарбаев
2015 жылы шілдеде алматылық мектеп оқушысы Сайхан Бациев Мемлекет басшысына туған күніне орай туған еліне деген махаббат пен құрметке толы өлең жолдарымен өрілген құттықтау жолдады. Автор хат соңында өзіне міндетті түрде жауап беруін өтініп: «…әйтпесе, сізге жазғаныма сенбеуі мүмкін» депті. Оның да бұл өтініші орындалды.

***
Өмір жалғаса береді. Алдымызда бізді Елба­сымыздың өмірбаянымен байланысты тағы да көптеген жарқын беттер мен қызықты жаңалықтар күтіп тұр деп ойлаймын…

Бөлісу:

Пікір жазу


*