БАС ҚАЛА – БАҚОРДА

1830
0
Бөлісу:

Әлемдік тәжірибеде ұлттық мемлекеттердің жаңа даму дәуірін айқындаған астаналарды көшіру мысалы аз емес. Қазақстан – сондай ғаламат жобаны іс жүзіне асырған ел. Мұндай батыл шешімді қабылдап, азғантай уақытта ғажайып қала салуға ТМД мемлекеттерінің ішіндегі ешбір ел тәуекел ете алған жоқ. Ең алғаш Елбасы, ұлт Көшбасшысы еліміздің ордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы бастама көтергенде бұл идеяның жүзеге асатындығына сенім білдіргендер тым аз еді. Мемлекет басшысының осындай тәуекелге қалай барғанына осы күнге дейін таңғаламын. 

Жүректінің – жүректісі, білектінің – білектісі мұндай тарихи шешім қабылдауға тәуекел жасай алмайды. Нұрсұлтан Назарбаев аз уақыттың ішінде әлем картасына Астана деген жаңа тұрпатты, ұлттық сипатты қаланы енгізді. Бұл – бүкіл еліміздің даму әлеуетінің қуаты зор екенін көрсеткен қадам. Бұл – Тәуелсіз Қазақ елінің алғаш рет ойдағыдай жүзеге асырған стратегиялық мақсаты. Астана ел дамуында алғашқы ұзақмерзімге арналған бағдар­ламалардың барлығының мерзімінен бұрын іс жүзіне асырылуында шешуші рөл атқарды. Астана біздің қоғамымыздағы бейбітшіліктің және келісімнің тұрақты тұғырына айналды. Республика азамат­тарын елдік мақсатқа берік топтастырды. Астана – бүкіл қазақстандықтар үшін саламатты өмір салтының және сапаның жоғары көрсеткіші. Біздің Астана – тиімді және кәсіби мемлекеттік басқару жүйесі. Сонымен бірге, Астана ұлттық дамудың қуатты локомотиві ретінде бүгінде халық пен билік бірлігінің айқын нышанына айналды. Астананың аты қазірдің өзінде Еуразия мен Солтүстік Америкадан 56 елдің мемлекет пен үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті өткізілген жер ретінде жаһандық тарихқа енді. Қала VII Азия ойындарын, Бүкіләлемдік туристік ұйымы Бас ассамблеясының XVIII сессиясын, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің XXXVIII сессиясын қабылдады. 2003 жылдан бастап Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының бірнеше съезі, сондай-ақ басқа да көптеген халық­ара­лық форумдар өтті. Қазіргі таңда бүкіл әлем Астана туралы «Болашақтың энергиясы» ұра­нымен өтіп жатқан халықаралық EXPО – 2017 көрмесі арқылы дүниежүзінің назарында тұр.
1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына лайық деп табылса, 2011 жылы «ТМД мен ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» халықаралық бай­қауының жеңімпазы атанды. 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы құрметті миссиясын табысты орындап шықты.
Астана – Азия елдерінің ішіндегі сол­түстікте орналасқан қала. Астана – әлемдегі суық қалалардың қатарында. Оттавадан суық,Ұлан-Батордан жылырақ. Әлемде «Астана» деген мағынасы бар екі-ақ қала бар екен: бірі – Сеул, екіншісі – Астана.
Алмағайып заманда Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдап, еліміздің даму жолын нақтылап тұрып белгілеп берді. Сосын еліміздің ордасын көшірді. Елорданы көшіру еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтты. Қазақстан экономи­ка­сының аса жоғары экономикалық өсу қар­қынына қол жеткізуде Астананың үлесі өлшеусіз. Бас қала шынайы дамудың үлгісін көрсетті. Тек елорда ғана көркейіп қойған жоқ, сонымен бірге, Қазақстанның барлық аймағы гүлденіп сала берді.
Жаңа елорда көптеген инфрақұры­лым­дық жобалардың жолын ашты. Бурабай – Көкше­тау – Петропавлға дейінгі бірінші қазақстандық автобан өз бастауын осы жерден алады. Оңтүстікте бұл автобан Қа­рағанды арқылы Алматыға дейін созылады. Жаңа теміржол тораптары жүйесі арқылы Астана еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерін жалғастыратын алтын көпірге айналды.
«Қазақстан – 2050» стратегиясының өмірге жолдама алған жері де – Астана. Еліміздің дамуы жөніндегі Жаңа саяси бағытты іс жүзіне асыру жөніндегі басқару тетіктері де Астанадан таралады. Ел­ба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» тарихи мәні зор мақаласы да тап осында өмірге келді. Астана Қазақстанның XXI ғасырдағы креатив­ті экономикалық өсімін және әлеуметтік жаң­ғыруын, оның ішінде «жасыл экономиканы» қамтамасыз ететін инновациялық дамудың берік іргетасына айналды. Бұған елорда төсінде өтіп жатқан EXPО – 2017 көрмесі айқын дәлел.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың қазығын өз қолымен қағып, барлық құрылыс нысанын тікелей өзі қадағалады. Ол кісінің былай деп еске алғаны бар: «Шындығында маған жаңа елордамыз үшін жан-жүрегіммен алаңдай отырып, талай мәрте жобалар мен сызбаларды зерделеп, ұйқысыз түндер өткеруге, нақты құрылыс басында кеңес өткізуге тура келді. «Бәйтерек» монументі, «Пирамида», «Отан қорғаушылар» архитектуралық ансамблі, «Хан Шатыр», «Астана Опера», «Мәңгілік ел» кешендері сияқты Астананың бірқатар ғи­марат­тарының үлгісін сызып, кәсіби шебер­лерге олардың бейнесі мен идеясын ұсындым. Бұл қаланы бүкіл жан-жү­ре­гіммен қатты жақ­сы көретінімді жасыра алмаймын. Шетелдерге немесе Қа­зақстанның өңірле­рінде болған алыс сапар­лардан оралып келе жатып, әрқашан туған Астанаммен жүздесуді тағатсыздана кү­темін, иллюминатордан елорданың панора­масын көргенше асығамын. Ақорда резиденциясындағы жұмыс каби­нетім­нен біздің жаңа елордамыздың жүрек толқытар панорамасы көрініс береді. Көп­теген кездесулерден, кеңестерден және құжат­тармен жұмыстан тұратын тығыз жұмыс кестемде бос минут пайда болған сәтте, қайта-қайта терезеге қараймын. Кей кездері мен түнгі Астана көшелерінде көлікпен немесе жаяу жүремін. Әркез менің жүрегімді елорда үшін мақтаныш сезімі кернейді. Өзіме – иә, біз осыны жасадық деймін!». Шын мәнінде, қазақ халқы ХХІ ғасырда өз Астанасын еш­кім­ге жалтақтамай, ешкімге алақан жаймай, өз қолымен тұрғызды. Жаңа тұрпатты қала тұр­ғызу қолымыздан келді. Астананың болашағы – зор, өршіл жас ұрпақпен бірге елордамыз ерекше қарқынмен дамитыны сөзсіз. Зеңгір көкпен таласқан 80 қабатты «Әбу-Даби плаза» құрылысы жүріп жатыр. EXPО ғи­мараттары қандай ғажап! Бас қаламыздың архитек­ту­ра­лық ансамбліне EXPО меймандары тамсана қарайды.
Астананы өмірге әкелген Елбасымыз­дың жүрек жұтқан ерлігі жас ұрпаққа – үлкен өнеге. Біздің бүгінгі тарихымыздың тұтас бір дәуірінің дидары бір өзінде тұрған Астана талай жырға, талай дастанға арқау болар. Біз­дің әрқайсысымыз Мемлекет басшысы айт­қан­дай, «біз мұны жасадық!» деп мақтана аламыз.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор

Бөлісу:

Пікір жазу


*