Телесюжеттен алар тағылым мол

1269
0
Бөлісу:

Президенттің баспасөз қызметі Фейсбуктағы парақшасында World Monitor бағдарламасының сюжетін (авторы Саймон Маркс) жария етті. Бұл бағдарлама 1991 жылдың қыркүйегінде Discovery Chanel телеарнасының эфиріне шыққан екен. Содан бір ай өткенде, сол жылдың 27 қазанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландияның Біріккен Корольдігіне осы ел басшылығының шақыруы бойынша ресми сапарға аттанған болатын.
Сюжетте шетелдік тілші Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметінің әр қырына, оның Қазақстанды егемен ел ретінде өркендету, ұлтымыздың мүдделерін іл­герілету тәсілдеріне үңіледі.
«Нұрсұлтан Назарбаев – бүкіл Орталық Азия көлемінде тікелей дауыс беру арқылы сайланған Тұңғыш Президент, бұрынғы Кеңес Одағындағы жер көлемі бойынша екінші орында тұрған мемлекеттің лидері. Ол КСРО президенті Михайл Горбачевты төңкеріс жолымен орнынан кетіру талаптарын қолдаудан бас тартты. Енді қазір оның болашақ даму жөнінде төл көзқарасы бар. Онымен екі апта бұрын әңгімелескенімізде, саясат дөңгелегі қалай қарай бұрылатындығына қатысты оның еш күмәні жоқтығын жақсы ұғындық. 51 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев орта­лықазия­лық саясаттың ұшар шыңына жаңа энергия құйды» деп сол кездің өзінде жо­ғары баға береді Discovery Chanel арнасы.
Телесюжетте сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті «бұрынғы одақтас рес­публикалар арасындағы еркін экономи­ка­лық байланыстардың белсенді жақтаушысы және сол идеяларын табанды түрде ілгерілетіп жатқаны» ай­ты­лады. Кейін Н.Назарбаевтың бастамасымен поскеңес­тік кеңістікте бірқатар интегра­циялық бірлестіктер құрылғаны мәлім.
«Тәжірибеде еркін нарықтың жұмыс жасауы қазақ астанасы Алматыда бастау алды. Мысалы, мына бейнекөріністе Назарбаевтың жекешелендіру бағдарлама­сы аясында жеке қолға сатылған бірінші дүкенде адамдар бал сатып алу кезегінде тұр» деп хабарлады 1991 жылы шетелдік аудиторияға Discovery Chanel.
Бағдарлама сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаевтың Батыс пен Шығыстың да­мыған мемлекеттерін аралап, жас қазақ еліне инвестиция тартқан ерен еңбегіне де жеке тоқталады.
Мына бір жайдың басы ашық. Бүкіл әлемді өзгерткен Кеңес Одағының күйреуі және Тәуелсіздікпен келген нарық, яғни сол кездегі жаңа өмір шынайылығы қазақты да, оның жан-дүниесін де, өмірінің барлық бағыттарын да күрт өзгертті. Бұл бейнесюжет сол тарихи бетбұрыстардың басталуынан хабар береді. Қазақстан көшбасшысы жаңа ғана басталып келе жатқан сол процестің сырын қапысыз ұғынып, біздің мемлекетті ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікті өзгеріске түскен өмірге бейімдегенін байқаймыз. Егер бұл іспен және үдеріспен жаңа пайда болған егемен елдердің өздері шұғылданбағанда, онымен бөгде держа­валар айналысып, посткеңестік кеңістік жат мүдделердің арпалыс алаңына, тіпті қанды қақтығыс ошағына айналып кетуі мүмкін еді. Елбасы бүкіл посткеңестік кеңістікті осы қауіпті сценарийден құтқарды. Телесюжеттен алар тағылымның бірі – осы.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*