Мемлекет басшысы Астана күнімен құттықтады

1690
0
Бөлісу:

Президент Н.Назарбаев Астана күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты. Салтанатты шараға Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, зиялы қауым, іскер топтар мен мәдениет саласының өкілдері де келді.

Мемлекет басшысы барша жұртты Астана күнімен құттықтап, 19 жыл ішінде еліміздің бас қаласы жоғары қарқынмен дамығанын атап өтті.
– Астана – ғажап қала. Кеше кеш­құрым қаланы аралап шықтым. Кешкі мезгілге қарамастан, көшеде қыдырып жүрген көптеген адамды көрдім. Бұл көп нәрсені аңғартады. Адамдардың көңіл-күйі жақсы, өздерін қауіпсіз сезінеді. Сонау ерте заманнан «Қала қабырғасымен емес, адамдарымен көрікті» деген сөз қалған, – деді Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бү­гінгі даму ырғағы бүкіл еліміздің жаңа­руына серпін беретінін айтты.
– Біз экономикада, саясатта және мәдениетте ауқымды жаңғыруды іске асырып келеміз. Сол жұмыстың нәтижесі елімізді дамытуға арналған. Дамуымыздың басында әрдайым Астана тұрады. Біз мұн­да түрлі мәселені, соның ішінде әлемнің әр түкпірінде бейбітшілік орнату мәсе­лесін де шешіп келеміз. Біздің бейбіт, тату көршілік және инвестиция тарту жө­ніндегі саясатымыз әрбір Қазақстан аза­маты үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деді Елбасы.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті EXPO – 2017 халықаралық көрмесін өткізудің маңыздылығын және оның қаламыз бен елімізді одан әрі дамытудағы рөлін атап өтті.
– Қазір Қазақстан EXPO – 2017 көр­месінің арқасында халықаралық қоғам­дастықтың назарын өзіне аудартып отыр. Қонақтарымыз Астанаға тамсана қарай­ды. Біз – ғасырлар тоғысында жаңа ме­гаполис салған бірден-бір мемлекетпіз. Бүгінде Астана жылына ел бюджетіне триллион теңге құйып келеді. Бұл орайда барлық кірістің 65 пайызы шағын және орта бизнестен түсіп отыр. Бәріміз бас қа­ла­мыздың қалыптасуының куәгері бол­дық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Елбасы барша қазақстандық­тарды елорда күнімен тағы да құттықтап, бақ-береке және жаңа табыстарға жетуге тілектестік білдірді, сондай-ақ Астананы са­луға атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.

Бөлісу:

Пікір жазу


*