Мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі

1992
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуежолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады» деп атап көрсетті.

Елбасы айқындаған «Нұрлы жол» бағ­дарламасы екі бөлімнен тұрады. Оның ин­фрақұрылымды жаңғыртуға негізделген бірінші бөлімі 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. Аталған салалық бағдарлардың әрбіріне жекелей тоқталсақ, бірінші бағыт бойынша, көліктік-логистика инфрақұры­лымын дамытуға Ұлттық қордан 2015 жылы – 178 млрд теңге, 2016 жылы – 123,3 млрд теңге, жалпы құны – 301,3 млрд теңге көле­мінде қаражат бөлу қарастырылды. Одан бөлек, халықаралық қаржы институттарынан тартылатын қарыз есебінен 6,3 млрд АҚШ дол­ларымен қоса, қаржыландыру қамтама­сыз етіледі. Бұл қаржы 2015-2020 жылдар ара­­­лығында «Орталық – Оңтүстік», «Орта­лық – Шығыс», «Орталық – Батыс» ірі авто­жол­ жобаларын жүзеге асырып, республи­ка­лық маңызы бар жолдарды ре­конс­­­трук­­циялауға жұмсалады.
Шын мәнінде, «Нұрлы жол» – мем­ле­кетіміз үшін маңызды бағдарлама болды. Тек қана тасжол емес, оның ішінде теміржол, авиа­­ция салалары қамтылды. Бағдарламаның негізгі үш мақсаты – инфрақұрылым салу, яғ­­ни, ел өңірлерін байланыстыру, екіншісі – тран­зиттік даму, үшінші ең негізгі мақсаты – жаңа жұмыс орындарын құру еді. Осы бағдар­лама шеңберінде жол құрылыстарында бүгінгі күні 75 мың адам жұмыс істейді. Биыл бұл көрсеткіш 100 мыңнан асатын болады. 2,5 жылдың ішінде 1300 шақырым автожол іске қосылды. Соның арқасында 2017 жыл­дың бес айында Қытайдан Орталық Азияға және Ресейге баратын жүк көлемі екі есе арт­ты. 4400 шақырым жолда құрылыс және реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар 2017-2018 жылдары аяқ­тала­ды. 2020 жылға дейін 7 мың шақырым авто­жол құрылыстан және қайта құрудан өтетін болады.

Жалпы, Қытай мен Еуропа аралығында жаңа жүк тасымалы легінің пайда болуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту үшін алғышарттар жасап отыр. Жобаның тех­никалық-экономикалық негіздемесін әзір­леу кезінде Қазақстан бойынша 2020 жылы жүк тасымалы – 2,5 есе, яғни, жылына 13 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін өседі. Жоба Қытай – Қазақстан (25%), Қытай – Орталық Азия (35%) және Қытай – Қазақстан – Ресей – Батыс Еуропа (40%) бағыттары бойынша жүк тасымалын ұйым­дастыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл дәліз арқылы Орталық Азия, Ресей және Еуропа елдері арасындағы жүк тасымалының шамамен 80 пайызы Қа­зақстан арқылы өтеді. Халықаралық са­рапшылардың бағалауынша, бүгінде тран­зиттік жолы бар елдер жылына 1 триллион доллар көлемінде табыс табады екен. Демек, Қазақстанның жүк тасымалындағы үлесі өте қомақты болмақ. Батыс пен Шығысты жал­ғаған сауда магистралі «Ұлы Жібек жолын» бес ғасыр өткен соң қайта жаң­ғыртуды ұсынған Елбасы бастамасы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін әлем сарапшылары «Назарбаев ұсынған ғасыр жобасы» деп атап та үлгерді.
Тұрғын үй инфрақұры­лымын нығайту және халықтың баспанаға қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңберінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылып, 2015-2019 жылдары 1,4 млн шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй құрылысы басталды.
Білім беру саласындағы инфрақұры­лымды дамыту үшін Ұлттық қор қаражаты есебінен 66 млрд теңге бөлінеді. Аталған қаражат мектептерді, балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелерді салуға және жоғары оқу орындарында ғылыми зерт­ханаларды құруға жұмсалмақ.
Демек, «Нұрлы жол» – ел экономика­сының дамуына айрықша серпін берген жоба. Мұны Елбасы атап көрсеткен мем­лекеттің бағдарлы жұмысының айқын көрсеткіші деп бағалауға әбден болады.


Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ.
Біздің ұлы халқымыз бірегей тарихи мүмкіндікті толықтай пайдалана алатынына сенемін.

Нұрсұлтан Назарбаев


Жаһандық қатерге – жарамды жоба
Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын Елбасының осыған дейінгі бастамаларының логикалық жалғасы ретінде бағалауға болады. Әлемдік трендтен қалмай, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылу идеясы бұлардың барлығын бір арнаға тоғыстырып отыр. Осындай дамыған елдердің эконо­микасын түбегейлі өзгерткен бүгінгі трен­д­тердің бірі – цифрлық технологиялар. Бұл үрдісті де Президент назардан тыс қал­дырмай, Жолдаудағы алғашқы басымдықты экономиканың жеделдетілген технология­лық жаңғыртылуына берді. Әлемдік сарапшылар да «Қазақстанда цифрландыру қарқыны артпайынша, экономикалық өсім болмайды» деген пікір айтады. Мысалы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен The Boston Consulting Group «Қа­зақстан­ның макроэкономикалық келе­ше­гі және цифрландырудағы инвестиция­ның жаңа көкжиектері» атты бірлескен зерттеу жұмысында «Қазақстан алға жылжып келеді: цифрлық экономикаға тартылу деңгейі тұрғысынан ол Ресей, БАӘ, Ар­ген­ти­на мен Чили сияқты елдермен қатар дең­гейде және индексі 0,72 (БҰҰ мен BCG-тың 2016 жылғы мәліметі), әлемдік орта көрсет­кіштен (0,49) жоғары тұр» деп көрсетілген.
Интернеттің өріс алуымен қатар ондағы сервистердің де өмірімізге дендеп еніп келе жатқаны белгілі. Сондықтан 3D-принтинг, онлайн-сауда, интернет-банкинг және ден­­саулық сақтау мен білім саласындағы жаңа құралдар Елбасының биылғы Жол­да­уын­да баян етілген. Президент Н.Назарбаев «Үкі­метке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдар­ламасын әзірлеуді және қабылдауды тап­сырамын. Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ-саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауы тиіс. Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты – ин­новацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу» деп атап көрсетті. Қазіргі таңда бұл бағдарлама төрт бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр: «Цифрлық Жібек жолы», «Белсенді мемлекетке өту», «Эко­но­мика саласындағы цифрлық түрлендіру­лер» мен «Креативті қоғам».

«Нұрлы жолдан» – «Нұрлы жерге»…
Елбасы урбанизациялық үдерістің әсе­рінен туындап отырған баспана проблемасын шешуге бағытталған «Нұрлы жер» бағ­дарламасын құруды тапсырды.
Бес бағыт бойынша жүзеге асырылатын бұл бағдарлама биылдан бастап іске қо­сылды.
«Ол аса маңызды міндетті орындауға алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұр­ғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Елбасы жеке тұрғын үй құрылысы мемлекеттің инженерлік инфрақұрылымы тартылған жер телімдерімен қамтамасыз етуіне тікелей байланысты екендігін баса айтты. Сондықтан Үкімет өз үйін салатын азаматтардың қаржысын қайтару тетіктерін де ойластырғаны жөн.
– Біз бұл проблеманы шешудің жаңа жо­лын ұсына аламыз. Осыған орай, Үкіметке тұрғын үй құрылысы бойынша «Нұрлы жер» атты бірыңғай бағдарлама әзірлеуді тап­сырамын. Бұған дейін «Нұрлы жол» болса, енді «Нұрлы жер» болады. Оған қазіргі бағ­дар­ламалардың тетіктерін (ипотека, жалға алу, тұрғын үй жинақтары т.б.) енгізу керек. Жаңа бағдарламада жеке тұрғын-үй салуға басымдық беру керек, – деп атап көрсетті Президент.
Мемлекет басшысы әрбір азаматқа 10 сотық жер тиесілі екенін жеткізді. Алайда ол жерде инженерлік коммуникациялар болуы шарт. Жарық, электр энергиясы мен су құбырлары тартылуы қажет.
– Сондықтан алдымен инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды жасап беру керек. Сол кезде жеке үй салатындардың шығыны азаяды. Демек, біз жеке баспанаға кететін шығындардың 30 пайызын өз мой­ны­мызға алып отырмыз, – деді Президент.
Атап өтер ерекше бір жайт, бағдарлама тұрғын үй нарығын дамытуға айрықша үлес қосады. Мысалы, «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекет есебінен құрылыс салушылар үшін арзандатылған несие бе­ріледі. Тұрғындар да өз кезегінде «Қа­зақстан ипотекалық компаниясы» акционер­лік қоғамы арқылы субсидияланған ипо­текалық несие ала алады. Әкімдіктер «Тұр­­ғын­үй­құрылысжинақбанкі» салым­шылары үшін несиелік тұрғын үй салуын жал­ғастырады.
Расында, бағдарлама әлеуметтік әлсіз топтарды да баспанамен қамти алады. Санамалап айтар болсақ, 2021 жылға дейін тұрғын үй ипотекасын субсидиялауға жыл сайын 10 млрд теңге, «Тұрғынүй­құрылыс­жинақбанкі» арқылы бюджеттік кредит беруге жыл сайын 24 млрд теңге бөлініп отырады. Жалпы алғанда, 2017-2021 жыл­дары бағдарламаның толық жүзеге асырылуы үшін бөлінетін қаражаттың жалпы көлемі 808 млрд теңгеге жуықтайды. Рес­публикалық бюджетпен қоса, оған ква­зимем­лекеттік сектор мен жеке тұлғалар да инвестиция жасайды.
Қазірдің өзінде бағдарламаның алғашқы нәтижелерін көруге болады. Мысалы, 2017 жылдың маусымында «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша құрылыс компания­сына алғашқы субсидия берілді. «Соллерс» ЖШС құрылыс компаниясы «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы бойынша субсидия алды. 14 пайыз­дық жылдық мөлшерлеменің 7 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды.
Бүгінгі таңда бағдарламаға 7 банк қатысатынын растады. Олар «Цеснабанк», «Сбербанк» Еншілес банкі, «Банк Центр­Кредит», «АТФБанк», Bank RBK, Tengri bank пен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі».
Бағдарламаның артықшылығына тоқ­талар болсақ, қарыз алушының ай сайынғы төлемі 30-40 пайызға дейін жеңілдетіледі. Сонымен бірге, кез келген қазақстандық несиені тек теңгемен ала алады. Ең бастысы, ешқандай қосымша комиссияға ақы сұра­майды. Бұл – ұзақ жылдар бойы баспанаға қолдары жетпей жүрген халыққа Елбасы тарапынан берілген үлкен мүмкіндік.

Мәңгілік елдің маңдайалды білім беру ордасы
2008 жылы Елбасының бастамасымен Астанада ашылған білім ордасы бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. Жоғары білікті пе­дагогтар дәріс беретін Назарбаев зияткерлік мектептері заманауи ғылыми-зертханалық және интерактивті мультимедиялық жаб­дықтармен жарақтандырылған. Жаңа заман талабына сай білім ошақтарының қатарын биыл елордада бой көтеретін робототехника, ақпараттық технологияларды тереңдетіп оқытып, белді ұлттық компаниялармен серіктестікте жұмыс істейтін 10 ииновация­лық мектеп толықтырады.
Қазақстандық университеттердің міндеті – үздік оқытушылардың, дарынды студенттердің, озық оқыту бағдарламала­рының шоғырлануын, әлемдік білім кеңіс­тігіне бейімделіп, шетелдің жоғары оқу орындарымен бәсекеге түсуді қамтамасыз ететін білім ошағы және мемлекеттің инновациялық дамуының катализаторы болуы керек десек, осы анықтамаға сай келетін Назарбаев университетінде 4000-ға жуық студент білім алады. Одан бөлек, халық­аралық білім сапасына өз елімізде жүріп қол жеткізуге мүмкіндік беретін оқу орнының жанынан құрылған әлемдік стан­дарттарға сәйкес келетін зертхана үлгісінде жасалатын 24 ғылыми-зерттеу орталығы 10 ЖОО-да жұмыс істейді деп жоспар­ланған.
– Бұл менің тікелей бастамам мен қамқорлығымның нәтижесінде жүзеге асты. Ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі мен тәжірибесінің арқасында мүмкін болды. Жас өрендеріміздің ғылым көкжиегіне деген құштарлығы мен ізденісі арқылы орын алды. Осылай Назарбаев универсиеті толыққанды білім беру орталығына айналды. Назарбаев университеті – Мәңгілік елдің маңдайалды білім беру ошағы, – деп атап өтті Президент.
Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы да жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастарға, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдарға жаңа мүмкіндіктер алаңын құрып, отандық кәсіпорындардағы техни­калық мамандар тапшылығын жояды.

Алтын-валюта қоры тұрақтылықты нығайтады
Алтын-валюта резерві – мемлекеттік актив және Ұлттық банк пен қаржы орган­дарында сақталатын алтын және шетелдік валюта қоры. Оны халықаралық қаржы операциялары мен ұлттық валюта бағамына әсер ету үшін, сонымен бірге, инвестициялар мен қарыздарды өтеуде пайдаланады. Көп уақыт бойы әрбір елдің алтын қоры оның алтын-валюта резерві болып келді. Бірақ АҚШ долларының пайдалану аумағын кеңейте бастағаннан кейін, барлығы жаппай алтын стандартынан бас тартып америкалық валютаны сатып ала бастады. Осылайша, доллар әлемдегі резервтік валютаға айналды.
Қазіргі таңда елдің алтын-валюта қорына алтын және басқа да қымбат металдардардан бөлек, шетелдік валюталар мен шетелдерде сақталатын банк қаражатын жатқызуға болады. Алтын-валюта қорындағы бағалы металдың үлесі артқан сайын ұлттық валюта да нығая түседі. Мысалы, алтын қоры мол алпауыт үштікке АҚШ, Германия және Халықаралық валюта қоры кіреді.
Әлемдегі алтын қоры бар ең ірі 100 мем­лекеттің ішінде Қазақстан – 21-орында. World Gold Council құрастырған бұл рейтинг елі­мізде 267,7 тонна алтын бар екенінен ха­бар береді. Еліміздің алтын-валюта резер­він­дегі алтын қорының үлесі – 35,7 пайызға тең.
Президент халыққа арнаған Жол­дауында «Біз дағдарысқа қарсы екі жос­парды әзірлеп, дәйектілікпен жүзеге асыр­дық. Бұл – біздің экономикалық қиын­­­дық­тарды еңсерудегі зор да табысты тәжіри­беміз. Қазіргі жаһандық дағдарыс біздің басымызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Жаңа толқынның қайт­кенде де келіп соғатынын талай рет айт­қанмын. Бұл жолы Қазақстан дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр» деп атап өткен еді. Осы тұста Елбасы мемлекеттің қаржылай тұрақ­тылығын қамтамасыз ететін алтын қорын да сөз етіп, дағдарысқа қарсы стра­те­гияның бірі ретінде «мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақтағанымызды» айтты.
Жалпы, еліміздің алтын-валюта резерв­тері 1993-2000 жылдар аралығында қалып­тасу үрдісін бастан кешірді. 1993 жылдың аяғындағы алтын-валюта резервтерінің көлемі 712,00 млн АҚШ доллары болса, 2000 жылдың аяғында ол 2,1 млрд АҚШ дол­ларына жетіп, жеті жыл ішінде 1,4 млрд АҚШ долларына өсті.
2016 жылдың маусымында Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 30,5 млрд дол­ларға жетті. Бұл көрсеткіш – соңғы төрт жылдағы ең жоғары нәтиже. Бұдан бөлек, Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық қордың активтері 65,7 млрд долларды құрағанын мәлімдегені белгілі.
Демек, Қазақстан қандай да бір жаһан­дық дағдарысқа қарсы тұра алады. Өйткені Елбасы атап көрсеткендей, біз алтын-валюта қорын жинақтап алдық. Енді тек оны ұқыпты әрі үнемді пайдалануымыз қажет.

 

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ, Динара ТІЛЕУБЕК, Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*