Саяси жаңғыру

2026
0
Бөлісу:

Байырғы замандарда, тарих тұңғиығына кеткен ғасырларда ұлы держава орнында қайтадан мемлекеттілікті құрудың жалпы салты, ортақ үлгісі болған. Мұны ғалымдар көркем оймен түйіп, «уақыттың өзі кескін мен бояуларын өшірген картинаны қалпына келтіру» деп атайды. Алайда адамзат өркениеті күрт өзгергеннен кейінгі кезеңдерде бұл қалып жарамай қалды. Өйткені бұрынғы кескінмен қайта қалпына келтірілген мемлекет жаңа өмір шынайылығына, қазіргі заман талабына жауап бере алмайтын еді. 
ХХ ғасыр аяқталар тұста Қазақстан өз алдына отау құрды. Бұл, әрине, бейнелі ойлау, поэтикалық теңеу тұрғысынан алып қарағанда ғана әсерлі. Прагматикалық қы­рынан, саяси және әлеуметтік-экономика­лық нақты ахуалды дәл бағалау тұрғысынан қарар болсақ, шынында оны отау деу қиын еді. Қазақ елінің еншісіне Алдар көсе шапанындай, жел бір шетінен кіріп, бір жыртығынан шығатын, есік-терезесі аңғал-саңғал үй, тіпті үй емес-ау, үйінді тиді. Жоспарлы жүйеге құрылған экономикасы нарықтың парқын түсінбейтін Кеңес өкіметімен қатар күйреді. Шаруашылық байланыстардың үзілуімен бірге, зауыт-фабрикалары да тоқтап, технологиялары көнерген кәсіпорындарды өрмек жапты. Шетел түгіл, республика өңірлерін бір-бірімен байланыстыратын көлік-қатынас жолдары болмады. Шикізат өндірісіне күні қараған қалаларымыздың күні қараң болып, қалалықтардың өздері көпқабатты үйдегі пәтерінде пеш жағуға мәжбүр болды.
1990 жылдар басындағы Қазақстанның Министрлер кабинетінің отырыстарындағы баяндамалар дәл бір «майдан даласынан» жеткен суыт хабарларды еске салатын: «Ши­кізаттың өткір тапшылығы кесірінен барлық са­лаларда өндірістің апаттық құлдырауы жал­ғасуда, соның салдарынан әлеуметтік-эко­но­микалық ахуал одан әрі ушығуда». Отандық баспасөз беті күнбе-күн осындай мазасыз жаңалықтарға толатын. Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­қа қазақстандық жаңа мемлекет­тілік­ті осындай аса ауыр жағдайда тұрғызуға тура келді.
Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері төрткүл дүниеде отыздан астам ел тәуелсіздік алған екен. Алайда солардың барлығының бірдей тәуелсіздігі қалыптасып кете қойған жоқ. Бірқатары – экономикасы құлдырап, қайыршылықтың ауыр халін кешіп жатса, енді бірнешеуі аумағының тұтастығынан айырылып, жері бүтін болмаған соң, іші түтін жағдайға ұшыраған.
Н.Назарбаевтың көшбасшылығымен Қазақстан халқы тәуелсіздігі қалыптасқан, бар әлеммен одақтасқан, шекарасы шеген­делген, беделі еленген мемлекет құрып, өркениеттің өріне, дамыған елдер төріне ұмтылуда. Қазіргі кезде халықаралық сарап­шылар Қазақстан Көшбасшысының страте­гиялық дана басшылығын сөзсіз мойындап, ел билігіне good governance (сапалы мемлекеттік басқару) деген баға береді.
Тәуелсіздік – тәтті сөз, қасиетті де мәртебелі ұғым. Бұл, әрине, оның бір сипаты ғана. Онымен тек мақтану, масаттану, мәз болу – балалық сезім, сәбилік алақай ғана. Елбасы айтқандай, тәуелсіздікті нығайту – сол тәуелсіздікті алудан да қиын. Бұл – қажырлы еңбекті, талмас талпынысты талап етеді. Сол себепті де, Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын жариялады.
«Тәуелсіздік дегеніміз – жалпыға ортақ еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттердің еңбегі! Еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін барша мамандық иелерінің еңбегі! Әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілік дарытатын қазақстандықтардың еңбегі!» дейді Н.Назарбаев.
Елбасыға тоталитаризм билеп-төстеген ғасырға жуық мерзім ішінде елдің етімен ет болып, бітіп кеткен бағыныштылық бұғауын сыпырып тастау, тәуелсіздік тұғырына шы­ғару үшін көп еңбек қажет болды. Енді ши­рек ғасырлық биіктен шола көз салсақ, ерен міндетті еңсеріп қалға­нымыз бай­қалады.

Қиялмен құшқан, арманмен аялаған нәрсенің бәрін қиындықсыз еншілеген ешкім жоқ. Елбасыға еліміздің заманауи билігінің барлық үш тармағын жаңаша тү­зуге тура келді. Осылайша, Н.Назарбаев – қазақстандық парламен­таризмнің, мем­лекеттік менеджменттің және заманауи әділ сот төрелігінің негізін салушы.
Мемлекетті алып мұхит айдынындағы кемеге теңеп жатады. Демек, жолда кездесер кез келген апаттан лайықты қорғалмаса, төрт құбыласы тең болмаса, ол кеме батып кетері анық. Әлемдік тәжірибеде мынадай тарихи тәмсіл мәлім: Швецияда Густав II Адольф деген Король болған, ол әлемдегі ең үлкен кеме тұрғызуға шешім қабылдайды. Кеме шынымен де сол заманның ең алыбы болуы үшін, патшаның өзі оның көлемін, сондай-ақ онда орнатылар зеңбіректердің биіктігі мен санын да бекітеді. Кейін ұсынылған жобаға да өзгерістер енгізіп, көлемін бір-екі қабатқа көтереді. Оған қарсы сөз айтуға кімнің батылы жетсін, кеме билеуші белгілеген параметрлермен жасалып шығады. Ақыр соңында, мыңнан астам ағаш шығындалған, «Васа» аталған сол алып кеме суға жіберілгеннен кейін небәрі 2000 метрдей жүзіп барып, теңіз тұңғиығына батып кетеді. Себебі, оның «салмақ орталығы» шектен тыс биікке көтерілген екен, содан қапталдан соқ­­­қан желге төтеп бере алмай, «бір жам­бас­тап» құлайды да, зеңбіректерге арналған көз­­­дерден кеме ішіне су тасқындай құйылады.


Қазақстан – жас, көпұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз    
тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев

Демек, мемлекет те ебедейсіз конструк­циядай мұхит түбіне жол тартпауы үшін, сол мемлекеттің негізін қалаушыдан жоғары біліктілік, тиімді жасампаздық, терең ақыл-ой талап етіледі.
Елбасының көшбасшылық қызметінің тағы бір күрделілігі сол, азаттықтың ақ таңы атқан кезде бізде егемен елдің еңсесін тіктеуге қажетті кадрлар тапшы еді. Бұл салаға ұлт тынысын тарылтқан, ұлыс дербестігін қысқан, еркін ойлауға тежеу салған кеңестік дәуірдің кесірі қатты тиді. Тиісінше, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Қазақстанның Тұңғыш Президенті жетекке еруші емес, елді ілгері жетелеуші басқарушылардың жаңа формациясын қалыптастыруға кірісті. Елімізде бұрын-соңды болмаған жинақы, білікті әрі ашық Үкімет, кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды. Бұл істе бәрі бірдей ә дегеннен-ақ сәтімен орайласа қалған жоқ, өкінтер опыныстар да, жабырқатқан жөнсіздіктер де болғаны жа­сырын емес. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен Қазақстан бұл бағытта кемшіліктерден кемел­дікке, тәжірибесі азшылықтан көшбасшылыққа қарай жарқын қадамдар жасай білді.
Мемлекеттіліктің қалыптасуы үшін тың реформалар алға басуы шарт. Заңнамалық қамтамасыз етусіз түбегейлі жаңарулар жүре алмайды. Тәуелсіздік алған тұста кеңестік көне «құндылықтардың» күші семгенімен, олардың, әсіресе, Жоғарғы кеңесте беделі басым, сөзі өтімді еді. Елді игіліктерге бастар соны өзгерістер мен жаңа бастамаларға жедел кірісу орнына мемлекет біраз уақытын осы заң шығарушы органдағы шетсіз-шексіз талас-тартыстарға жоғалтып алды. 2016 жылдың 1 желтоқсанында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен республикалық жастар форумына қатысқан Н. Назарбаевтың өзі бұл жайында жас ұрпаққа әңгімелеп берген еді.
– Сіздер – кеңестік өткенімізді бастан кешпеген, тәуелсіздіктің қандай қиын­дықтармен басталғанына куә болмаған бірінші ұрпақсыздар! – деді тәуелсіздік түлектеріне қайырылған Елбасы. – Бірақ сіздер кез келген халық үшін тәуелсіздікке қол жеткізу мен оны нығайтудың ерлікке барабар ерен еңбекті талап ететінін білуге тиіссіздер. Бұл – бір соқтықпалы, соқпақсыз сала еді. Біздің ұлы «тар жол, тайғақ ке­шуіміз» бәрін сыйдырды: гиперинфляция, жаппай жұмыссыздық, өнеркәсіптік кәсіп­орындардың тоқтауы, жалақы, жәрдемақы және зейнетақының төленбеуі. Сол тұста ескі жүйемен сайланған Парламент жаңа реформаларды жүргізуге қарсыласып бақты. Оларды айыптауға да жөнсіз еді: олар басқа формацияның адамдары болатын. Жеке­шелендіру, нарық, еркін экономика, тәуелсіз саясат сияқты ұғымдар оларға түсініксіз, жат-тын және олар тарапынан қолдау таппады.
Сондықтан Мемлекет басшысы әлемдік тәжірибе бойынша «билік тармақтарының аса қатал текетіресі жағдайында» Парла­ментті таратып, ел үшін барлық жауапкер­шілікті өз мойнына алды. Кейін жеміс пен жеңіс әкелген жаңғыруларға жедел кірісу үшін бес ай ішінде заң күші бар 147 жарлық шығарды. Бұл – Қазақстанға басқа посткеңестік елдерден оқ бойы озып, асқар асуларды алуына, жаңа биіктерге көтерілуіне мүмкіндік берді. Дінімізді ескеретін, мемлекет пен қоғам өмірінің шындығын екшейтін заңнамамыздың іргесі қаланды.
1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, елімізде қос палаталы кәсіби Парламент дүниеге келді. Сол жылдың желтоқсанында Парламент депутаттарының сайлауы өтті. Мәжілістің 67 депутатын округтар бойынша халық төрт жылға сайлады. Қалған 10 депутат партиялық тізім бойынша өтті. Сенаттың 30 депутатын аймақтардағы мәслихат депутаттары бес жылға сайласа, 7 депутатты Президенттің өзі тағайындады. Парламенттің алғашқы сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Қазақстанның шынайы өркениетті парламентаризмнің мөлдір бастауында тұрмыз!» деп мәлімдеді.


Бүгінде Мәжіліс 107 депутаттан құралған. Соның ішінде, 98 депутаты саяси пар­тиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Тағы тоғыз депутатын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды. Қазіргі Сенат 16 өңірден сайланатын және солар атынан өкілдік ететін 32 сенатордан тұрады, бұған қоса бүкіл қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету үшін тағы 15 сенаторды ел Президенті тағайындайды.
Атап өтер жайт, 2017 жылы Елбасының бас­тамасымен жүзеге асырылған конс­титу­циялық реформа нәтижесінде, кәсіби Пар­ламенттің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі және құзыры пәрменді түрде күшейтілді. Сонымен қатар Ата заңға енген өзгеріске сәйкес, енді Парламент – бұрынғыдай заң шығару функцияларын атқарушы орган ғана емес, заң шығарушы билік, ең жоғары өкілді орган.
Конституцияға енгізілген түзетулер бойын­ша Президент Н.Назарбаев өз өкі­леттіктерінің басым бөлігін Үкіметке де бөліп берді.
Сонымен бірге, конституциялық рефор­ма аясында Қазақстанның саяси моделі – президенттік республика сақталды. Себебі, басқарудың президенттік моделі еліміздің табыстылық факторына айналды, соның арқасында еліміз әлемдік қоғам­дастықта та­нымал болды. Халықтың әл-ауқаты артты әрі оны одан да жақсарту бағытында жос­парлы жұ­мыстар жүргізілуде. Күшті президенттік би­лік елімізді ұлтаралық араздықтан, саяси жә­не әлеуметтік дағ­дарыстан аман алып қалды.
Конституциялық реформа биліктің сот тармағын да қамтыды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап, сот реформасы да көштен қалмай, кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Кеңес тұсында «заң ғана басшылыққа алынады» деп қаншама бүр­кемелесе де, шынында сот органы тота­ли­тарлық жүйенің қолшоқпарына айналғаны құпия емес. Тіпті саяси қуғын-сүргін жыл­дарында талайдың түбіне жеткен «үштікті» айтпағанда, кешегі «Желтоқсан оқиғасы» тұсында да қызыл империя сот қолымен от көсеп, жазықсыз жандарды қан қақсатты емес пе?! Осылай, жылдар бойы жұлмаланған сот беделін бүтіндеп, оны бүгінгі заманға лайықтап қайта құру оңай болған жоқ.
Бүгінде Қазақстан кәсіби судьялар корпусы бар заманауи сот төрелігіне ие. Еліміздегі осы саладағы реформалар сот төрелігі жүйесін азаматтар талаптары мен мүдделеріне жақындатты, істерді сотта қараудың сапасын айтарлықтай жақсартты. Қазақстандықтардың соттарға деген сенімі арта түсті. Зерделі жұрт тіршілік түйткілдерін тарқатудың өркениетті әдісі заңға жүгіну, сотқа шағыну екенін біледі.
Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рей­тингісінде Қазақстан «Сот тәуелсіздігі» көрсеткіші бойынша 68-орынға көтерілді. Сөйтіп, соңғы үш жыл ішінде 20 тұғырға, яғни, 88-ден 68-ге дейін жоғарылады. Бұл – кеңес кезіндегі атқарушы билікке бодан сот билігін бостан етуге, сондай-ақ оның беделін және тиімділігін арттыруға бағытталған қажырлы еңбектің, жүйелі жұмыстың нәтижесі болып отыр.
Заңдылық үстемдік құрмаған жерде әділетсіздік пен қиянаттың жаналғыштай жалаңдайтыны анық. Сол себепті, Қазақстан көшбасшысы «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Заңның үстемдігін қамтамасыз етуді басымдық ретінде белгіледі.
«ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвес­тициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес» дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Отандық құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін оның барлық негізгі сала­ларында арттыру – «Қазақстан – 2050» стра­тегиясының басты міндетінің бірі. Бұл ретте, әділ сот төрелігі елдің бірлігін нығайтатынын да ескерген жөн. «Өсер елдің арманы көп, өшер елдің жанжалы көп» дейді халық да­налығы. Егер азаматтар арасында туындаған даулар уақытылы сотта шешімін тауып, бі­тім­ге бастап отырса, татулық пен келісім ны­ғаяды, береке келеді. Қазақ халқының ба­қыты ел бірлігі нығайған кезде басына қо­нып, ыдыраған кезде соры қайнады, тірлігін қырсық шалды. Мұның бәрі тарихтан мәлім.
Жалпы, Ұлт жоспары барша қазақстан­дықтардың қорғалу деңгейін жоғарылатады. Сайып келгенде, бес институционалдық реформаның барлық бес бағыты – «кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «заңның үс­тем­дігі», «индустрияландыру және эконо­микалық өсім», «біртектілік пен бірлік», «есеп беретін мемлекетті қалып­тастыру» – өзге биік мұрат-мақсаттар сыр­тында, халықтың қорғалу деңгейін, бола­шаққа деген сенімін арттыруды көздейді.
Өйткені өткен ХХ ғасырда серпінді өркендеуге қол жеткізген елдерде игілікті өзгерістер – сот жүйесінің тиімділігін айтар­лықтай арттырудан, биліктің барлық тар­мақ­­тарының жауапкершілігін жоғары­лату­дан басталған. Жүйенің дәл осындай эво­л­ю­­­циясы елді ілгері қозғайтыны дәлел­денген.
Кез келген басшысының қай заманда да бағасы мен бәсі, «калибрі» мен «категория­сы», қадірі мен қасиеті халыққа сіңірген еңбегімен өлшенеді. Көптің көзі – көреген. Халық та жағдайын түсінгенге жақ. Жүре­гінің лүпілі мен қан-тамырының бүлкілі «халық» деп соғатын көшбасшыны шексіз қолдауға бар. Оның жетекшілігімен кез келген қиындықты еңсеріп, шыңдарды бағындыруға дайын.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – жеке басының жасампаз толқынын жал­пыха­лықтық телегейге айналдыра алған білікті көшбасшы ғана емес, сондай-ақ көкжиектен әрідегіні көре білетін ойшыл. Осының арқасында Елбасы ел алдына жаңа міндет-межелер белгілеп, мемлекетті әлемдік даму процестерінің соңында емес, алғы шебінде жүруін қам­тамасыз етуде. Алда жүрген ел өзгелерге үлгі-өнегеге, бағдарға айналатыны мәлім.
Бүгінде посткеңестік кеңістіктегі барлық елдердің билігі қазақстандық даму бағ­дарламаларын үлгіге алып, өздерінде ендіріп жатқанын жасырмай айтатын болған. Қазақстан Көшбасшысының әр бастама­сының, әр озық идеясының драйвері – өмір шынайылығы. Сол себепті де, Президент Н.Назарбаевтың стратегиялық бағдарла­малары әрдайым өзекті, сұранысқа ие, замана талаптарына толық жауап береді.
Елбасы Қазақстанда «мүмкіндіктер мемлекетін» (land of opportunity) құруда. Көп­теген бағдарламалар да осыған бағдар­ланған. Мәселен, Кеңес өкіметі республ­и­камызды Одақтың «шикізат қоймасына» айналдырды. Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бір мақала­сында: «Соңғы жиыр­ма жылдың ішінде КСРО ең құрығанда автоқаламның жаңа түрін шығармапты» дегені бар. Мемлекет басшысының индус­трия­лық-инновациялық бағдарламасы аясында Қазақстанда бұрын-соңды болмаған өнім түрлері мен жаңа салалар пайда болды. Халқымыз уақыттың өскелең талаптарына сай 4.0 Индустриясы­ның жаңа технологияла­рын белсенді меңгеруде. Әр қазақстандыққа инновацияға негізделген жарқын болашақ­тан өз орнын табуына жол ашылуда. Сондай-ақ жаңа өнімдер экспорты арқасында жаһан­дық нарықтағы еліміздің орны кеңеюде.
Айтқандай, Елбасы жария еткен «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы да халықаралық сауда жолда­рын және соған қажетті инфрақұры­лымды өркендетуді қарастырады. Осыдан мыңдаған жыл бұрын керуен жолдары бойында орналасқан Қазақстан қазір де «сауда елі» болып қалуда: ЖІӨ-дегі сауда секторының үлесі қомақты. Қазақстан көшбасшысы халқымыздың осынау бәсекелестік артық­шылықтарын дамытып, республикамызды транзиттік елге айналдыруда.
«Нұрлы жол» ел экономикасының Жаһан­дық дағдарыс жағдайында тиімді дамуына да ықпалын тигізуде. Ресми мәлімет бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ла­масының жеті бағытын іске асыруға, сөйтіп, экономиканы қолдауға 2015-2019 жылдары тұтастай, 5 триллион 300 млрд теңге бөлінбек. Қазірдің өзінде 100 мыңнан астам жұмыс орны құрылған екен.
Түйіндей келе, бір жайтқа назар
аудара кеткен лазым. Бүгінде дүниежүзінде бол­жа­м­­сыз әрі өрбу барысы көпнұсқалы дәуір тууда. Қазақстан оған әзір, бағдар­ламалары да сақадай сай. Елбасы дамыған елдер қа­тарына қосылу үшін бар жағдайды жасады, енді бізге тек өрлей беру қалады: жаңаны үйрен, озыққа үйіріл, өзіндік жетілу­мен шұғылдан. Оған құшақ ашық, ықылас ыс­тық. Сонда халық болып жұмыла жүріп, ру­хани, саяси һәм технологиялық жаң­ғыр­ған елге, кемеліне келген қоғамға ай­наламыз.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*