Қару-жарақ көрмесін тамашалады

1612
0
Бөлісу:

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқа­лық­ова expo – 2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесіне орайлас­тырылған «Шығыс пен Батыс: Мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ» атты көрменің салтанатты ашылуына қатысты.

Көрмеге Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Ресейдің еліміздегі елшісі М.Бочарников, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, дип­ломатиялық корпустың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, expo – 2017 көрмесіне келген шетелдік қонақтар, ғылыми зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шараны ашқан Мемлекеттік хатшы қару-жарақ жасау өнерінің Эрмитаж қорынан жинақталған көрмесі expo – 2017 көрмесі аясында ұйымдастырылып отырғанын айтты. Халықаралық мамандандырылған көрме аясында барлығы 6 мыңнан астам іс-шара өтеді. Бүкіл дүниежүзіне әйгілі, әлемде адамдар ең көп баратын
20 музейдің бірі болып саналатын Эрмитаждың келуі – Қазақстан мен Ресей арасындағы шынайы достық қарым-қатынастың айғағы.
Өз сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова сарапшылардың пікіріне сілтеме жасай отырып, адамзаттың бүгінде жаңа соғыс қатері алдында тұрғанын атап өтті. Сондықтан Қазақстан Президенті өзінің «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінде: «Өткен ғасырлардың қасіретті қа­теліктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясат­керлерінің, ғалымдардың, бизнес­мендердің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдардың күш-жігерін жұмылдыру қажет» деген болатын.
Көрме көрермендерге қару-жарақ жасау өнерінің қыр-сырын ұғынып, Шығыс пен Батыстағы өнердің тарихы мен өркендеуі, қарудың алуан түрі, оларды жасаған орталықтар мен әйгілі қару-жарақ шеберлері жөнінде білуге мүмкіндік береді. Жәдігерліктер қоры қару-жарақ жасау өнерінің XV ғасырдан XIX ғасырдың соңына дейінгі елеулі тарихи даму кезеңін қамтиды.
Көрмеге қару-жарақ жасау өнерінің
70 шақты үлгісі қойылған, олардың қа­тарында Германиядан, Түркиядан, Жапониядан, Франциядан, Үндіс­таннан, Италиядан, Испаниядан, Ираннан және әлемнің өзге де елде­рінен келген әскери, аңшылық және салтанатты қару-жарақ түрлері бар.

Бөлісу:

Пікір жазу


*