«Жасыл белдеуді» дамыту жайлы кеңес өтті

1398
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев орман алқабының аумағын тікұшақпен аралап көріп, «Балқарағай» демалыс аймағында орналасқан этноауылда болды. Сондай-ақ «жасыл аймақты» дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен оны одан ары көгалдандыру жоспарлары туралы хабардар болды.

Кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев есеп берді. Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, бүгінде 1997 жылдан бастап отырғызылған орман алқабының көлемі 80 мың гектарға жуық.
Е.Нысанбаев отырғызылған көшет­тердің жағдайына ұдайы мониторинг жасап, республикамыздың кәсіби ұйым­дарының қатысуымен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу Астана қаласы маңында «жасыл желекті» қалыптас­тыруды қамтамасыз ететін негізгі шара болып саналатынын айтты.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Астана қала­сының әкімі Ә.Исекешев, Ақмола облы­сының әкімі М.Мырзалин, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл ­шаруашылығы министрі А.Мырзахметов те қатысты.
Айта кетейік, жасыл аймақты қалып­тастыру туризм мен рекреацияны да­мы­туға септігін тигізеді. Бүгінде 10 орман пай­даланушыға «жасыл аймақ» рес­публикалық мемлекеттік кәсіпорнының мемлекеттік орман қоры аумағынан мәдени-сауықтыру және рекреациялық мақсатпен орманды ұзақ мерзімді пайдалануға учаскелер берілген. Сондай-ақ Астана қаласының шетінде елорда тұрғындары мен қонақтарының демалуы үшін Қосшы мен Ильинка кенттері ара­сында велосипед жолы салынды. Бұл – жаңа технологиялық стандарттарға сай салынған және ұзындығы 23 шақырымды құрайтын әрі орманды жерде орналасқан ел аумағындағы бірден-бір велосипед жолы. Қала әкімшілігі Астана айнала­сындағы велосипед жолы желісін 258 шақырымға дейін ұзартуды жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Пікір жазу


*