Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Еліміздің сыртқы саясаты толық қалыптасты

Ақордада Н.Назарбаев Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің басшыларымен кездесті. Мемлекет басшысы биыл еліміздің сыртқы саясат саласы үшін мерейлі меже болып саналатынын, осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның дипломатиялық қызметін құру туралы Жарлыққа қол қойылғанын атап өтті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің басқа мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі тәжірибеміз де, өзіміздің дипломатиялық қызметіміз де болған жоқ. Дипломатиялық кадрлардың тапшылығы ерекше байқалды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл проблемалар республикадағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдаймен тұспа-тұс келгенін айтты.
– Қысқа уақыт ішінде дипломатиялық корпус құрып, өз елшілерімізді шет елдерге жіберуге мүмкіндік алдық. Міне, ширек ғасырдан кейін еліміздің сыртқы саясаты толық қалыптасты деп айта аламын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті егемендігіміздің алғашқы жылдарында елімізде аумақтық тұтастығымыз бен ұлттық тәуелсіздігімізді сақтап, қауіпсіздігіміздің берік кепілін қалыптастыра алғанымызды атап өтті.
Өз сөзінде Қазақстан көшбасшысы «Астана процесі» аясындағы алдағы кезекті келіссөздердің тиімділік әкелетінінен үміт білдірді.
– Біз ары қарай да Сирия бойынша халықаралық кездесулер өткізу үшін алаң ұсынуға дайынбыз. Астана алаңы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Сирияның ресми үкіметі мен қарулы оппозициясы өз көзқарастары мен ұсыныстарын бір-біріне жеткізе алды. Ең бастысы – келіссөздер жүргізіп, нақты қадамдар бойынша келісу. Соның нәтижесінде алғаш рет әскери ұрыс қимылдары тоқтатылды. Астанада 4-5 шілдеге белгіленген кезекті кездесулер де алдыңғылары секілді тиімді болады деген үміттеміз! – деді Елбасы.
Сонымен бірге, өз сөзінде Қазақстан Президенті 2014 жылдан бері бір-бірімен қырғи-қабақ қатынасқа көшкен Ресей мен Украинаны келіссөздер үстеліне отыруға шақырды.
– Украинаның оңтүстік-шығысындағы оқиғалар әрдайым жақын бауырлас елдер – Ресей мен Украина халықтары арасында күрт егестің тууына және конструктивті емес, әрі жариялы айтыс-тартысқа соқтырды. Бұл жайт осы халықтардың барлық достарында, әсіресе, менде үлкен қынжылыс туғызады. Біз барлық тараптарды туындаған мәселелерді күн тәртібінен түсіру үшін салмақты диалогты бастауға шақырамыз. Кез келген қақтығыстар, тіпті дүниежүзілік соғыстар да келіссөз үстелінде аяқталады. Екі елді де осыған үндеймін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол Қазақстанның осы келіссөз процесіне де барлық күшімен көмектесуге даяр екенін мәлімдеді: «Біз қазірдің өзінде осы процестеміз. Мен G20 кездесуі кезінде АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуіне үлкен сенім артамын. Соның барысында ойлар тоғысатын ортақ тұстар табылып, нығайтылуы керек. Бұл бейбітшілік үшін қажет, ортақ қауіп – терроризммен бірлесе күресуіміз үшін керек» деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев заманауи қазақстандық дипломатия байырғы ата-бабаларымыздың дәстүрлі жолын жалғастырып отырғанын шетелдік елші мырзалар есіне салды. «Ұлы Дала өз мүдделерін қорғау және ілгерілету үшін әрдайым дипломатиялық құралдар мен тәсілдерді пайдаланған. Қазіргі заманғы отандық дипломатия да осы тарихи дәстүрлерді жалғастыруда. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өзінің таяудағы барлық көршілерімен, сондай-ақ біздің елімізбен ынтымақтастыққа мүдделі барлық мемлекеттермен достық және конструктивті қатынастар орнатты» деді Мемлекет басшысы.
Ақордадағы осы кездесуде Өскемендегі ядролық отын банкінің алдағы тамыз айының соңында ресми түрде ашылатыны мәлім болды. 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күнінде Астанада ядролық қарусыздану бойынша ғалымдардың Пагуош қозғалысының 60 жылдығына арналған мерейтойлық сессиясы өтеді деп жоспарлануда. Елбасы сол күні Қазақстан аумағындағы МАГАТЭ-нің тарихтағы тұңғыш «Төменбайытылған уран банкінің» ашылу салтанаты өтетінін хабарлады. 29 тамызда сондай-ақ Қазақстан бекіткен, ядролық қарусыздануға қосқан үлес үшін берілетін тұңғыш сыйлықты тапсырудың да салтанаты өтеді деп күтілуде.
Айхан ШӘРІП