Ұлттық тестілеу аяқталды

1564
0
Бөлісу:

Білім және ғылым министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысын шығарды. Биылғы науқанның басты нәтижесі сол – сынаққа қатысқан талапкерлердің ешқайсысы ең жоғарғы балды жинай алмапты. 

Министрліктің мәлі­ме­тінше, Ұлт­тық бірыңғай тестілеу еліміздің 165 ҰБТ өткізу пункттерінде 20-27 маусым аралығында жаңа форматта өткізілді. Оған 10-11-сынып­тардың 92 827 түлегі өтініш беріпті. Олардың 67 мың 627-сі немесе 76,3% қазақ тілінде және тек 20 мың 968-і немесе 23,6% ғана орыс тілінде тапсыруға өтініш берген. Жер­гілікті ат­қарушы органдар мәлі­метінше, 35 мыңнан астам түлек – ҰБТ өткізу пункттеріне жет­кізіліп, та­мақпен, ал 11 мыңы жатын орындармен қам­тамасыз етіл­ген.
Тағы бір жайт, өтініш берген түлек­тердің бірнеше мыңы түрлі себептермен тестілеуге қатыс­пады. Нәтижесінде, қатысу­шылар саны 88 мың 583-ті немесе өтініш берушілердің 95,4%-ын құрады.
Қазір Қазақ елін тропиктерге тән аптап ыстық қысып тұрғаны мәлім. Сондықтан ҰБТ өткізу пункттеріне ауа баптағыштар қойылып, медициналық-пси­хологиялық көмек пункттері ұйым­дастырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуші қызметшілер кезекшілікте тұрды. Биыл бірінші рет «бұлтты интернет» қызметі іске қосылып, ол бар­лық адамға Қазақстанның кез келген жерінде өтіп жатқан тестілеу барысын қадағалауға мүмкіндік берген. Әрі бұл құ­қық­бұзушылық деңгейін төмен­детуге айтарлықтай септігін тигізген көрінеді.
ҰБТ-ның өткізу ережесі мен тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін тестілеуден 12 адам алыстатылған. Тестілеу барысында 85 мың 446 тыйым салынған зат, соның ішінде 43 мың 394 ұялы смартфон, роутер, модем сияқты электрондық құрылғы, сондай-ақ «шпар­галка», оқулықтар және басқа да 42 мың 52 қағаз-құралдар «тәркіленген».
Республикалық аппеляция­лық комиссияға тест тапсыр­масының мазмұнына қатысты 199 шағым түсіп, оның 103 қанағаттандырылды. 12 тест тапсырмасына техникалық себептерге байланысты келіп түскен өтініштердің жетеуі қанағаттандырылды.
Республика көлемінде ең жоғарғы 140 балдың 50-ін жиып, шектік деңгей­ді ең­сергендер саны осы жылы 74 мың 517 тү­лек, бұл жалпы санның 84,1%. Оның ішінде 5 мың 935-і не­месе 7,9% – 60-65 балға, 52 мың 717-і немесе 70,7% – 66-119 балға, 5 мың 64-і немесе 6,8% – 120-139 балға қол жеткізіпті. Шектік деңгейден өте алмаған­дар саны 14 066 адам (15,8%). Бірақ олардың салы суға кетіп, жігері жаншылуына негіз жоқ. Биыл сынақтан құлағандарға бірнеше рет қайта тапсыру мүмкіндігі ұсынылуда.
Ең жоғары балл жинаған бала анықталды. Атап айтқанда, Қазақстан бойынша Алматы қаласындағы М.Мақатаев атын­дағы №140 гим­назия тү­легі Саят Тасан ғана 139 балл жи­наған. Тағы 7 адам – 138 балды иеленді.
БҒМ 2017 жылы ҰБТ өткізу барысындағы барлық іс-шара штаттық тәртіпте өткенін мә­лім­­деді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*