Қалыптасудың жаңа кезеңі

613
0
Бөлісу:

Confessions of an Economic Hit Man бестселлерінің авторы, атақты публицист әрі жазушы Джон Перкинс жақында Американың The Huffington Post атты беделді басылымына мақаласын жариялады. Мұнда автор Астана экономикалық форумына қатысты  пікірін білдірген. Назарларыңызға сол мақаланың аудармасын ұсынамыз. 

Жақында Қазақстан Респуб­ликасының елордасында өткен Астана экономикалық форумына қатыстым. Мұнда Ресей пре­зиденті Владимир Путин мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутер­риштің қатысуымен өткен Пе­тербург форумы барысында тал­қыланып басталған пікірталасты жалғастыруға мүмкіндік туды. Петербург форумындағы талқыға түскен негізгі тақырып – ескі, әбден пайдаланылған, тұрақсыз жүйеден бас тартып, оны жаңа тұжырымдамаларға алмастыру мәселесі болды.
Астанадағы пікірталаста мені­мен бірге дүниежүзінің көреген әрі саналы, білімді әрі білікті көшбасшылары, түрлі билік пен бизнес өкілдері сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Экономикалық форум аясында өткізілген дөңгелек үстелге Қазақ­стан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев, Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Франция Премьер-министрі Франсуа Фийон (2007-2012), Польша Премьер-министрі Марек Белька (2004-2005), Қырғызстан Премьер-министрі Джоомарт Оторбаев (2014-2015), Нобель сыйлығының лауреаты Святовслав Тимашев пен Рае Квон Чунг, РФ Президентінің экономикалық мәселелер жөнін­дегі кеңесшісі Сергей Глазьев қатысты.
Фейсбуктегі парақшама оқыр­­­­мандардан бұл аталған аза­маттарды не себепті «көреген көшбасшылар» деп атағаным туралы сауалдарға толы хаттар мен пікірлер келіп жатты. Маған осы жетекші тұлғалардың ел аза­маттарының құқығын таптайтын түрлі қиянатты істерге қатысы бар екені туралы да көп жазды. Өзім мекен ететін мемлекеттің Сирия, Ирак, Ауғанстан және Йемен елдеріне қатысты жасап отырған әрекеті адам құқығын бұзудың ең сорақы түрі болса керек. Алайда әлемнің басым бөлігі үшін осы әрекеттер біздің шекарадан тыс жерде жүзеге асырылып отырған­дықтан, бұл соншалықты сорақы жайт ретінде есептелмейді.
АҚШ Қытай мемлекетін қоршаған ортаны ластағаны үшін жиі сынға алатыны белгілі. Осы елден келген баяндама­шылардың бірі мұндай сынға қарамастан, сол лас­тану барысына себепкер болған өндірістің нәтижесіндегі тауар­лардың басым бөлігі Аме­рика Құрама Штаттарына жөнел­­ті­летініне ерекше назар аударды. Ол «Әрине, экологиялық техно­логияларды қолданатын уақыт жетті. Біз де осы техноло­гияларға өтуіміз қажет. Сондық­тан біздің тауарларды сатып алушылардың барлығы белгілі бір жауап­кершілікті сезініп, Қытайдың осы үлкен қадамды жасауына, яғни, экологиялық технологияларға өтуіне өз үлесін қосуға ұмтылуы қажет» деп атап өтті.
АҚШ-тың басым көпшілігі Қытай және бұрынғы КСРО мем­лекеттерінің басшыларын аса жақтыра қоймайтыны бұрыннан белгілі. Дей тұрғанмен, бұл елдер­дің билігі де «Жер» атты нәзік әрі әлсіз ғарыштық кемеміздің беталысы мен бағыт-бағдарына алаңдайтынына көзім жетті. Бұл мемлекеттер сандық технология­лар мен қайта қалпына келетін ресурстар дәуіріне аса жедел түрде қадам жасауда. Олар бірінен соң бірі бүгінгі қолданыстағы жүйе­лер­дің кемшілігін сипаттап, оң­тайлы әрі тиімді өзгерістерге бас­тайтын реформалар қабыл­дауға шақырды. Жиылған қауым­ның басым бөлігі «Жалпы ішкі өнім» (ЖІӨ) бағалау стандартын сынға алып, «Жасыл жалпы ішкі өнім» (ЖЖІӨ) сынды баламалы әдістерін ұсынып жатты. Әртүрлі қабылдаулар мен бейресми пікір­таластарда билік пен бизнесті трансформациялау тәсілдері мен мәселелері туралы ұсыныс-пікірлер көп айтылды.
Бұл сапарым «Біз – барлығы­мыз бір планетада тұратын адам­заттың бір түрі» екенімізді тү­сінудің маңыздылығын, тіпті қа­жеттілігін ерекше дәлелдей түс­кендей болды. «Оларды» – орыс­тар, қытайлықтар, террористер, республикашылдар, демократтар, консерваторлар, либералдар және тағысын тағыларды кінәлауды тоқтататын кез келіп жетті. Біз әлемге адамзатты бөлініске бөле­тін призмадан қарауды доғаруы­мыз қажет.
Мүмкін мұндай әскери және бәсекелес қадамдар өткен дәуірде адамзаттың дамуы мен қалып­тасуына тиісті септігін тигізген болар. Бәлкім, медицина, инже­нерия, компьютерлік технология, коммуникация, көлік жүйесі, шығармашылық пен басқа да салаларда тың жаңалықтар ашуға көп көмектескен де шығар. Әс­кери зерттеулер радио, ұшақ, компьютер және тағысын тағы­ларды жетілдіруде маңызды рөл атқарса керек.
Бірақ енді доғаруымыз қажет! Біз – бүгінгі қоғам Жер ғалам­ша­рына, ғарыш кемемізге, өзімізге және барлық тіршілік иелеріне ешуақытта түзетуге келмейтін қауіп-қатер төндіріп, зиян келтіру үдерісінде екеніміз айдан анық. Дүниежүзі тұрғындары «эконо­микалық өлімнің» қоршаған орта жағдайын ең қорқынышты және қауіпті деңгейге жеткізгенін, әлеуметтік теңсіздік пен саяси тұрақсыздықтың белең алғанын түсіне бастады. Біз – қазіргі адамдар Жер ғаламшарын тіпті динозавр дәуірінен бері бетпе-бет келіп көрмеген құрып кету кезеңіне келе жатырмыз. Өмір сүріп отырған әлемді жойып жі­беру қаупі тек сол дүниеде тір­шілік ететін адамдардан келе­тініне көзіміз жете бастады.
Осы екі форумда саяси, экологиялық, әлеуметтік және экономикалық шындықтың қа­лыптасуын қабылдаудағы ше­шуші рөл атқаратынына таң қалдым. «Дағдарыс жағдайында қалай бестселлер жазуға және жазба өнерінің күшін өзгерістерді жеделдетуге жұмсау мәселесі» атты вебинарым мен «Жаңашыл­дық арқылы гүлдену: саналы бо­лашаққа өту жолдары» тақы­рыбындағы семинарымды қоса алғанда, бүгінде мақалаларым мен баяндамаларымның басым бөлігі осы тақырыпқа арналуда.
Қазіргі уақытта біз, яғни, адамзат – негізгі проблема және кез келген мәселенің шешімі де өзіміз екенін түсінуіміз қажет. Бірігіп іс жасайтын уақыт жетті.
Астанадан кейін Римге жол түсті. Мұнда да маған ірі импе­риялардың күндердің күнінде тіршілік етуін тоқтатқаны туралы ой келді. Бұдан «Бұл үдерістен не түсіндік?» деген маңызды сауал туатыны да заңды. Осы тұста жік-жікке, түрлі империяларға бөлін­бей, бір отауға бірігуді үйрендік деген үміттемін. Біз әртүрлі тілде сөйлеп, әрқандай мәдениетті құрметтеп, түрлі дінді ұстанғаны­мызбен, әрбір азамат алып ғарыш кемесін бейбіт әрі тұрақты бола­шаққа бастауға ниетті.
Бірде кешқұрым уақытта Ва­тиканды суретке түсірдім. Келесі күні сол суретте құлшылық етіп отырған бір адамның мүсінін байқадым. Кенет, бұл суреттің символикалық маңызы бар екенін ұғындым. Қарап отырсақ, Рим папасы жайғасқан Ватиканда күн батқандағы құлшылық жасап отырған жалғыз мүсін барша адам­заттың әлемді жаңа тұрғы­сынан қабылдау мен түрлі өзге­рістерді қалыптастыру үшін дұға қылуына меңзеп тұрғандай.

Бөлісу:

Пікір жазу


*