Жаңа сенаторлармен кездесті

Жоғарғы палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбіде өткен Сенат депутаттары сайлауында сайланған жаңа сенаторлармен кездесті.
Қ.Тоқаев аймақтардағы мәслихат депутаттары мен халықтың оларға көрсеткен сенімнің жоғары деңгейін атап өтіп, Сенаттың жаңа мүшелерін құттықтады. Спикер олардың түрлі салалардағы еңбегі барысында жинақтаған мол тәжірибелері Парламентте табысты қызмет етуінің кепілі боларына сенім білдірді.
– Келесі сессияда алдымызда қауырт жұмыстар күтіп тұр. Ең алдымен, Елбасының саясатын заңнамалық тұрғыдан қолдау және жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан кешенді жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Жалпы, бүгінгі күні Парламент қарауында 30-ға жуық заң жобасы бар, – деді Қ.Тоқаев.
Ол жаңа депутаттарды палата жұмысының ерекшеліктері туралы хабардар етті және келесі сессияда Парламент пен Сенат регламентіне түзетулер енгізу жоспарланып отырғанын еске салды.
Сол күні Қ.Тоқаев өкілеттілік мерзімі аяқталған сенаторлармен де кездесті. Спикер заң шығару қызметіне үлкен үлес қосқаны, ел өміріндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерге белсенді қатысқаны үшін парламентшілерге алғысын білдірді. Кездесу соңында олар Сенат төрағасының Алғысхатымен және Сенаттың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ерік ЕРДЕНОВ