Парламент депутаттары 357 сауал жолдады

1642
0
Бөлісу:

Алтыншы шақырылымдағы ел Парламенті өзінің екінші сессиясын жапты. Сенат пен Мәжілістің кешегі бірлескен отырысының күн тәртібіне «VI сайланған Қазақстан Парламентінің екінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы» жалғыз ғана мәселе шығарылды. Мұны қос палата депутаттары да қолдап, дауыс берді.
Бірлескен отырысқа төра­ғалық еткен Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин өз сөзінде өткен сессияның қорытындысын шығарды.
– Бұл сессия Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белгісімен өтті. Бұл мерейтойлық дата – ұлы мереке ғана емес, сондай-ақ өткенге көз шола қарап, қол жеткен жетістіктеріміз бен жүріп өткен жолымызды бағамдауға, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баға жетпес тарихи рөлін то­лық түйсінуге мүмкіндік беретін тарихи белес, – деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс төрағасы пар­ла­ментшілердің осы сессия тұ­сында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясын қабылдағанын атап көрсетті. Ол құжатта «Ел­ба­сының стратегиялық бағдарына, сондай-ақ Мемлекет басшысы жариялаған бүкіл елді жүйелі жаңғыртудың жаңа бағытына нық берілгендігіміз паш етілген».
– Шын мәнінде, Қазақстан Көшбасшысы қоғам өмірінің басты салаларын – саяси, эко­номикалық және әлеуметтік-мәдени салаларды кең ауқымды Үшінші жаңғыртудың кешенді жоспарын ұсынды. Елді ке­шен­ді жаңғыртудың осы үш ба­ғыты бес институционалдық рефор­маларды жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің біріне айналуы үшін барынша жақсы жағдайларды қамтамасыз етуді көздейді, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Конституциялық реформаға тоқталған Мәжіліс басшысы оның демократияны ары қарай дамытуға, халық билігінің не­гіздерін нығайтуға, күшті прези­денттік билікті сақтай отырып, Парламент пен Үкіметтің жауап­кершілігін арттыруға бағыттал­ғанына назар аудартты.
– Мемлекеттік биліктің тар­мақ­тары арасында өкілеттіктер­ді қайта бөлу сөзсіз, қазіргі за­мандағы жаһандық және өңірлік сын-тегеуріндерге тиімді жауап болып отыр, – деді палата спикері.
Ол екінші сессия кезінде депутаттық корпус Қазақстан Пре­зиденті белгілеген страте­гиялық міндеттерді іске асыруға бағдарланған заңнамалық ше­шімдерді түзу және қабыл­дау бойынша жұмысты жалғас­тыр­ғанын мәлім етті. Бұл рет­те осы жұмысқа бірінші ке­зек­те, «Қазақстан – 2050» страте­гиясының, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, сондай-ақ Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының ба­сымдықтары негіз болған.
Сессия қорытындысын шы­ғара отырып, Мәжіліс төрағасы оның барысында қаралған бір­қатар маңызды заң жобаларына тоқталды. Спикердің бай­ла­мын­ша, депутаттардың экс­тремизм мен терроризмге қар­сы іс-қимыл, контрбарлау қыз­меті, дак­тилос­копиялық және геном­дық тіркеу, пробация мәселелері бойынша заңдарды қабылдауы ел қауіпсіздігінің заңнамалық негіздерін нығайтуға септесті.
Ол халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған заңдар қатарында электр энергетикасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзету­лерді атады.
– Әлеуметтік саясат саласы – Пар­­ламент палаталарының заң­­­намалық қызметінің басты на­зарында. Атап айтқанда, екінші сессияда міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтан­ды­ру туралы заңнаманы жетіл­діруді қарастыратын заң қабыл­данды. Депутаттар сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру мәсе­лелері бойынша кейбір заң­намалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Нәти­жесінде, 2017 жылдың 1 шіл­де­сінен бастап, зейнетақы, сон­дай-ақ бала тууға байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мөл­шерлері 2016 жылмен са­лыс­тырғанда 20 пайызға көтері­леді. 2017-2018 жылдары рес­пуб­ликалық бюджеттен төле­нетін зейнетақы мөлшері ке­зең-кезеңмен арттырылады. Бұл өсу барлық зейнеткерлерді немесе қазақстандықтардың 2 мил­лионнан астамын қамтиды, – деді Н.Нығматулин.
Ел Парламенті осы сессияда климат жөніндегі Париж ке­лісімін, Қазақстан мен Атом энер­гиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Өскеменде Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді, Ислам кон­ференциясы ұйымына мү­ше елдер арасындағы Эко­но­микалық, техникалық және сау­да ынтымақтастығы туралы бас келісімді және басқа да халықаралық келісімдер мен хаттамаларды ратификациялады.
– Сессия үдерінде қабыл­данған барлық заңдар – Мә­жіліс пен Сенаттың заңнамалық процестегі табысты және конс­труктивті өзара іс-қимылының нәтижесі болып саналатынын айрықша атап өткім келеді. Қос палата да қабылданған заң­дар сапасын арттыруға және заң­намалық жұмысты жетілдіруге өлшеусіз үлес қосты, – деді Нұрлан Нығматулин.
Оның айтуынша, депутаттар өздеріне Ата заңмен берілген заңнамалық бастама құқығын белсенді пайдаланған. Қалау­лылар жазған жобалар жайлау, дипломатиялық қызмет, мәдениет, көлік, экология, жол жүрісі және бас­қа да салалар мәселелерін қам­тиды. Жалпы алғанда, олар 15 заң жобасына бастамашы бол­ған, оның оны ендігі қабылданды, тағы бесеуі қарауда жатыр.
– Парламент депутаттары Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытына заңнамалық қолдау көрсету бойынша жоспарлы және мұқият жұмыс жүргізуде, – деп түйді Мәжіліс спикері Н.Нығматулин.
Сонымен, ІІ сессия ба­ры­сында депутаттар қос пала­таның 6 бірлескен отырысын өткізген. Мұның сыртында, өз беттерінше Мәжіліс 38 жалпы отырыс өткізіп, 226 мәселені қараған, сенаторлар 25 рет жалпы отырысқа жиналып, 137 мәселені қараған. Сессия бас­талғанда екі палатаның қа­рауында 111 заң жобасы жатқан, жұмыс барысында оның 84-і қабылданған. Бұ­лардың ішінде қазіргі кезде 66 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды және олар заң күшіне енді.
Сенат пен Мәжіліс де­пу­тат­тары 357 депутаттық сауал жол­дап­ты. Парламентшілерге ха­лық­тан 9 мыңнан астам хат түс­кен. Ауыл-аймаққа сапарлар бары­сында депутаттар 700-ден астам елді­мекенге барған және ол жерлерде 2 мыңнан астам кездесу өткізіп, 300 мыңдай адаммен кездескен. Ка­никулға кеткен Пар­ла­менттің қор­жынында
27 заң жобасы қал­ды. Депутаттар бүгіннен, яғни 1 шіл­деден бастап тағы да сай­лау­шы­лар­мен кездесу үшін өңір­лерге аттанады.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*