Мәжіліс еркін пікір орталығына айналды

1281
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің осы сессиядағы соңғы жалпы отырысы өтті. Қалаулылардың жұмысын қорытындылаған палата спикері алтыншы шақырылымның екінші сессиясын «саяси жаңғыру сессиясы» деп бағалады. Оның айтуынша, бұл кезеңде Парламент «тарихи» деп атауға болатын мәселелермен ай­налысты.

Өз сөзінде Н.Нығматулин Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына және Елбасы бастамасымен жүргізілген конституциялық реформаға баса көңіл бөлді. Сондай-ақ Президенттің Жол­дауында, «100 нақты қадам» Ұлт жос­парында, «Қазақстан – 2050» страте­гиясында айтылған басым бағыттарды да заңнамалық қамтамасыз ету жолында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Біз Сенаттағы әріптестерімізбен бірге Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы Декларациясын қабылдадық. Бұл құжатта тәуелсіз Қазақстанды қалып­тастыру мен дамытудағы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша рөлі көрсетілген және Елба­сының стратегиялық бағытына нық берілгендігіміз көрініс тапқан, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Мәжіліс төрағасы дәл осы кезеңде Қазақстан көшбасшысы конституциялық реформа арқылы саяси жаңғыру процесіне бастамашы болғанын атап өтті.
– Осылайша, біздің екінші сессия – саяси жаңғыру сессиясына айналды. Сессия барысында көптеген маңызды заңдарды қабылдадық, олар Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын жү­зеге асыру үшін қажетті, – деді спикер.
Оның мәліметінше, 2016 жылғы қыркүйек пен биылғы маусым айлары ара­лығында Мәжілістің 38 жалпы отырысы өтіп, оларда 226 мәселе қаралған. Палата 84 заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Сондай-ақ 16 «үкіметтік са­ғаттар», 2 парламенттік тыңдау, 25 «дөң­гелек үстелдер», 17 көшпелі отырыстар мен 4 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылған.
Мәжіліс басшысы «Палата де­пу­таттарының заңнамаға бастамашы болуы бойынша конституциялық құқығын белсенді пайдаланғандарын» айтты: нәтижесінде, қалаулылар 15 заң жобасын жазып, Мәжіліс қарауына енгізген. Оның оны қабылданған, тағы бесеуі бойынша талқылау жалғасуда.
Н.Нығматулин тағы бір үлкен өзгеріс­ке – Мәжіліс жұмысының жаңа фор­матына да назар аудартты. Қазіргі кезде қараудағы барлық заң жобалары, сондай-ақ де­путаттық сауалдар мен оларға ме­млекеттік ор­гандардың жауабы палатаның ресми сайтында орналастырылады.
– Сессия ашылған күннен бастап, жалпы отырыстар және «үкімет са­ғаттары» онлайн режимде бүкіл респуб­ликаға таратылады. Бұл Мәжіліс жұ­мысының бұрынғыдан да ашық және сапалы болуына зор ықпал етті. Сонымен қатар бізде өткен шараларға қоғамдық ұйымдардың, Мәжіліске кірмеген партиялардың өкілдері қатысады, сөйтіп, біздің Мәжіліс шын мәнінде еркін пікір орталығына айналды. Осының барлығы біздің жұдырықтай жұмылып, бірлесе жасаған жұмыстарымыздың нәтижесі, – деген Нұрлан Нығматулин сөз соңында әріптестеріне бірлескен жұмыс үшін алғысын айтты.
Осы сессияжабар жиынында Мәжіліс депутаттары ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімді рати­фикациялауға қатысты заң жобасын мақұлдады. Сондай-ақ қалаулылар жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасы бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келісім комиссиясының ұсыныстарын құптады. Олар кейбір заңнамалық актілерге оларды Конс­титуция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері арқылы түзетулерге қатысты заң жобасы бойынша да Сенат енгізген өзгерістерге келісім білдірді. Жалпы отырыста М.Пшембаев, А.Жамалов, Б.Тілеухан, Ж.Ахметбеков депутаттық сауалдарын жария етті.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*