Сақтық шараларын журналистер де білуі керек

829
0
Бөлісу:

Астанада Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұйымдастыруымен масс-медиа қызметкерлеріне арналған тренинг өтті. «Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған оқыту тренинг» деп аталатын шара ең алдымен, наным-сенімге қатысты ақпараттарды жариялаудың әдебі мен заңдылықтарын насихаттауға арналды. Шараға қатысқан Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын дін атын жамылған түрлі идеологиялардың жан-жақтан ағылып келіп жатқан тұсында БАҚ өкілдерінің осы мәселеге қатысты сауаттылығын арттыру өзекті екендігін атап өтті.

Тренингте дін, діни экстремизм, терроризмге қатысты ақпараттардың берілу формалары, діни экстремизмнің қаупі сөз болды. Журналистерге діни экстремизмнің түрлі қырлары жайлы айтып берген «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің өкілі Рүстем Сыздықов мемлекет пен масс-медианың үйлесімді жұмыс істеуі қажет екендігін айтты. Өкінішке қарай, біздің қоғамда дін мәселесіне қатысты мемлекеттік саясатты түсінбейтіндер, тіпті түсінгісі келмейтіндер аз болмай тұр. Мәселен, өткен жылдың маусым айында Ақтөбе қаласында бір топ қарулы адамның әскери бөлімге шабуыл жасауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев терроризм ретінде бағалап, экстремизмнің қайнар көзі сәлафизм идеологиясы екенін ашық айтса да, Президенттің сөзін өзінше түсіндірген журналистер мен ақпарат құралдары кездескен. Олар сәлафизмді ақтап алуға тырысқан. Сонымен бірге, бірқатар қоғам қайраткерлері де аталған оқиға кезінде сәлафизм идеологиясын мемлекеттік ұстанымнан бөлек формада түсіндірмек болды. Демек, мемлекеттің дінге қатысты саясаты мен масс-медиа қызметі арасындағы қайшылықтар осындай дүниелерден туындаса керек. Сондай-ақ журналистердің діни білімінің төмен болуы да кейде ақпаратты Қазақстан қоғамына тиімсіз формада таратуға апарып соғатын жайлардың бірі. «Мысал ретінде алар болсақ «жиһад» сөзін бірден соғысқа шақыру деп бағалайтын мемлекеттік қызметкерлер де, журналистер де аз емес» деді Рүстем Сыздықов. Оның айтуынша, дін тақырыбына байланысты мақала жазып, сюжет, репортаж жасаған кезде журналистердің дін мамандарымен кеңесіп алғаны дұрыс. Олай болмаған жағдайда жаңсақ ақпараттар тарай береді. Бұл өз кезегінде қоғамның тұтастығына сына қағатын жайттардың қатарын толық­тырмақ.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Дін істері комитеті Мә­дениеттер мен діндердің халықаралық орталығының маманы Диана Есенованың сөзіне қарағанда, радикалды идеология­лардың таралып кетуінде масс-медиадан бөлек, интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалы мол болып тұр. БАҚ ақпараттары қандай да бір оқиға төңірегінде болса, әлеуметтік желілерде әдейі үгіт-насихат таратылады. Әсіресе, 14-15 жастағы жас­өспірімдер үшін әлеуметтік желілер арқылы таратылатын ақпараттар тым қауіпті. Өйткені адам санасын баурап алу тех­нологиясын жетік меңгерген экстремистер жасөспірімді өз тобына қосу үшін 5-6 минуттық бейнеролик жасайды. Мұндай бейнероликтер алғашқы минутта адамды «мұсылмансың ба?» деп екінші минутында «қазақсың ба?» деп үшінші минутта «шейіт болудың артықшылығы қандай?» деп сөзге тартады да, кейін жасөспірімді радикалды бағытқа бұрып жібереді. Соның салдарынан осындай бейнероликтер көріп, уағыздар тыңдап жүрген бозбала мен бойжеткендер 10 күн ішінде оған дағдыланып үлгереді. Сөйтіп, радикалды бағытқа түсіп кетуі оп-оңай болмақ. Демек, сақтанудың тәсілдерін қоғам да, қоғамға қажет ақпарат ұсынушы журналистер де жетік меңгеруі тиіс.
Бірақ қазақстандық қоғам өзіне жат идеологияларға қарсы тұру функциясын бүгінгі таңда тек мемлекет пен ҚМДБ-ға ғана артып қойған жайы бар. Саясаттанушы Айдос Сарым осындай пікір айтты. Экстремистік идеологиямен күрес мәселесінде қоғамдық белсенділік төмен болып тұр. Ата-ана жауапкершілігі төмендеп, немқұрайлылық басым болып кеткен. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, бүгінгінің ата-анасы баласымен күніне 40-50 минут қана сөйлесетін көрінеді. Жаһандық орташа көрсеткіш дегенімізбен, бұл жағдай қазақстандықтарға да тән еке­нін айтты саясаттанушы. Рас, әлеумет­тану­­­лық зерттеулер жасалмаған. Дегенмен қазір бала-шағасына еміреніп, олармен әңгіме-дүкен құратын, жан дүниесіне үңілетіндер азайып кеткені байқалып-ақ тұр. Соның кесірінен, радикалды идеоло­гияның жастар мен жасөспірімдер арасында тарауына толық тосқауыл қойылмай отыр. Мұның зияны да аз болмайтыны содан. Сондықтан мемлекет және дін, қоғам және дін, азамат және дін деген бағыттарда жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс екендігін алға тартты Айдос Сарым.
Тағы бір атап өтер жайт, экстремистік идеологияға ілесіп кетушілердің әлеуметтік портретіне қатысты болып тұр. Әдетте, радикалды топтарға қосылатындарды білімі төмен, әлеуметтік жағдайы нашар азаматтар ретінде сипаттау басым келеді. Алайда сарапшылар радикалды идеоло­гияларды қабылдап, экстремистер қатарын толықтыратын азаматтардың барлығы бірдей әлеуметтік әлсіз топтардың өкілдері емес екендігін айтты. Сирияға жиһад жасауға кеткендердің арасында бақуатты азаматтар, кәсіпкерлер де болған. Демек, масс-медиа өкілдері бұл тақырыпқа қатысты ақпарат таратқанда тек біржақты тұрғыда қарастырмауы тиіс. Мәселенің көпвекторлы екендігі назардан тыс қалмауы қажет. Одан соң масс-медианың мем­лекеттің дінге қатысты саясатын бұқараға дұрыс түсіндіруі үшін түрлі семинар-тренингтердің мол болмағы да керек. Тренингте осы мәселе де айтылды, ма­ман­дар мен журналистер өзара пікір алмасып, екі жақ бір-біріне ұсыныс-тілектерін жеткізді.

А.ІЗГІЛІК

Бөлісу:

Пікір жазу


*